Тағамнан улану – бұл табиғаты микробты және микробсыз болатын ауру тудырушы микроорганизмдердің немесе олардың әр түрлі токсиндерімен және улы заттармен ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын жедел ауру. Ең қауіптісі – тағамдық токсикоинфекция және табиғаты микробты улану.
Сапасыз азық-түлікті тамаққа қолдану кезінде, олар дұрыс дайындалмай және дұрыс сақталмаса тағамнан улану – тағамдық токсикоинфекция туындауы мүмкін.
Сапасыз өнімдер бұл – түрлі микроорганизмдермен және токсиндермен жұқтырылған азық-түліктер.
Тағамдық уланудың алғашқы белгілері тамақ ішкеннен кейін 2-4 сағаттан соң, кейде, 20-26 сағаттан кейін де білінуі мүмкін. Көбінесе бұл токсиннің түріне және дозасына және адамның иммун жүйесінің жағдайына байланысты.
Тамақтан улануды болдырмау үшін тағамдарды сақтау және дайындаудың бірнеше қарапайым қағидаларын орындау керек:
- азық-түлікті тек рұқсат етілген сауда орындарынан алу және жарамдылық мерзімі мен сақталу шарттарына, сыртқы түр-пішіні мен қаптамасының бүтіндігіне мән беру керек;
- асүй тазалығын сақтап, ас дайындау технологиясына қатаң ұстану;
- тағам дайын болғаннан кейін мүмкіндігінше бірден тамақтану;
-жаңа дайындалған тағамдарды кешегі дайындалған тағам қалдықтарымен араластырмау қажет, егерде дайын тағам ертеңгі күнге қалған жағдайда, оны пайдалану алдында мұқият термиялық өндеуден өткізу қажет (қайнату немесе қуыру); - шикі және піскен азық-түлік өнімдер арасындағы байланысқа жол бермеу;
- жеке бас гигиенасын қатаң түрде сақтау: ас ішер алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен мұқият, жиі жуу;
- қайнатылған, таза ауыз суды пайдалану;
- көкөністер мен жемістерді пайдаланар алдында үнемі ағымды сумен жуып пайдалану;
- кремді-кондитерлік өнімдерді жарамдылық мерзімдері өткеннен кейін пайдаланбау;
- үйдегі қоқыстарды және тағам қалдықтарын уақытылы шығару және шыбын, жәндіктерді болдырмау;
Жоғарыда айтылған қағидаларды сақтасаңыз, Сіз өзіңізді және жақындарыңызды тағамнан уланулардан қорғай алатындығыңызды ұмытпаңыз.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!