Жұма, 27 желтоқсан, 06:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сусамыр сырқатынан қалай сақтанамыз?

23.11.2024

471 0

Фото: aqshamnews.kz

Қант диабеті ауруы қоғамда өзекті мәселенің бірі. Бұл аурудың алдын алу – денсаулықты сақтау және өмір сапасын арттыру үшін маңызды қадам. Қант диабетін алдын алу үшін дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, артық салмақтан арылу және тұрақты медициналық бақылау қажет.

Әлем бойынша қант диабетімен күрес күніне орай «The Lancet» журналында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, қант диабетімен ауыратын адамдардың саны әлем бойынша 800 миллионнан асып, 1990 жылдан бері төрт есе өскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры, ғылым докторы Тедрос Адханом Гебрейесус бұл өсімнің себебі семіздіктің артуы, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі және кейбір әлеуметтік топтардың нашар экономикалық жағдайын атап көрсетеді. Ол қант диабетінің жаһандық эпидемиясын тоқтату үшін мемлекеттердің шұғыл шаралар қабылдауы қажет екенін айтады. Бұл ең алдымен дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті арттыру және ең бастысы, денсаулық сақтау жүйелерін қолдау арқылы профилактика, ауруды ерте анықтау және емдеу шараларын қамтиды. Статистика жылдан-жылға өсіп келеді, бірақ бұған не себеп? Мұны анықтап көрейік.

Әлемде өсім байқалады

Зерттеулерге сүйенсек, әлем бойынша 450 миллионға жуық адам 1-ші және 2-ші типтегі қант диабетімен ауырады, бірақ олардың көпшілігі тиісті ем қабылдамайды, бұл келешекте басқа аурулардың дамуына алып келуі мүмкін. «The Lancet» журналында жарияланған жаһандық талдау нәтижесінде 1990 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта ересектер арасында қант диабетімен ауыра­тындардың көрсеткіші 7 пайыздан 14 пайызға дейін өскені анықталды, әсіресе табысы төмен және орташа елдерде өсу байқалды.

Қазақстандық диабетті зерттеу қоғамының төрағасы, медицина ғылымдарының канди­даты Жанай Ақановтың пікірінше, қант диабетінің өсуі бірнеше себептерге байла­нысты, оның ішінде халықтың өз денсау­лығына салғырт қарауы да бар.

– Өкінішке қарай, қант диабеті анықталған кезде көптеген адам оны елемейді немесе жеңіл қарайды. Диабетиктердің тек 24 пайызы емдеу кезінде қант деңгейін қалыпты деңгейге жеткізеді, ал 76 пайызы қанында қант жоғары деңгейімен өмір сүреді, – дейді ол.

Қазақстандағы жағдай да күрделі. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын адамдардың саны 505 мыңнан асты, ал сарапшылардың пікірінше, қандағы глюкоза деңгейі жоғары адамдардың нақты саны 800 мыңға жуықтайды. Қазақстандық диабетті зерттеу қоғамының төрағасы, медицина ғылымдарының канди­даты Жанай Ақановтың айтуынша, бұл көрсеткіш 20 миллион халқы бар республика үшін өте үлкен.

– Бүгінгі күні қазақстандық эндокринолог­тар күніне жүзге жуық жаңа науқас тіркейді. Осындай қарқынмен 2030 жылға қарай Қазақстанда қант диабетімен ауыратын адам­дардың саны 800-850 мыңға жетеді деп болжануда, – дейді ол.

Шынымен, Қазақстандағы жағдай алаң­датарлық. «inbusiness.kz» сайтында жария­ланған ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылдың 1 қаңтарында, Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 486174 науқас тіркелген, оның ішінде 456573 адам 2-ші типтегі диабетпен ауырады. Балалар мен жасөспірімдер ара­сында 1-ші типтегі диабетпен 5300 және 2-ші типтегі диабетпен 400 жағдай тіркелген. 2023 жылдың 9 айында халық арасындағы аурушаңдық көрсеткіші 100000 адамға шақ­қанда 301,4 жағдайды құраса, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 100000 адамға шаққанда 333,4 жағдайға дейін өсіп, 10,6 пайыздық өсімді көрсетті.

Балалар арасында қант диабетімен күресу үшін шұғыл шаралар қажет

ҚР Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, қант диабетінің генетикалық факторлар мен күйзелістен бөлек негізгі себептерінің бірі – тамақтану рационында қантты көп тұтынуы. Балалар мен жас­өспірімдер арасында күнделікті қантты көп мөлшерде тұтыну әдеті қалыптасып, соның салдарынан семіздік пен қант диабеті ауруларының ерте жастан пайда болу тен­денциясы байқалады.

