Сейсенбі, 17 ақпан, 19:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№13 (2225)
17.02.2026
PDF мұрағаты

Ерте диагностика өмірді сақтайды: қатерлі ісік туралы онкологпен әңгіме

17.02.2026

58 0

2026 жылдан бастап Қазақстанда онкологиялық скринингтер барлық азаматтарға, МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қолжетімді болды. Бұл – онкологиялық аурулармен күрестегі маңызды қадам.

Сұхбат барысында Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасының онколог-дәрігері Сәуле Жансарина ерте диагностиканың мүмкіндіктері, қатерлі ісік даму қаупін арттыратын себептері және өзін-өзі емдеудің қауіптілігі туралы айтып берді.

Қатерлі ісік аурулардың пайда болу себептері қандай?

– Қатерлі ісік – ағзадағы мутацияға ұшыраған жасушалардан дамитын ауру. Бүгінгі күні оның пайда болуының бір ғана нақты себебі анықталған жоқ. Алайда негізгі қауіп факторларына дұрыс тамақтанбау, темекі шегу, иммунитеттің әлсіреуі, созылмалы қабыну аурулары, радиация мен ультракүлгін сәулелердің әсері жатады.

Мысалы, қорғанышсыз ұзақ уақыт күн сәулесінің астында болу тері қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ Helicobacter pylori микроағза созылмалы гастрит пен асқазан жарасын тудыратыны белгілі. Егер ол уақытында емделмесе, асқазан қатерлі ісігінің дамуына ықпал етуі мүмкін.

Дені сау ағзада қатерлі ісіктер дамымайды. Түрлі созылмалы аурулар мен уақытында емделмеген жаралар қатерлі ісіктің дамуына негіз болуы мүмкін.

Соңғы жылдары онкологиялық аурулардың «жасаруы» байқалуда. Қатерлі ісік жас адамдарда да жиі анықталуда. Сондықтан әрбір адамға медициналық тексеруден жүйелі түрде өту өте маңызды.

– Шиелі ауданында онкологиялық аурулармен есепте тұрған науқастар саны қанша?

– 2025 жылы ауданның шамамен 700 тұрғыны диспансерлік есепте тұрса, оның 156-сы алғаш рет анықталған науқастар. Жыл сайын 100–150 жаңа жағдай тіркеледі. Бірқатар пациенттердің бес жылдық өмір сүру шегінен асып кеткені қуантады. Алайда, өкінішке орай, аурудың кеш сатысында, ағзада қайтымсыз өзгерістер басталған кезде жүгінетіндер де бар. Біздің дәрігерлер әр пациенттің өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салуда. Ауданда онкологиялық аурулардың басым бөлігі – өкпе обыры. Одан кейін сүт безі және асқазан-ішек жолдарының ісіктері жиі кездеседі.

Бұрын өңеш қатерлі ісігімен ауыратындар көп болатын. Ол кезде тұрғындар самаурыннан шай ішетін. Айта кету керек, өте ыстық сусындарды ішуге болмайды. Өңешті күнделікті күйдіру ауыр ауруларға әкелуі мүмкін.

Тағы бір мәселе – фастфуд пен майлы тағамдар. Бізде бір жағдай болды. Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінің 1 курс студентіне асқазанның қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Ол тез дайындалатын кеспелерді жиі тамақтанатынын айтты. Өкінішке қарай, диагноз қойылғаннан кейін үш айдан соң ол қайтыс болды.

Сонымен қатар алкоголь, вейп, кальян және темекі шегу онкологиялық аурулардың дамуына әсер етеді.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап онкологиялық скрининг барлық азаматтарға қолжетімді болды. Кімге және қандай скринингтік тексеруден өту қажет?

2026 жылдан бастап онкологиялық скрининг МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан Қазақстан азаматтарының барлығына тегін жүргізіледі.

40 – 70 жас аралығындағы әйелдер әр екі жыл сайын сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған скринингтен өтеді.

30 – 70 жас аралығындағы әйелдер әр төрт жыл сайын жатыр мойны обырына скринингтен өтеді.

50 – 70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер әр екі жыл сайын колоректальды қатерлі ісікке скринингтен өтеді.

Тоқ ішек қатерлі ісігін анықтау үшін гемокульт-тест жүргізіледі. Бұл нәжістегі жасырын қанды анықтайтын экспресс-талдау. Ол белгілер болмаған кезде қан кету көзін анықтауға мүмкіндік береді. Жасырын қан ісік қалыптасудан бірнеше жыл бұрын пайда болуы мүмкін. Нәтиже оң болған жағдайда пациентке колоноскопия жасалады.

– Онкологиялық ауруларды анықтау және емдеу үшін қандай заманауи медициналық құрал-жабдықтар бар?

– Бүгінде Қызылорда облысы кажетті заманауи диагностикалық жабдықтармен жақсы қамтамасыз етілген. Шиелі ауданында компьютерлік томограф жұмыс істейді. Эндоскопиялық зерттеулер, биопсия материалдарының цитологиялық және гистологиялық талдаулары қолжетімді.

Қатерлі ісікті емдеудің үш негізгі әдісі бар: химиялық препараттармен, хирургиялық әдіспен және сәулелік терапия. Қазіргі ғылым тұрғысынан ісікті оның түбірімен бірге хирургиялық жолмен алып тастау ең жақсы нәтиже береді.

– 2026 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік маңызы бар ауруларды,оның ішінде қатерлі ісіктерді диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қол жетімді. Яғни, егер науқаста қатерлі ісікке күдік болса, ол барлық медициналық қызметтерді тегін ала ма?

– Иә, МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, онкологиялық ауруы бар пациенттерге барлық диагностикалық және емдік шаралар тегін тағайындалады. Айта кету керек, Қазақстан – онкологиялық ауруларды емдеу тегін жүргізілетін бірегей ел. Басқа мемлекеттерде бұл қызметтер ақылы және «медициналық туризм» ретінде көрсетіледі.

Оңтүстік Корея, Израиль және Германияда медициналық туризм кеңінен дамыған.

Егер 10 жыл бұрын Қазақстанда қатерлі ісіктің I–II сатылары 45–46% жағдайда анықталса, бүгінде бұл көрсеткіш 60%-дан асты. Бұл дәрігерлердің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Шетелде бұл көрсеткіш шамамен 70%-ды құрайды. 

Неліктен өзін-өзі емдеуге болмайды?

– Кейбір тұрғындар дәрі-дәрмектерді қолдану немесе халық емшілеріне жүгінуді оңайырлақ деп санайды. Алайда өзін-өзі емдеу қымбат уақытты жоғалтуға әкеледі.

Қатерлі ісік ерте сатысында анықталса, сәтті емделеді және асқынулардың алдын алуға болады. Сондықтан дәрігерге уақытылы жүгініп, профилактикалық тексерулерден өту өте маңызды.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айгүл Аханова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: