Онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың ең дәл әдістерінің бірі – ПЭТ/КТ зерттеуі енді Қызылорда тұрғындарына да қолжетімді. Тексеру Orhun Medical компаниясының жаңа медициналық орталығында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында жүргізіледі.
Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлсім Жанпейісова тексеруден тұрғылықты жері бойынша өту мүмкіндігі үшін және онкологиялық ауруы бар науқастарға көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін алғысын білдірді.
– Жеті жылдан бері онкологиялық ауру бойынша диспансерлік есепте тұрмын. Бұрын тексеруден өту үшін Алматы мен Астанаға баруға тура келетін. Бұл жол шығындарын көбейтеді әрі науқас адам үшін ұзақ сапар өте қиын. Енді қымбат тұратын тексеруден өз қаламда тегін өте аламын. Ауруым анықталғаннан бері емді уақытылы алып келемін, – деді пациент.
Позитронды-эмиссиялық томография компьютерлік томографиямен бірге жүргізілгенде жасушалық деңгейде патологиялық өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әдіс қатерлі ісік ісіктері мен метастаздарды клиникалық белгілер пайда болмай тұрып анықтауға көмектеседі.
– Биыл біз онкологиялық ауруы бар шамамен екі мың пациентті тексеруден өткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған аппараттың артықшылығы – метастаздарды және қатерлі ісіктің әртүрлі сатыларындағы ісіктерді анықтауға мүмкіндік беруі. ТМККК аясында тегін тексеруден өту үшін пациент онкологиялық диспансерлік есепте тұруы және емхананың аймақтық дәрігерінің жолдамасы болуы қажет, – деді сәулелік диагностика дәрігері Дінмұхамбет Тұрсын.
2027 жылы медициналық орталық сүйек тініндегі метастаздарды анықтауға мүмкіндік беретін ОФЭКТ/КТ аппаратын орнатуды жоспарлап отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