– Халықтың шамамен 6 пайызы 2-ші типтегі қант диабетімен ауырады. Күн сайын 100-ден астам қант диабетімен ауыратын науқас тіркеледі. Қазақстандағы қант диа­бетімен ауырудың жалпы ауыртпалығы, тікелей медициналық шығындар мен жа­нама шығындарды қоса алғанда еңбекке жарамсыздық, жәрдемақыларды қосқанда жылына кемінде 436,4 миллиард теңгені құрайды және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді, – дейді мәжіліс депутаты.

Қант диабеті – аймақта да өзекті аурудың бірі. Эндокриндік аурулар ішінде 60-70 пайызы, қант диабетінің кең таралған түрі – эндокриндік пато­логия туындайды.

–  Эпидемиологиялық зерт­теулер бойынша жыл сайынғы өсім науқастардың жалпы санының 5,9 пайызын құрайды. Бұл ретте әрбір 15 жыл сайын қант диабетімен ауыратын науқастар саны екі есе артуда. Қант диабетінің ең басты себептерінің бірі – тамақтану салтының өзгеруі, атап айтқанда қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалану. Қызылорда облысы бойынша, бүгінгі таңда 16211 адам есепте тұрады. Оның ішіндегі ер адамдар саны – 7021 болса, әйелдердің саны 9882-ні құрайды, – дейді көпбейінді облыстық ауруханасының эндокринолог дәрігері Меруерт Бодықова.

Облыстық балалар эндо­кринологы, көпбейінді об­лыстық балалар ау­руханасының бас дәрігерінің ем­­деу ісі жөнін­дегі орынбасары Гүлнұр Уксикбаеваның айтуын­ша, қант диабеті немесе «қант ауруы» – бұл көмірсу, май және ақуыз алмасуының бұзылуын тудыратын ауру. Ол инсулин өнді­рудің бұзылуы немесе осы факторлардың комбинациясына байланысты. Негізгі белгі­сі – гипергликемия, яғни қандағы глюкоза­ның жоғары деңгейі және оның ағзаға улы әсер етуі түрінде көрінетін шамадан тыс су тұтыну.

– Балалар арасында қант диабетімен ауыратындардың саны жыл сайын өсуде, ал бұл аурудың диагностикасын ерте анықтау маңызды. Қант диабеті екі типке бөлінеді. Бірінші типтегі диабет негізінен жастар арасында көп кездеседі. Оның белгілері – әлсіздік, кенеттен салмақ жоғалту, шөлдеу. Бұл жағдайда диагностика үшін арнайы антиденелерге анализдер қол­данылады. Ал екінші типтегі қант диабеті көбінесе егде жастағы адамдарда анықтала­ды. Ол инсулинорезистенттік нәтижесінде дамиды – бұл инсулин­нің әсе­ріне тіндердің төмен сезім­талдығы. Анық клиникалық белгілерден басқа артериалды гипер­тензия және салмақтың артуы сияқты қосымша симптомдар болуы мүмкін. Егер қант диабеті диагнозы расталса, терапевт пен эндокринологтың бақылауында болуы керек. Мамандар науқасты емханада бақылап, қажетті ем қолданады, – дейді облыстық балалар эндокринологы, көпбейінді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Уксикбаева.

Аурудың алдын алу маңызды

Балалардағы қант диабетінің белгілері анық байқалмаған кезде ата-аналар оның бастапқы кезеңін байқамай қалуы мүмкін. Ең алдымен, назар аудару қажет нәрсе – бұл зәр шығару жиілігі.

– Қант диабетімен ауыратын бала­лар дәретханаға әлдеқайда жиі барады, өйткені олардың ағзасы сау адамдарға қарағанда екі неме­се үш есе көп зәр шығара­ды. Осы себеп­ті түнде зәр ұстай алмау жағ­дайлары пайда бо­лады. Сондай-ақ тері түсіне назар аудару қажет. Көбінесе қышу пайда болады. Жаңа туған балалардағы қант диабетінің белгілері ас қорыту бұзылыстарымен және мазасыздықтан байқалады, – дейді облыстық балалар эндокринологы Гүлнұр Уксикбаева.

Барлық талдаулар балаларда қант диабе­тінің дамуын болдырмау шарасы ретінде тағайындалады. Диагноз қою үшін қандағы қант деңгейі анықталады. Облыстық балалар эндокринологы, көпбейінді об­лыстық балалар аурухана­сының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Уксикбаева­ның айтуынша, балалар­дың тамақтану рационы пайдалы өнімдерді қамтуы тиіс. Оған ет, көк­өністер, жемістер, дәнді дақылдар және сүт өнімдері кіреді. Ал тәттілер, нан-тоқаш өнімдері мен газдалған сусындар шектеулі мөлшерде тұтынылуы керек. Бұл баланы тәттіден толықтай айыру керек дегенді білдірмейді, бірақ оның тұтынуын ересектер бақылап, тиісті нормадан аспауға тиіс.

