Жексенбі, 15 маусым, 03:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№43 – 2156
14.06.2025
PDF мұрағаты

МӘМС мәселесі: Не өзгереді?

14.06.2025

105 0

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асқалы бері жүйеге қатысты дау-дамай басылған емес. Қарапайым халық мұны мақұлдамаса да, мамандар сол арқылы сапалы медициналық қызмет көрсетіледі деп сендіріп келеді.

Медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына биыл 5 жыл толды. Осы аралықта салада біршама өзгеріс жасалды. Жұртшылық бұл жүйеге үйренісе бастағандай. Алайда кең ауқымда медициналық қызмет алуға тек сақтандырылған азаматтардың мүмкіндігі бар. Көпшілікті қынжылтатыны да осы.

Жүйедегі осы және өзге де кемшіліктер Парламент мәжілісінде кеңінен талқыланып жүр. Мәселен, халық қалаулылары МӘМС-тегі 2 триллион теңгенің бақылаусыз жұмсалып жатқанын, емдеу мекемелерінің жалған есеп бергендерін ашық айтып келеді. Депуттардың жүйедегі қателіктер мен сала мамандарының өрескел іс-әрекеттерін қатаң сынауының нәтижесінде аудиторлар арнайы тексеру жүргізіп, біршама былықтың бетін ашқан. Ал биылдан бастап МӘМС жүйесіне қатысты заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізілмек. Заң жобасымен жұмыс барысында арнайы құрылған жұмыс тобымен 19 отырыс өткізіліп 200-ге жуық түзетулер қаралған. Өткен айда «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мәжілісте мақұлданды. Бұл өз кезегінде МӘМС жүйесін жетілдіруге бағытталмақ.

МӘМС мәселелері бойынша өзгеріс ен­ген заң жобасында мына жайттарға басым­дық берілген: базалық мемлекеттік медицина­лық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру, жергілікті бюджет қаражаты есебінен тір­келген жұмыссыздардың және дағдарыс жағдайындағы адамдардың медицина­лық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне мемлекет жарналарының мөлшер­лемесін кезең-кезеңімен өзгерту жоспар­ланған. Бұған депутаттар да бірқатар өзге­рістерді ұсынған.

Нақты айтқанда, халық қалаулылары тегін медициналық көмекті қамтамасыз етуде алғашқы медициналық-санитарлық көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеуді, сақтандыру мәртебесіне қарамастан жеке скринингтік тексеруді енгізуді, міндетті медициналық сақтандыруға жарналарды есептеудің шекті мөлшерін қызметкерлер үшін ең төменгі жалақының 50 еседен 20 есесіне және жұмыс берушілер үшін 40 есеге дейін төмендетуді, 5 жыл қатарынан жарналарды төлеген тұлғалар үшін жарналарды төлеу тоқтатылғаннан кейін 6 айға дейін сақтандыру мәртебесін сақтауды, әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізімін қамтамасыз етуді ұсынды.

МӘМС қоры мен денсаулық сақтау нысандарының қаржылық қызметінің ашықтығын арттыру заңда көзделмек. Атап айтқанда, енді МӘМС қоры мен денсаулық сақтау мекемелері бөлінген қаржының жұмсалуы туралы ақпаратты жариялауға міндеттелмек. Ал бұл шартты орындамаған жағдайда қаражатты қайтаруы тиіс. Сондай-ақ тиісті органның нұсқауы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Тіпті мұндай тексеру жұмысы БАҚ-тағы жарияланымдар негізінде де жүзеге асырылады.

Заң жобасына енгізілген өзгерістер ішінде көпшіліктің көкейіне қонғаны МӘМС жүйесіне жарналарды тұрақты төлеген азаматтарға жарна төлеу тоқтатылған күннен бастап алты ай бойы медициналық көмек көрсету. Яғни 5 жыл бойы медициналық сақтандыру төлемі тұрақты төленген азаматтарға аяқасты төлем тоқтаған жағдайда алты ай бойы тегін медициналық қызмет көрсетіле береді. Мұны Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов былай деп  түсіндірді:

– Бұрын екі-үш ай жарна төлемей қалсаң, жүйеден шығарып жіберетін. Жарна төленбесе, медициналық көмек ала алмайтын. Тіпті бес жыл бойы жарна төлеп келген мұғалімдерге жазда еңбек демалысына байланысты жарна түспей қалса, жүйеден шығып кететін. Енді ондай болмайды. Егер адам бірнеше жыл бойы үзіліссіз жарна төлесе, оған алты ай емделу мүмкіндігі беріледі, – деді ол.

Жұмыссыз қалып, жарна төленбегеннің салдарынан тиісті медициналық қызметті ала алмаған азаматтың бірі – Гүлназ есімді қала  тұрғыны.

– Жергілікті емханаға барып медициналық тексеруден өтпек болған едім. Сақтандыру жарнасы төленбегендіктен тиісті қызметті ала алмадым. Жұмыста жүрсең дәрігерге көрінуге уақыт тап­пайсың. Ал уақытым болғанда бұл қызметті ала алмайды екен­мін. Жұмыссыз қалған адамның ақылы медициналық қызмет алуға мүм­кіндігі бар ма? МӘМС-тің осындай тұсы қынжылтады, – дейді ол.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тағы бір кемшін тұсы – тіс дәрігерінің қызметінің тек белгілі санаттағы азаматтарға ғана тегін көрсетілуі. Қазіргі уақытта тіс емдеу мәселесі халықтың жанды жеріне айналған. Бұл салада көрсетілетін қымбат қызметке бәрінің бірдей шамасы жетпейді. МӘМС жүйесі жүзеге асқан алғашқы жылы бұл мәселе жұртшылықтың наразылығын тудырған. Десе де оған мән берген ешкім болған жоқ. Ал алдағы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын әр тұрғынға жеке жинақтау шоты ашылуы мүмкін. Бұл да депуттардың ұсынысы. Олар азаматтардың МӘМС-ке аударған қаражатының 15 пайызын арнайы қорға жіберіп, сол арқылы қорға жиналған ақшамен стомотологиялық  немесе сақтандыру жүйесіне кірмейтін медициналық қызмет түрін алса деген ұсыныс білдірген еді. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Үкімет тарапынан тиісті қорытынды беріліп отыр. Негізі концептуалды түрде норманы қолдаймыз. Қажет норма. Себебі бұл азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін одан әрі арттырады деп сенеміз» – деген болатын. Алайда арнайы шотқа жалпы аударылған жарнаның аз ғана бөлігі түспек.

Медициналық сақтандырудың мәселесі депуттар назарынан тыс қалмайды. Мәжілістегілер мақұлдаған заң жобасы Сенат палатасының қарауында. Ал өз кезегінде олардың қандай ұсыныс енгізетіні, жобаны мақұлдап, мақұлдамауы уақыт еншісінде болмақ.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: