Топ-баннер2

Сәрсенбі, 11 наурыз, 13:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№18 (2230)
07.03.2026
PDF мұрағаты

Есту қабілетін қалай қорғауға болады? Дәрігер кеңесі

11.03.2026

44 0

Фото: МӘМС

Цифрлық ғасырда құлаққаптар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Жолда музыка, серуен кезінде подкасттар тыңдау, онлайн-жиналыстар немесе телефон қоңыраулары болсын гарнитуралар бізбен тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл ыңғайлы әрі айналадағы адамдарға кедергі келтірмейді. Бірақ құлаққапты үнемі пайдалану есту қабілетіне қалай әсер етеді? Қандай белгілер алаңдатуы тиіс? Пациенттерге қандай тексерулер қолжетімді? Осы және өзге де сұрақтарға көп бейінді облыстық аурухананың оториноларинголог дәрігері Елжас Өтеген жауап берді.

– Облыс тұрғындары арасында есту қабілетінің бұзылуы қаншалықты жиі кездеседі?

– Әлемдік статистика бойынша, әрбір он адамның үшеуі белгілі бір деңгейде есту қабілетінің бұзылуына тап болады. Қазақстанда есту мүшелерінің аурулары шамамен халықтың 5-7%-ында кездеседі.

Көп жағдайда бұл орта және егде жастағы адамдар – жастың ұлғаюына байланысты есту қабілетінің табиғи төмендеуі әсер етеді. Алайда науқастардың едәуір бөлігі созылмалы қабыну процестерінің, әсіресе созылмалы отиттің асқынуынан зардап шегеді.

Өкінішке орай, кейбір науқастар дәрігерге қаралмай, халықтық ем-дом тәсілдерімен өз бетінше емделуге тырысады. Соның салдарынан жедел қабыну созылмалы түрге ауысып, дабыл жарғағында перфорация (тесік) пайда болады. Бұл біртіндеп есту қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан маманға уақытылы жүгіну мұндай асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

<strong>Есту қабілетін қалай қорғауға болады? Дәрігер кеңесі</strong>

-Қандай алғашқы белгілер адамды алаңдатуы тиіс?

-Құлақтағы қабыну ауруларының ең жиі кездесетін белгілері – құлақтың ауыруы, бітеліп тұрғандай сезім, естудің төмендеуі немесе күрт нашарлауы. Сондай-ақ құлақтағы шуыл немесе шыңылдау, бір жақ құлақпен нашар есту де алаңдатуы тиіс.

Айта кету керек, отит тұқым қуалайтын ауру емес. Ол, мысалы, суық тиюден кейін пайда болуы мүмкін: адам басы дымқыл күйде сыртқа шықса, жел өтінде отырса немесе көлікте терезе ашық күйде ұзақ жүрсе.

Көбіне бізге пациенттер отиттің созылмалы түрімен немесе холестеатомамен келеді. Холестеатома – ортаңғы құлақтағы қатерсіз, бірақ қауіпті болуы мүмкін ісік тәрізді түзіліс. Жақында біз ортаңғы құлақтағы полипке байланысты науқасқа ота жасадық. Бұл шырышты қабықтың грануляциялық тінінің қатерсіз өсіндісі. Пациентке полипотомия жасалды.

Ең бастысы — құлақта қандай да бір жайсыздық пайда болса, өздігінен емделмей, дәрігерге қаралу қажет.

-МӘМС жүйесінде қандай тексерулер мен емдеу түрлері қолжетімді?

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында пациенттерге медициналық қызметтердің кең спектрі ұсынылады.

Алғашқы қабылдауды жергілікті дәрігер жүргізеді, қажет болған жағдайда оториноларингологқа жолдайды. Мамандар отоскопия жүргізеді,  яғни құлақты тексеріп, сонымен қатар мұрын мен тамақты қарайды.

Диагностикалық әдістерге жатады: аудиометрия (есту қабілетін бағалау), тимпанометрия, компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ).

Аудиометрия қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген бірқатар емханаларда жүргізіледі. Дәрігер жолдамасы бойынша пациенттер КТ мен МРТ тексерулерінен тегін өте алады.

Бұл қызметтерді алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет. Ал балалар, қарттар, мүгедектігі бар адамдар және басқа да әлеуметтік осал топтар мемлекет тарапынан сақтандырылған.

<strong>Есту қабілетін қалай қорғауға болады? Дәрігер кеңесі</strong>

-Есту мүшелеріне жасалатын хирургиялық оталар МӘМС аясында жүргізіле ме?

