Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр медицинасы

12.05.2021

4110 0

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістік аз емес. Ел ертеңіне тірек болар көптеген сала қайта құрылымданды. Соның бірі – медицина саласы. Ендеше, егемендік алған алғашқы кезден күні бүгінге дейінгі Сыр өңіріндегі денсаулық сақтау саласының жемісті және жеңісті жолдарын ой елегінен өткізейік.

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

Адам денсаулығы – ұлт қазынасы

Облыстық медицина орталығы егемендікпен біте қайнасқан аурухана болып есептеледі. Оның материалдық базасының құрылысы сонау тәуелсіздік алған алғашқы кезеңмен тұспа-тұс келеді. 1992 жылы облыстық консультативтік диагностикалық орталықтың ашылуы облыстық аурухананың қосымша клиникалық бөлімшелерінің көбеюіне және диагностикалық жұмысының жақсаруына көп көмегін тигізді. Дәл осы жылы көпсалалы медициналық кешен құрылысы басталып, 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған еді. Сол сәт сырбойылықтар үшін үлкен жаңалық, зор мәртебе болғаны анық. Орталық соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Атап айтар болсақ, кіші инвазивті және жоғары технологиялық ангиограф, КТ, МРТ, лапароскопиялық тіреулер, орталық микроскоптар, литотрипияға арналған аппараттар, тәулік бойы қалтқысыз жұмыс жасап келеді.

Бүгінгі күні орталық толыққанды цифрландыру жүйесімен жұмыс жасауда. Қызметкерлер біліктілігін арттыру мақсатында оқу-симуляциялық орталығы іске қосылған. Жоғары технологиялы медициналық көмекті дамыту мақсатында ангиграф алынды. Соның арқасында каранография, стенттеу, жүрекке жасалынатын ашық оталар саны артты. Аритмология бойынша аймақта алғашқы рет арнайы аппарат алынып, радио жиілікті абляция оталары жасалына бастады. Жаңа КТ аппараты іске қосылды. ВТМУ саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, бес жыл бұрын жылына 4-5 эндопротездеу оталары жасалынатын болса, қазір жылына 200-ге жуықтады. Оттегі стансасы жұмысын бастады. Пандемияға байланысты арнайы фильтр аппараты жұмыс жасауда.                     

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

Сыр медицинасындағы соны серпін

Сыр өңірінде заман талабына сай сапалы медициналық көмек көрсету айқын аңғарылады. Атап айтар болсақ, республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражат аясында барлық емханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілді. Ешқашан ескірмейтін дәуір тынысымен дами түсетін денсаулық сақтау саласының дамуы ел ертеңі үшін аса қадірлі. Облыстық денсаулық сақтау саласы мамандарының мәліметіне сүйенсек, 30 жыл ішінде  50 млрд теңгені құрайтын 161 нысан іске қосылды. 

Атап айтқанда, көпбейінді облыстық аурухана, Байқоңыр қаласындағы көпбейінді аурухана, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, облыстық перинаталдық орталығы, ау­дандық ауруханалар мен емханалар түгел жаңартылды. Мем­лекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде №2 қала­лық емхананың орнына «Қызылорда қаласында 400 келуші­ге арналған емхананы ашу» жобасы іске қосылды. Сонымен қатар 2  ауылдық емхана, 55 дә­рігерлік амбулатория, 15 фельдшерлік-акушериялық бекет, 57 медициналық бекет қосымша 13 емхана бой көтерді. Бұл саланың тәуелсіз­дік тұсындағы жемісі деуге болады.

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

Жаңарған жұмыс – тәуелсіздік тынысы      

Мемлекет қолдауымен медицина мамандары шет мем­лекеттерде тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін жетілдіріп келуде. Соның нәтижесінде өз елімізде небір күрделі ауруларға ем-дом жасап, сала жаңа бағытқа бет бұрып келеді. Тәуелсіздік жылдарында төл медицинамыз түледі, қарыштап дамыды. Аймақтарда ауруханалардың қайтадан жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі – соның айқын дәлелі.

Қызылорда облысында 2024 жылға дейін медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысан қайта жаңғыртылады деп жоспарлануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, пандемия кезінде жасаған жанкешті жұмыстары үшін сала мамандарына үстемақы төленді. Бұл – салаға көрсетілген зор қолдау. Мұның барлығы – адам денсаулығын жақсартудағы ілкімді істердің көрінісі. Өткен жылы өңірде 76 өкпені жасанды желдету аппараты болса, бүгінде оның саны 280-ге жетіп отыр.  Облыста соңғы он жыл көлемінде бала туу көрсеткіші артып, 2020 жылы өңірде 20310 сәби дүниеге келсе, соның 11565-і облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында өмірге келген. Қызылордадағы  туу көрсеткіші республика бойынша алдыңғы қатарда. Бұл – біздің аймақ жұртшылығы үшін үлкен мәртебе.

Облыстағы оңтайлы орталық

Басты байлығымыз болған денсаулықтың қадіріне кейде жете бермейтініміз жасырын емес. Ал ауырсақ аурухана жағалап, жанұшырып жатамыз. Алайда өзіңнен гөрі бауыр етің балаңның сырқаттанғаны кез келген ата-ана үшін ауыр. Бүлдіршініңнің дені сау болып, жаныңда шапқылап жүруі – бәріміз үшін аса қымбат. Осы орайда сәбиіміз сәл сырқаттанса дереу жеткізетін жалғыз жер – ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасы. Медициналық мекеме өңір тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. 

Бұл денсаулық сақтау мекемесінде 350 стационарлық төсек орны қамтылған. Сонымен қатар бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық емхана жұмыс істейді. Мекеме «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дарламасы аясында 2016 жылы қолданысқа берілген. Өткен жылғы есеп бойынша 0-18 жас аралығында 286 033 бала тіркелген. Мекемеде барлығы 94 дәрігер қызмет етеді. Мекеменің дәрігермен қамтылу көрсеткіші 86 процентті құрайды. 2018-2020 жылдары мұнда 30 дәрігер қабылданған. Ауруханада көрсетілетін медициналық қыз­мет сапасын жақсарту мақ­сатында жыл сайын 160 қыз­меткер өз біліктілігін арттырып отырады. Балалар ауру­ханасы жайлы арнайы мақала жазған әріптесім Аслан Нұразғалидың мақаласында аурухана әкімшілігі берген мәлімет келтірілген. Бұл мекеме медициналық құрал-жабдықпен 92 процент қамтамасыз етілген. Оның ішінде фиброколоноскоп, авторефкератометр, уретроскоп, ӨЖЖ секілді маңызды құралдар бар. Өткен жылы аталған мекеме аймақтағы 9947 баланы қабылдаған. 2017 жылы бейім­дендірілген «Неонатальды хирургия» бөлімшесі іске қосылып, туа біткен ақаулардан болатын сәби өлімін 4 есе төмендету мүмкіндігін көбейткен. Одан бөлек балаларды динамикалық бақылауға арналған «катамнез» кабинеті қыз­мет көрсетеді. Мұнда 1931 бала тексеріліп, 839 баладан туа біткен ақау анықталған. Олардың барлығы мамандар қарауында болып, уақытылы стационарлы ем қабылдайды және диспансерлік бақылауда болады. Жалпы есеп бойынша ауруханада 53 357 бала емделіп шыққан.

Медицина саласы әрдайым білімді жетілдіру, тәжірибе алмасуды талап ететіндіктен мекемеде мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Ауруханада 2017 жылы осы мақсатта «Балалық шақ ауруларын ықпалдастыра емдеу» оқу орталығы ашылып, бүгінде 2945 медицина қызметкері дипломнан кейінгі үздіксіз білімін жетілдірген. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан мен Абхазиядан келген дәрігерлер тәжірибелерімен бөлісіп, Сыр медицинасының дамуына зор үлестерін қоса білді. Одан бөлек тәжірибе алмасу мақсатында Украина, Ұлыбритания, Германия, Жапониядан арнайы мамандар келіп тұрады. Ал мекеме дәрігерлері Қазақстанның түрлі қалаларында арнайы оқу-тәжірибеден өтіп отырады. Биыл да 50 дәрігер мен 73 мейірбикенің кәсіби біліктілігін жоғарылату жоспарланып отыр. Аурухананың материалдық базасы жыл сайын толықтырып келеді. Оларды жаңарту жұ­мыстарын жыл сайын жүргізу жоспарға енгізілген. Мәселен, биыл республикалық бюджет есебінен эксперт классты УЗИ аппараты мен лапороскопиялық стенд алу жоспарланған. Көпбейінді балалар ауруханасында 2018 жылдан бастап «тұз шахтасы» қолданысқа беріліп, онда 570 бала ем қабылдаған. Сонымен қатар инклюзивті оқыту мен ЛФК залында 11705 балаға оңалту бойынша ем-дом жасалған. 2018 жылы телемедицина жұмысы қолданысқа енгізіліп, 351 телемедицина жұмысы жасалған. Балалар ауруханасының алға қойған жоспары жеткілікті. Атап айтар болсақ, эпидеруальды анестезияға, реабилитологияға ма­мандар дайындау бар. Хирургиялық күрделі ота жасау санын көбейтіп, реанимация мен анестезиология бө­лімшелерін ӨЖЖ аппаратымен қам­тамасыз ету, алдағы 3 жылға қажетті құралдарды жабдықтау мен облыс көлемінде балалар гепатологын дайындау ауру­хананың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар Елбасы қолдауымен балалар ауруханасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Халыққа сапалы қызмет көрсету мен қызметтік әлеуетін арттыру мақсатында жыл сайын даму мен өзгерістер енгізіліп отыр. Басты мақсат – аймақтағы сәбилердің ден­саулығын жақсарту, түрлі деңгейдегі аурудың алдын алу. Ал балалар ауруханасындағы мамандар аянбай қызмет етуге дайын. Басты бақыт – балалардың ауырмай шаттанып жүргені.

Денсаулық – бар байлықтан қымбат

– Биыл тәуел­сіздігі­мізге 30 жыл толып отыр. Облысымызда әлеуметтік экономиканың даму нәти­желері көңіл көншітеді. Ертеңімізге сенім ұялатады. Егемендік алған алқашқы жыл­дар­дан бері көпте­ген сала бойынша өсім көрсеткіштерге қол жеткізді. Соның ішінде денсау­лық сақтау саласы ерекше орын алады. Туған өлкеміз Сыр өңіріндегі ден­саулық сақтау саласындағы өзгерістер, өрлеуі мен құлдырауы тәуелсіздік тұсында қайта қарыштауы көз алдымызда.  Сөз жоқ соңғы жылдары халықтың денсаулығы біршама жақсаруда. Оған себеп болған Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған «Денсаулық жылы», «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған шаралар. Сайып келгенде мемлекетімізде тәуелсіздік тұсында облыс тұрғындарына медициналық көмек жылдан жылға жақсарып, денсаулық сақтау саласы алға қарай дамуда, – дейді сала ардагері Тұрғанбай Маханов.

Ардагердің айтқаны

– Елдің байлығы адам деп танысақ, адамның байлығы  –денсаулық. Қайбір саланың болсын жұмысы оңынан танылуы ондағы білікті мамандарға байланысты. Ендеше, егемендік алған жылдардан бергі денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың оң нәтиже көрсетуі ондағы мамандардың біліктілігі деп айтар едім. Материалдық базамен қамтылуы көңілге қуаныш ұялатады. Алайда әлі де болса бұл бағытта жасалатын жұмыс жеткілікті. Сонымен қатар қазіргідей дерт дендеген уақытта барша Сыр жұртшылығына сақтыққа салғырттық танытпау керек. Саулық негізі сақтықта екенін естен шығармайық. Елдің амандығы мен тәуелсіздігіміздің баянды болашағы салауатты ұрпақпен тығыз байланысты, – дейді сала ардагері Рая Әбдешқызы.

Маман пікірі 

– Адам жанына жағатын жалғыз дәруіш – деннің сау­лығы. Ол – ешбір байлықпен, бақытпен өлшенбейтін ұлы құн­дылық. Қандай мемлекет болсын алдымен денсаулық саласын дұрыстайды. Қазір халықтың орташа өмір жасы­ның ұзаруы саладағы серпінді іс­тердің нәтижесін көрсетеді. Жаңа да жайлы, жарық жерде жұмыс жасау маманның алаң­сыз қызмет көрсетуіне оң ықпал етеді.  Әрбір салынған заманауи келбеттегі емханалар халықтың саулығына кепіл болатындай әсер етеді. Осы ретте айта кететін жайт, коронавирус індетінің үдеп тұрғаны. Сондықтан мен маман ретінде елді сақтыққа шақырамын. Мүмкіндік болып жатса екпе алып, өз денсаулығыңызды сақтаңыз, – дейді облыстық көпбейінді балалар аурухана­сының бас дәрігері Зоя Рахатқызы.  

Р.S. Иә, расымен, «Сау адамның басында алтын тәж бар, оны тек ауру адам көре алады» деп тегін айтылмаса керекті. Әкем Шайдулла осы салада 50 жылдан астам еңбек етті. Сондықтан мұның жақсы, жаман жақтарын бала кезден жақсы білемін. Көзбен көріп, көңілге түйгенімді түйіндедім. Тәуелсіздік аясындағы осынау ой бір тақырыптың қауызына сыймайтын тереңдікте деп танимын.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ   

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: