Сәрсенбі, 08 мамыр, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Туберкулездің алдын алу айлығы жүруде

18.03.2024

304 0

Облысымызда ағымдағы жылдың 2 айына  туберкулез ауруының 79 жаңа жағдайы тіркеліп,100,0 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш-9,4-ті құрады.   Туберкулез ауруының 86% тыныс алу жолдары туберкулезі болса, туберкулездің жұқпалы түрі 32  пайызды құрады.

Облыс көлеміндегі Манту сынағына іріктелген 23 930 тұрғынға  сынама жасалды, қамту көрсеткіші 98,2% құрады. Манту сынағының нәтижесімен анықталған алғашқы вираж тоғысулары болған баланың барлығы фтизиопедиатр дәрігерінің кешенді тексеруінен, зерттеулерінен өтіп, химиопрофилактикалық ем қабылдады.

Облыс бойынша перзентханада нәрестелерді БЦЖ вакцинасымен егумен қамту 97,2% орындалды.

2014 жылдан бастап облыстық бюджеттен ауқымды қаржы қаралып, науқастар амбулаториялық кезеңде алатын емдерін үзбеу үшін науқастар ынталандырылуда. Нақты айтар болсақ,  2023 жылы – 1197 науқасқа 257, 022 млн тг. бөлініп, нәтижесінде науқастардың емді бұзу, үзу көрсеткіштері төмендеп, емдеу сапасы жоғарылап келеді.

Жұқпаның негізгі көзі – ашық түрдегі туберкулезі бар науқас адам. Адам туберкулез таяқшасымен зақымданған шикі сүтті және басқа да сүт өнімдерін пайдалану кезінде, ауру жануарға күтім жасау барысында туберкулезді жұқтыруы мүмкін.

Алайда туберкулезді жұқтырғандардың барлығы науқас болып саналмайды, себебі иммундық жүйе қоздырғыш үшін тежеу бола алады. Иммундық жүйесі әлсіреген адамның ауруға мүмкіндігі жоғары.

Туберкулез белгілері бірден байқалмайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай: тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер байқалады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға барып тексеруден өту қажет.

Туберкулездің алдын алу шаралары қандай?

Жаңа туған нәрестелерге перзентханадан шықпай тұрып, туберкулезге қарсы екпе егіледі, осы екпе құрамында әлсіреген туберкулез таяқшалары болады. Вакцина құрамындағы бактериялар ағзаға түскеннен кейін  иммунитет қалыптасады.

Перзентханада егілген туберкулезге қарсы екпе адамды ұзақ уақыт бойы осы аурудан қорғайды.  7 жаста вакцина тағы салынады. Мұны қайталап егу деп атайды. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады.  Манту – вакцина емес, ол адамның туберкулез ауруын жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау үшінбалаларға қолданылатын әдіс.

Ал, ересектер профилактикалық тексерулер мен скринингтерден уақытылы өтіп тұруы тиіс. Флюрографиядан өз уақытында өтудің арқасында туберкулезден ересектер өздерін қауіпсіздендіріп,  балаларға жұқтыру қаупін сейілтеді.

Ағзаның саулығы, негізінен, дұрыс тамақтануға, дұрыс демалуға, қимыл-қозғалысқа, өмір сүру салтына тікелей байланысты.

Туберкулез жазылатын ауру және оның алдын алуға болады. Науқастанған адам уақытылы, толық емделгенде айығып кетеді.

Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» ұранымен 2024 жылдың 24 ақпан – 24 наурыз аралығында туберкулезге қарсы айлық өтуде. Акцияның басты мақсаты – туберкулездің алдын алу шараларын, туберкулездің алғашқы белгілері мен туберкулездің жұқтыру қаупі мен ауру салдары туралы халықты ақпараттандыру.

Әлия Әбдіқайымова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: