Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалына сұрақтар түсуде. Бірқатар өзекті мәселелерге ӘМСҚ облыстық филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов жауап берді.
Жұмыс істеймін, бірақ ресми жұмыс орналасқан сәттен бері 8 ай ғана өткендіктен, сақтандырылған мәртебем жоқ. Маған қазір бейінді дәрігердің консультациясы әрі ем алуым қажет. Не істеу керек?
Сақтандырылған мәртебесі өткен 12 немесе алдағы 12 ай үшін ай сайынғы төлемдер болған кезде беріледі. Демек, бұл жағдайда сақтандырылған мәртебесін екі жағдайда ала аласыз:
1) өткен 12 айдың ішінде жетіспейтін 4 ай үшін (әрқайсысы үшін 4250 теңгеден) дербес төлеуші ретінде жарналар төлеу қажет;
2) жұмыс берушіден жарналар мен аударымдар түсуін, оның қорытындысы бойынша қатарынан 12 төлем алу үшін 4 айдың өтуін күтіңіз.
Қызметкер қазір медициналық көмекке мұқтаж болғандықтан, мәртебе алу үшін бірінші нұсқаны таңдағаны жөн.
Бала 18 жасқа толғаннан кейін сақтандырылған мәртебесін жоғалта ма?
18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жүйесінде мемлекет есебінен сақтандырылған. Сондықтан ата-аналарда бала кәмелет жасына толғаннан кейін оның сақтандыру мәртебесі сақтала ма деген сұрақ жиі туындайды.
Сақтандырылған мәртебесі келесі жағдайларда сақталады:
1. Егер бала 18 жасқа толса, бірақ оқуын күндізгі бөлімде (мектеп, колледж, жоғары оқу орны) жалғастырса, ол жеңілдік санатына жатады және мемлекет жарна төлеуді жалғастырады.
2. Егер мүгедектігі болса, жасына қарамастан, мемлекет жарналарды төлейді, себебі мүгедектігі бар адамдар жеңілдік санатына кіреді.
3. Егер 18 жастан кейін адам оқымаса және жұмыс істемесе, ол ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Бұл жағдайда жарналарды жергілікті атқарушы орган төлейді.
Егер кәмелетке толған азамат ресми түрде жұмысқа орналасса немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, ол жұмыс беруші есебінен немесе өз жарналары есебінен сақтандырылады.
Басқа жағдайларда сақтандырылған мәртебесін сақтау және МӘМС аясында медициналық көмек алу құқығына ие болу үшін, 18-ге толған азамат дербес төлеуші ретінде жарналарды өзі төлеуі қажет (2026 жылы – айына 4 250 теңге).
Жеке кәсіпкер декретке шыққаннан кейін МӘМС үшін жарна төлей ме?
«МӘМС туралы» Заңның 26-бабында мемлекет жарна төлейтін 15 санат айқындалған. Олардың қатарында үш жасқа дейінгі баланы/балаларды тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі) бар. Аталған бапта жұмыс істемейтіндер ретінде кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын және табысы жоқ адамдар белгіленген.
Соған сәйкес қызметі ресми түрде тоқтатылмаған және жұмыс істеп тұрған ЖК бар декреттегі әйел жеңілдікті санатқа енбейді. Сондықтан МӘМС-ке жарна төлеуі тиіс.
Ол сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті ресми түрде жабуына немесе тоқтата тұруына болады. Бұл оған жеңілдік санатына енуге мүмкіндік береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