– Сондай-ақ бірнеше міндетті ұсыным­дар бар. Атап айтқанда, физикалық белсенді­лік, таза ауада серуендеу, ойнау, көкөністер мен жемістерге бай мәзір, тұрақты медицина­лық тексерулерден өту. Бұл тәртіпті сақтау қант диабетінің пайда болу ықтималдығын азайтады. Балалардағы қант диабетінің белгілерін ерте анықтау қажетті шараларды қабылдауға көмектеседі. Осы арқылы бала­лардың денсаулығын сақтап, аурудың алдын алу мүмкіндігін арттыруға болады, – дейді облыстық балалар эндокринологы Гүлнұр Уксикбаева.

Көпбейінді облыстық ауруханасының эн­до­кринолог дәрігері Меруерт Бодықова­ның айтуынша, 2-ші типтегі қант диабеті ағзаның қантты энергия алу үшін пайдалануына әсер етеді. Бұл типтегі диабет кезінде ағза инсулинді тиімді пайдалана алмайды, бұл терапия болмаған жағдайда қанда қанттың жоғары деңгейіне әкеледі.

– 2-ші типтегі диабеттің дамуын алдын алуға болады. Оған әсер ететін факторлар арасында артық салмақ, жеткіліксіз дене белсенділігі және генетикалық фак­тор­лар бар. 2-ші типтегі диабет­тің ең нашар салдар­ла­рын болдырмау үшін ерте анықтау маңызды. Диабетті ерте кезеңінде анықтаудың ең жақсы жолы – дәрігердің тұрақты қарауы мен қан талдауларын тапсыру. 2-ші типтегі диабеттің белгілері әрдайым айқын көрінбеуі мүмкін, ересек адамдарда қант диабетінің барлық жағдайларында 85-90 пайызын құрайды. Соның нәтижесінде ауру бірнеше жылдан кейін, асқынулар пайда болған кезде ғана диагноз қойылады. Диабет науқастарының 90 пайыздан астамы 2-ші типтегі диабетпен ауырады. Бұрын бұл типтегі диабет инсулинге тәуелсіз диабет немесе ересектердің диабеті деп аталған. Жақында ғана бұл типтегі диабет тек ересектер арасында ғана болғанымен, қазір ол балаларда да жиі кездеседі. Егер жағымсыз диагноз расталса, науқас терапевт пен эндокринологтың бақылауында болуы тиіс. Бұл мамандар науқасты емханаларда бақылап, қажетті емдік шараларды қолданады, – дейді  көпбейінді облыстық ауруханасының эндокринолог дәрігері Меруерт Бодықова.

Қант диабетімен ауыратын қала тұрғыны Ажар (есімі өтініші бойынша өзгертілді – ред.) ауруды ерте кезде анықтап, бастапқы белгілері пайда болғанда алдын алу маңызды екенін айтады.

– Қант диабеті барын медициналық тексеру кезінде білдім. Бастапқыда белгілерін байқамадым. Жас кезімде жиі тәттілер, газдалған тәтті сусындар іштім, фастфудпен тамақтанатынмын. Кейінірек әлсіздік пен шөлдеу пайда болды, оған мән бермей жүрдім. Қант диабеті бар екенін білсем де, өмір сүру салтым өзгермеді. Соң­ғы бірнеше айда қант диабетінің асқыну­ла­ры пайда болған кезде ғана емханаға дәрі­гер көмегіне жүгіндім. Дәрігер нұсқауын толық орындай бастадым. Ас мәзірін толық өзгертіп, таза ауада серуендеп, спортпен шұғылданып, салмақ тастадым. Қазіргі уақытта қант мөлшерім тұрақты нормадан аспайды. Қант мөлшерін үнемі бақылауда ұстау керек. Бастапқы белгілерін немесе тексеру кезінде білсеңіз, міндетті түрде дәрігер нұсқауын орындап қана қоймай, өмір салтын өзгерту маңызды. Емханадағы дәрігерлер барлық қажетті талдауларды өткізіп, дер кезінде көмек көрсетті. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз, – дейді ол.

Қант диабеті жаһандық денсаулық сақтау мәселесі ретінде өзекті. Зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, әлемдегі қант диа­бетімен ауыратындар саны жыл сайын артуда. Ересектер мен балалар арасында қант диабетінің таралуы, оның ішінде 2-ші типтегі қант диабетінің өсуі алаңдатарлық көрсеткіштерге жетіп отыр. Ауруды ерте анықтау және дұрыс емдеу бұл аурудың жағымсыз салдарын азайтуда маңызды рөл атқарады. Дәрігерлердің тұрақты қарауы, қан талдауларын тапсыру және дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік сияқты алдын алу шаралары қант диабетінің дамуын тежеуге көмектеспек.

София Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: