2024 жылдың 9 ай қорытындысымен паразитологиялық аурулардың 802 дерегі тіркелді,оның ішінде 18% гельминтоздар, 73,8% жұқпалы тері инфекциялар, 8,2% ішек протозойлық инвазиялар құрайды.
Паразитарлық аурулардың кейбір жекелей түрлері бойынша төмендеу тенденциялары байқалады. Атап айтқанда, эхинококкоз 1,7 есеге, аскаридоз 3 жағдайға, энтеробиоз ауруы 13,3%-ке, ішек протизойлық инвазиялар 13,3% азайған.
Жыл сайын паразиттік ауруға шалдыққандардың басым көпшілігін 14 жасқа дейінгі ұйымдасқан ұжымдардағы балалар құрайды.
Эхинококкоз ауруы бойынша эпидахуалға тоқталатын болсақ, облыс бойынша 16 жағдайы анықталды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге төмен. Жалпы тіркелген 16 науқастың арасында 11-і ауыл тұрғындары болса, қалған 5жағдай қала тұрғындарының үлесінде. Эхинококкоз ауруы ошағында ветеринария мамандарымен бірігіп эпизоотологиялық-эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп, қарым-қатынастағылар анықталып, ошақта індетке қарсы алдын алу жұмыстары жүргізілді. Есепті мерзімде тіркелген эхинококкоз ауруының басым көпшілігі үй жануарларымен байланысты.
Паразиттік аурудың тағы бір түрі – дерматомикоз ауруының 466 жағдайы тіркелді. Облыстық көрсеткіштен жоғары Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында орын алған. Дерматомикоз ошақтарында қорытынды дезинфекциялау толық жүргізілді.
Қышыма ауруының 126 жағдайы тіркелді. Облыстық көрсеткіштен жоғары көрсеткіш Жаңақорған, Қазалы аудандары мен Қызылорда қаласында тіркелген.Жалағаш ауданданында қышымамен сырқаттанушылық мүлдем тіркелмеген, Қармақшы ауданында сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуі байқалады.
Сондай-ақ, паразитарлық аурулар қатарына жататын аскаридоздың 2 дерегі, лямблиоздың 65 дерегі есепке алынды.
Паразиттік аурулардың алдын алу үшін Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті келесідей сақтық шараларын орындау қажеттігін еске салады:
*жеке гигиена ережелерін ұстану;
*қоғамдық тамақтандыру орындарында, асүйде санитариялық ережелерді орындау, өнімдердің пісіру технологиясы мен сақталу мерзімінің бұзылмауына назар аудару;
*азық-түлікті тек арнайы рұқсат құжаттары бар белгіленген сауда орындардан сатып алу;
*қайнатылған және құтыдағы суды пайдалану;
*барлық мал шаруашылығы азық-түліктерін, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында мұқият тазалап, термиялық өңдеуден өткізу;
*жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, үй-жайларды жиі ылғалды жинау;
*балалардың үй жануарларымен жақын қарым-қатынасын шектеу, жануарлармен жанасқаннан кейін қолды сабындап жуу;
*үй жануарларын уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізу;
*төрт түлікті төлдету, қырқу, сою кезінде арнайы киім киіп, қолғаппен жұмыс жасау.
Аталған сақтық шаралары паразиттік және инфекциялық ауруларды жұқтырып алу қаупін төмендетеді. Кез келген аурудан сақтанудың негізгі жолы олардың алдын алу шараларына салғырт қарамаудың маңызды екендігін ұмытпаңыз.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшысының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!