Жұма, 27 желтоқсан, 00:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр медицинасы

05.05.2021

1610 0

       «Халық денсаулығы, ол – Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас бөлігі»

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

         Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістік аз емес. Ел ертеңіне тірек болар көптеген сала қайта құрылымданды. Соның бірі – медицина саласы. Ендеше, егемендік алған алғашқы кезден күні бүгінге дейінгі денсаулық сақтау саласының жемісті және жеңісті жолдарын ой елегінен өткізейін.

         Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен көптеген сала мамандары шет мемлекеттерде тәжірибелерден өтіп, біліктіліктерін жетілдіріп келді. Соның нәтижесінде өз елімізде небір күрделі ауруларға ем-дом жасалып, салада жаңа бетбұрыс болды. Тәуелсіздік жылдарында төл медицинамыз түледі, қарыштап дамыды. Бұл тұрғыда жыл сайынғы жарияланған Жолдаулардан көруге болады. Аймақтарда ауруханалардың қайтадан жаңартылып, заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілуі – соның айқын дәлелі.

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

                                 Адам денсаулығы – ұлт қазынасы

Облыстық медицина орталығы егемендікпен біте қайнасқан аурухана болып есептеледі. Оның материалдық базасының құрылысы сонау тәуелсіздік алған алғашқы кезеңмен тұспа-тұс келеді. 1992 жылы облыстық консультативтік диагностикалық орталықтың ашылуы облыстық аурухананың қосымша клиникалық бөлімшелерінің көбеюіне және диагностикалық жұмысының жақсаруына көп көмегін тигізді. Дәл осы жылы көпсалалы медициналық кешен құрылысы басталып, 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған еді. Сол сәт сырбойылықтар үшін үлкен жаңалық зор мәртебе болғаны айқын еді. Осы облыстық медицина орталығы ТМД елдерінде теңдесі жоқ ғимарат. Орталық соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Атап айтар болсақ, кіші инвазивті және жоғары технологиялық ангиограф, КТ, МРТ, лапароскопиялық тіреулер, орталық микроскоптар, литотрипияға арналған аппараттар, тәулік бойы қалтқысыз жұмыс жасап келеді.

Бүгінгі күні орталық толыққанды цифрландыру жүйесімен жұмыс жасауда. Қызметкерлер біліктілігін арттыру мақсатында оқу-симуляциялық ортылығы іске қосылған. Жоғары технологиялы медициналық көмекті дамыту мақсатында ангиграф алынды. Соның арқасында каранография, стенттеу, жүрекке жасалынатын ашық оталар саны артты. Аритмология бойынша аймақта алғашқы рет арнайы аппарат алыныпрадиожииликти абляция оталары жасалына бастады. Жаңа КТ аппараты іске қосылды. ВТМУ саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен бес жыл бұрын жылына 4-5 эндопртездеу оталары жасалынатын болса, қазір жылына 200-ге жуықтады. Оттегі станциясы алынып жұмысын бастады. Пандемияға байланысты арнайы фильтр аппараты жұмыс жасауда.                     

                                 Сыр медицинасындағы соны серпін

            Заман талабына сай бәсекеге қабілетті де сапалы медициналық көмек көрсету Сыр өңірінен де айқын аңғарылады. Атап айтар болсақ, ресупбликалық және жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражат аясында барлық емханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілді. Ешқашан ескірмейтін дәуір тынысымен дами түсетін денсаулық сақтау саласының дамуы ел ертеңі үшін аса қадірлі.            Облыстық денсаулық сақтау саласы мамандарының мәліметіне сүйенсек,   30 жыл ішінде  50 млрд. теңгені құрайтын 161 нысан іске қосылды. 

         Атап айтқанда,  көпбейінді облыстық аурухана, Байқоңыр қаласындағы көпбейінді  аурухана, облыстық көпбейінді балалар аурханасы, облыстық перинаталдық орталығы. Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі ауданаралық аурухана. Жалағаш аудандық аурухана, Арал, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш,  Шиелі, Жаңақорған аудандық емханалар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде №2 қалалық емхананың орнына «Қызылорда қаласында 400 келушіге арналған емхананы ашу» жобасы іске қосылды. Сонымен қатар 2  ауылдық емхана, 55 дәрігерлік амбулатория, 15 фельдершерлік-акушериялық бекет, 57 медициналық бекет қосымша 13 емхана бойкөтерді. Бұл саланың тәуелсіздік тұсындағы жемісі деуге болады.

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

                             Жаңарған жұмыс – тәуелсіздік тынысы       

Мемлекет қолдауымен медицина мамандары шет мемлекеттерде тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін жетілдіріп келуде. Соның нәтижесінде өз елімізде небір күрделі ауруларға ем-дом жасалынып, сала жаңаша бағытқа бет алып келеді. Медицина мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Тәуелсіздік жылдарында төл медицинамыз түледі, қарыштап дамыды. Аймақтарда ауруханалардың қайтадан жаңартылып, заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілуі соның айқын дәлелі.

Қызылорда облысында 2024 жылға дейін медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысан қайта жаңғыртылады деп жоспарлануда. Биыл 14 амбулатория мен 9 медпунктің жоба-сметалық құжаты әзірленуде. Сыр өңіріндегі барлық ауданда орталық аурухана мен емхана салынуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, пандемия кезінде жасаған жанкешті жұмыстары үшін сала мамандарына үстемақы төленді. Бұл – салаға көрсетілген зор қолдау. Мұның барлығы – адам денсаулығын жақсартудағы ілкімді істердің көрінісі. Өткен жылы өңірде 76 өкпені жасанды желдету аппараты болса, бүгінде оның саны 280-ге жетіп отыр.  Облыста соңғы он жыл көлемінде бала туу көрсеткіші артылып, 2020 жылы өңірде 20310 сәби дүниеге келсе, соның 11565-і облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында өмірге келген. Қызылордадағы  туу көрсеткіші республика бойынша алдыңғы қатарда. Бұл біздің аймақ жұртшылығы үшін үлкен мәртебе.

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

                              Облыстағы оңтайлы орталық

Басты байлығымыз болған денсаулықтың қадіріне кейде жете бермейтініміз жасырын емес. Ал ауырсақ аурухана жағалап жанұшырып жатамыз. Алайда өзіңнен гөрі бауыр етің балаңның сырқаттанғаны кез келген ата-ана үшін ауыр. Бүлдіршініңнің дені сау болып жаныңда шапқылап жүруі бәріміз үшін аса қымбат. Осы орайда сәбиіміз сәл сырқаттанса дереу жеткізетін жалғыз жер – ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасы. Медициналық мекеме өңір тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.  

Бұл денсаулық сақтау мекемесінде 350 стационарлық төсек орны қамтылған. Сонымен қатар бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық емхана жұмыс істейді. Мекеме «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2016 жылы қолданысқа берілген. Өткен жылғы есеп бойынша 0-18 жас аралығында 286 033 бала тіркелген. Мекемеде барлығы 94 дәрігер қызмет етеді. Мекеменің дәрігермен қамтылу көрсеткіші 86 процентті құрайды. 2018-2020 жылдары мұнда 30 дәрігер қабылданған. Ауруханада көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында жыл сайын 160 қызметкер өз біліктілігін арттырып отырады. Аурухана әкімшілігі берген мәліметке сүйенсек, бұл мекеме медициналық құрал-жабдықпен 92 процент қамтамасыз етілген. Оның ішінде фиброколоноскоп, авторефкератометр, уретроскоп, ӨЖЖ секілді маңызды құралдар бар. Өткен жылы аталған мекеме аймақтағы 9947 баланы қабылдаған. 2017 жылы бейімдендірілген «Неонатальды хирургия» бөлімшесі іске қосылып, туа біткен ақаулардан болатын сәби өлімін 4 есе төмендету мүмкіндігін көбейткен. Одан бөлек балаларды динамикалық бақылауға арналған «катамнез» кабинеті қызмет көрсетеді. Мұнда 1931 бала тексеріліп, 839 баладан туа біткен ақау анықталған. Олардың барлығы мамандар қарауында болып, уақытылы стационарлы ем қабылдайды және диспансерлік бақылауда болады. Жалпы есеп бойынша ауруханада 53 357 бала емделіп шыққан. – Медицина саласы әрдайым білімді жетілдіру, тәжірибе алмасуды талап ететіндіктен мекемеде мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Ауруханада 2017 жылы осы мақсатта «Балалық шақ ауруларын ықпалдастыра емдеу» оқу орталығы ашылып, бүгінде 2945 медицина қызметкері дипломнан кейінгі үздіксіз білімін жетілдірген. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан мен Абхазиядан келген дәрігерлер тәжірибелерімен бөлісіп, Сыр медицинасының дамуына зор үлестерін қоса білді. Одан бөлек тәжірибе алмасу мақсатында Украина, Ұлыбритания, Германия, Жапониядан арнайы мамандар келіп тұрады. Ал мекеме дәрігерлері Қазақстанның түрлі қалаларында арнайы оқу-тәжірибеден өтіп отырады. Биыл да 50 дәрігер мен 73 мейірбикенің кәсіби біліктілігін жоғарылату жоспарланып отқаны айтылуда. Аурухананың материалдық базасы жыл сайын толықтырып келеді. Оларды жаңартып тұру жұмыстарын жыл сайын жүргізу жоспарға енгізілген. Мәселен, биыл республикалық бюджет есебінен эксперт классты УЗИ аппараты мен лапороскопиялық стенд алу жоспарланған. Көпбейінді балалар ауруханасында 2018 жылдан бастап «тұз шахтасы» қолданысқа беріліп, онда 570 бала ем қабылдаған. Сонымен қатар инклюзивті оқыту мен ЛФК залында 11705 балаға оңалту бойынша ем-дом жасалған. 2018 жылы телемедицина жұмысы қолданысқа енгізіліп, 351 телемедицина жұмысы жасалған. Балалар ауруханасының алға қойған жоспары жеткілікті. Атап айтар болсақ,  эпидеруальды анестезияға, реабилитологияға мамандар дайындау бар. Хирургиялық күрделі ота жасау санын көбейтіп, реанимация мен анестезиология бөлімшелерін ӨЖЖ аппаратымен қамтамасыз ету, алдағы 3 жылға қажетті құралдарды жабдықтау мен облыс көлемінде балалар гепатологын дайындау аурухананың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, Елбасы қолдауымен балалар ауруханасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Халыққа сапалы қызмет көрсету мен қызметтік әлеуетін арттыру мақсатында жыл сайын даму мен өзгерістер енгізіліп отыр. Басты мақсат – аймақтағы сәбилердің денсаулығын жақсарту, түрлі деңгейдегі аурудың алдын алу. Ал балалар ауруханасындағы мамандар аянбай қызмет етуге дайын. Басты бақыт балалардың ауырмай шаттанып жүргені.               

                   Денсаулық бар байлықтан қымбат

– Ата-бабамыз әлімсақтан армандап аңсап жеткен егемендігімізбен еншілес облыстық медициналық орталығы деп білемін. Тәуелсіз мемлекетіміз таңғажайып табыстарымен қарыштап алға ұмтылып келеді. Дамыған 30 елдің қатарында болу басты мақсатымыз. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Облысымызда әлеуметтік экономиканың даму нәтижелері көңілімізге нұр құяды. Ертеңімізге сенім ұялатады. Егемендік алған алқашқы жылдардан бері көптеген салалар бойынша өсім көрсеткіштерге қол жеткізді. Соның ішінде денсаулық сақтау саласы ерекше орын алады. Туған өлкеміз Сыр өңіріндегі денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер, өрлеуі мен құлдырауы тәуелсіздік тұсында қайта қарыштауы көзалдымызда.  Сөз жоқ соңғы жылдары халықтың денсаулығы біршама жақсаруда. Оған себеп болған Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған «Денсаулық жылы», «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған шаралар. Сайып келгенде мемлекетімізде тәуелсіздік тұсында облыс тұрғындарына медициналық көмек жылдан жылға жақсарып, денсаулық сақтау саласы алға қарай дамуда, – дейді сала ардагері Тұрғанбай Маханов.

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

                                                 Ардагердің айтқаны

– Елдің байлығы адам деп танысақ, адамның байлығы денсаулық. Қайбір саланың болсын жұмысы оңынан танылуы ондағы білікті мамандарға байланысты. Ендеше, егемендік алған жылдардан бергі денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың оң нәтиже көрсетуі ондағы мамандардың біліктілігі деп айтар едім. Материалдық базамен қамтылуы көңілге қуаныш ұялатады. Алайда әлі де болса бұл бағытта жасалатын жұмыстар жеткілікті. Сонымен қатар қазіргідей дерт дендеген уақытта барша Сыр жұртшылығына сақтыққа салғырттық танытпауын атап өтер едім. Саулық негізі сақтықта екенін естен шығармайық. Елдің амандығы мен тәуелсіздігіміздің баянды болашағы саламатты ұрпақпен тығыз байланысты, – дейді сала ардагері Рая Әбдешқызы бізбен әңгімесінде.

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

                                             Маман пікірі  

– Адам жанына жағатын жалғыз дәруіш – деннің саулығы. Ол ешбір байлықпен, бақытпен өлшенбейтін ұлы құндылық. Қандай мемлекет болмасын алдымен денсаулық саласын дұрыстайды. Қазір халықтың орташа өмір жасының ұзаруы саладағы серпінді істердің нәтижесін көрсетеді. Жаңада, жайлы, жарық жерде жұмыс жасау маманның алаңсыз қызмет көрсетуіне оң ықпал етеді.  Әрбір салынған заманауи келбеттегі емханалар халықтың саулығына кепіл болатындай әсер етеді. Осы ретте айта кететін жайт, коронавирус індетінің үдеп тұрғаны. Сондықтан мен маман ретінде елді сақтыққа шақырамын. Мүмкіндік болып жатса екпе алып өз денсаулығыңызды сақтаңыз, – дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Рахатқызы.   

Тәуелсіздік  жылдарындағы  Сыр  медицинасы

Р.S. Иә, расымен,«Сау адамның басында алтын тәж бар, оны тек ауру адам көре алады» деп тегін айтылмаса керекті. Әкем Шайдулла осы салада 50 жылдан астам еңбек етті. Сондықтан мұның жақсы, жаман жақтарын бала кезден жақсы білемін. Көзбен көріп, көңілге түйгенімді түйіндедім. Тәуелсіздік аясындағы осынау ой бір тақырыптың қауызына сыймайтын тереңдікте деп танимын.

                                                                                  Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: