2025 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі №165 бұйрық қабылдап, тағам өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Құжаттың негізгі мақсаты — өндіріс қауіпсіздігін күшейту, халықтың денсаулығын қорғау және кәсіпкерлік субъектілері үшін нормативтік талаптарды нақтылау.
Жаңартулар шағын қуатты өндіріс орындарының қызметін реттеуде ерекше маңызға ие. Жаңа редакцияда «шағын өндіріс» ұғымы нақты өнімділік көрсеткіштерімен белгіленген. Мысалы, ет, құс еті, балық және шұжық өнімдерін қайта өңдеу көлемі тәулігіне 3 тоннаға дейін, кремді кондитерлік өнімдер — 0,3 тоннаға дейін, ал аспаздық өнімдер — 0,1 тоннаға дейін деп айқындалды.
Енгізілген өзгерістердің маңызды жаңалығы — белгілі бір талаптар сақталған жағдайда кейбір шағын өндірістерді тұрғын немесе азаматтық мақсаттағы ғимараттарда орналастыруға рұқсат берілуі. Атап айтқанда, технологиялық процестер толық оқшауланып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған және қоршаған орта мен тұрғындарға зиянды әсері дәлелденбеген жағдайда мұндай орналастыруға жол беріледі.
Сонымен қатар санитариялық-қорғаныш аймақтарына (СҚА) қатысты нормалар нақтыланды. Енді объектінің қауіптілік сыныбына байланысты көгалдандыру үлесі белгіленеді: ІV–V сыныптарға кемінде 60%, ІІ–ІІІ сыныптарға кемінде 50%, ал І сынып объектілеріне кемінде 40% көгалдандыру қарастырылуы тиіс. Егер аумақтың тығыз салынуына немесе табиғи жағдайларға байланысты бұл талаптарды орындау мүмкін болмаса, жобада негіздеме көрсетіліп, жергілікті атқарушы органдармен келісу арқылы басқа аумақтарды көгалдандыруға жол беріледі.
Жаңартылған талаптар санитариялық-қорғаныш аймақтарын белгілеу, жобалау және пайдалану тәртібін де нақтылайды. Бұл өзгерістер өндірістік нысандардың қоршаған ортаға ықпалын азайтуға, санитариялық қауіпсіздікті күшейтуге және бақылау органдарының жұмысын жүйелеуге бағытталған.
Жаңа нормалар кәсіпкерлерге түсінікті әрі нақты талаптар ұсынып қана қоймай, халықтың денсаулығын қорғаудың алдын алу шараларын күшейтеді. Сондықтан тағам өндірісі саласындағы кәсіпорындарға нормативтік өзгерістермен дер кезінде танысып, қызметін жаңа талаптарға сәйкестендіру маңызды.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
