Жыл сайын 1-7 тамыз аралығында Дүниежүзілік ана сүтімен емізу апталығы аталып өтеді. Осының аясында аймағымызда кешенді шаралар ұйымдастырылды. Апталықтың негізгі мақсаты – ана сүтінің маңыздылығын кеңінен насихаттау.
Апталық аясында «Отбасы» орталығында «Жас отбасына предгравидарлық дайындық пен ана сүтінің маңыздылығы» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Аталған іс-шараны сахналық көрініс арқылы өткізіп, қатысушыларға ақпаратты жеңіл әрі есте қаларлық форматта жеткізу мақсат етілген.
Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала бөлімінің басшысы Айгүл Төлегенова қатысты.
– Бүгін біз жас отбасылар үшін өмірлік маңызы бар екі маңызды тақырыпты – предгравидарлы дайындық пен ана сүтінің маңыздылығын талқылаймыз. Жас отбасының дені сау ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі ерекше. Ал бұл жол – болашақ ата-ана болуға дайындықтан басталады. Предгравидарлы дайындық – жүктілікті жоспарлап, әйел мен ер азаматтың денсаулығын алдын ала тексеру, зиянды әдеттерден арылу, дұрыс тамақтану мен өмір салтын қалыптастыру арқылы бала үшін қолайлы орта жасау деген сөз. Бұл – ұлт саулығына қосылған үлкен үлес. Сондай-ақ ана сүтінің теңдессіз пайдасы туралы білу маңызды. Ана сүті – бұл тек қорек емес, ол – баланың алғашқы иммунитеті, денсаулығы мен болашақтағы даму кепілі. Алғашқы алтын сағатта емізудің маңыздылығы, тек ана сүтімен 6 айға дейін қоректендірудің пайдасы туралы дұрыс ақпарат әр ана мен әке үшін қажет. Мұндай шараларды ұйымдастырудың негізгі мақсаты тек ақпарат беру емес, сонымен қатар болашақ ата-аналарға сенімді жол сілтеу, дені сау бала тәрбиелеуге қолдау көрсету, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала бөлімінің басшысы Айгүл Төлегенова.
Бүгінде жас аналар бала емізуді машақат көріп, жасанды сүт беруге әуестеніп алғанын көзіміз көріп жүр. Ал, ғылыми зерттеу бойынша сәбидің дені сау болып өсуі үшін оларды екі жыл толық емізу керектігі дәлелденіп отыр.
– Предгравидарлық дайындық – болашақ ананың денсаулығын жақсартып, жүктілікті қауіпсіз өткеруге және дені сау ұрпақ дүниеге келуіне мүмкіндік береді. Ал ана сүтімен емізу – тиімді, қауіпсіз әрі табиғи тамақтандыру тәсілі. Ол баланың иммунитетін күшейтіп, инфекциялық аурулардың алдын алады, баланың ақыл-ой және дене дамуына оң әсер етеді. Ең бастысы – ана сүті артық қаржылық шығынды қажет етпейді, әр анаға табиғат берген ең құнды ресурс. Зерттеулерге сәйкес, аналар ана сүтінің маңыздылығы туралы ақпараттандырылған жағдайда, балаларын 2 жасқа дейін емізуге бейім болады. Осындай ақпараттық іс-шаралар жас отбасылардың саналы шешім қабылдауына, баланың жарқын болашағына жол ашатынына сенеміз, – дейді «Ана сүтімен емізуді қолдау, қорғау және насихаттау» бағдарламасының өңірлік үйлестірушісі Нүргүл Скакова.
Иә, ана сүтінің рөлі өте зор. Сол арқылы әйелдер ұрпағының ширақ, денсаулығы мықты болуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты да осы.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!