Сурет: tochka.by
Скринингтік тексеру аурулардың алдын алу үшін белгілі бір жаста жүргізіледі. Сондықтан мұндай тексеруден міндеттелген тұрғындардың барлығы өткен жөн.
Тұрғындар скринингтік тексеруден тұрғылықты жердегі емханадан өте алады. Алдын ала тексеру барлық науқасқа тегін жүргізіледі. Дегенмен белгілі бір ауру түріне байланысты толық тексерістен өту, маманнан кеңес алу (эндокринолог, кардиолог, офтальмолог) рентгенге түсу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асады. Яғни мұндай жағдайда науқас сақтандырылған болуы шарт.
Дәрігерлер көпшіліктің скринингтік тексеруден өздігінен өтпейтінін, тіпті арнайы шақыртқанның өзінде келмейтінін айтады. Ал бұл тексеріс көптеген қатерлі аурудың алдын алуға, ерте кезден анықтауға, емдеуге үлкен көмек береді.
Мұндай тексерістен мінез-құлықтың қауіпті факторларын ерте анықтау мақсатында 30-39 жас аралығындағы әйелдер;
артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін 40-тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер;
жатыр мойны обырын ерте анықтауға 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер;
сүт безі обырын ерте анықтауға, екі проекцияда маммографияға тексеруден 40 – тан 70 жасқа дейінгі әйелдер;
колоректалдық обырды ерте анықтау мақсатында 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тесттің көмегімен тексеруден өтеді.
Скринингтік тексеруден өткендерге қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика жасалады.
Сондықтан дәрігерлер көңіл-күйіңізге, денсаулығыңызға ешқандай шағым болмаса да, скринингтен міндетті түрде өту қажеттігін ескертеді. Алдын алу шарасы – сіздің денсаулығыңызды қорғаудың маңызды әдісінің бірі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!