Иә, МӘМС аясында жоспарлы оталар жасалады. Тимпанопластика – дабыл жарғағының және қажет болған жағдайда ортаңғы құлақтағы есту сүйекшелерінің тұтастығын хирургиялық жолмен қалпына келтіру. Ота дабыл жарғағындағы тесікті жабуға, қабынған ошақты тазартуға және есту қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл кезде науқастың өз тіндері немесе арнайы импланттар қолданылады.

2025 жылы тимпанопластика өңірде алғаш рет облыстық балалар ауруханасында жасалды. Қазіргі уақытта ересек пациенттер қажет болған жағдайда квота арқылы еліміздің жетекші медициналық орталықтарына жіберіледі. Болашақта бұл тәжірибені өңірде кеңейту жоспарланып отыр.

Стапедопластика – отосклероз кезінде жасалатын жоғары тиімді микрохирургиялық ота. Бұл кезде қозғалмай қалған есту сүйекшесі (үзеңгі) протезбен алмастырылады. Ота көбіне жергілікті анестезиямен, микроскоп арқылы есту жолы арқылы жасалады. 80-90% жағдайда естуді айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кохлеарлық имплантация – ауыр есту қабілетінің төмендеуінде қолданылатын естуді қалпына келтіру әдісі. Алайда стапедопластика мен кохлеарлық имплантация әзірге өңірде жүргізілмейді, пациенттер квота арқылы еліміздің басқа медициналық орталықтарына жіберіледі.

Өңірде мастоидит кезінде шұғыл оталар жасалады. Бұл самай сүйегінің емізікше өсіндісінің бактериялық қабынуы. Ол ортаңғы отиттің ауыр асқынуы болып табылады және құлақтың артындағы қатты ауырсынумен, ісінумен, қызарумен, дене қызуының көтерілуімен және естудің төмендеуімен көрінеді. Ауру қауіпті болғандықтан, шұғыл хирургиялық емді қажет етеді. Мұндай оталар тегін жасалады.

Сондай-ақ Емдеуге жатқызу бюросы арқылы полиптер, холестеатома және басқа да қатерсіз түзілістер кезінде оталар жүргізіледі.

-Құлаққапты ұзақ жылдар пайдалану қандай салдарға әкелуі мүмкін? Есту қабілеті бұзылған адамдар саны арта ма?

Құлаққапты пайдалану мәселесі қоғамда жиі талқыланады, әсіресе оларды шектеу туралы сөз қозғалғанда. Бірақ құлаққаптың өзі қауіпті емес. Негізгі қауіп – дыбыс деңгейінің тым жоғары болуы және ұзақ уақыт тыңдау.

Музыканы орташа дыбыс деңгейінде тыңдап, әрбір бір сағаттан кейін үзіліс жасау қауіпсіз болып саналады. Егер адам бірнеше жыл бойы күн сайын музыканы өте қатты дыбыспен тыңдаса, бұл ішкі құлақтағы сезімтал жасушалар мен есту жүйкесінің біртіндеп зақымдануына әкеледі.

Бұл әсер бірден байқалмайды, уақыт өте келе жиналады. Мұны тамшы судың тасты біртіндеп тесетінімен салыстыруға болады. Алғашқы белгі көбіне құлақтағы шуыл немесе шыңылдау (тиннитус) болады. Уақыт өте келе тұрақты есту қабілетінің төмендеуі дамуы мүмкін.

Қазіргі кезде есту қабілеті бұзылған адамдардың «жасарып» келе жатқанын байқап отырмыз. Бұрын құлақтағы шуыл мен естудің төмендеуіне көбіне 60 жастан асқан кісілер шағымданатын болса, қазір 25-30 жастағы пациенттер де жиі келеді. Оның бірнеше себебі бар, бірақ құлаққапты ұзақ уақыт бойы жоғары дыбыспен пайдалану – қауіп факторларының бірі.

Ерте кезеңде біз есту функциясын сақтауға бағытталған қолдаушы ем тағайындаймыз. Бірақ ішкі құлақтың зақымданған жасушалары қалпына келмейтінін түсіну маңызды. Сондықтан алдын алу – дыбыс деңгейін бақылау және құлаққапты дұрыс пайдалану аса маңызды.

Пациенттерге берер кеңесіңіз

Ең бастысы – дәрігерге баруды кейінге қалдырмау. Шағым болмаса да, есту қабілетін жылына кемінде бір рет тексеріп тұрған жөн.

Егер қандай да бір күмәнді белгілер пайда болса, өздігінен емделмей, маманға жүгіну қажет. Қазіргі медицинада тиімді диагностика мен емдеу әдістері жеткілікті – ең бастысы, оларды уақытында пайдалану.

Сұхбат үшін рақмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: