Тістердің бетінен тамақ қалдықтары мен көмірсулардан, бактериялардан және олардың қалдықтары — қышқылдардан пайда болған қабатты алып тастау үшін тісті күнделікті тазалау керек. Тіс бетінде бұндай қабаттар неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым қышқылдар жиі бөлініп, тістің қатты қабығы бұзылады.
Тіс тазаламаса не болады?
Ауыздан жағымсыз иіс шығады
Ауыздан жағымсыз иіс шықпау үшін адам күнделікті тістегі артық қалдықтарды тазалап тұру керек. Неғұрлым бактерия көп болған сайын, соғұрлым иіс қаттырақ шығады.
Тісжегі пайда болады
Бактериялар қабаты көбейген сайын эмальдің күші азаяды. Сол себепті бактериялар тістің әлсіз тұстарына оңай жетеді. Нәтижесінде тісте тесіктер пайда болады.
Тіс тасы пайда болады
Тіс тазаланбаса, жиналған қабат қалыңдап, қатып қалады. Кейін ол тіс тасына айналады. Ол жерде бактериялар әлдеқайда жылдам көбейеді. Олар қызыл иекке өтіп, түрлі инфекцияларға себеп болады.
Қызыл иек нашарлайды
Қызыл иектің қабынуының алғашқы кезеңі гингивит деп аталады. Қызыл иек ісініп, қан кетеді, бірақ тістің өзіне айтарлықтай әсер етпейді. Әрі қарай тісті орнында ұстайтын құрылымдар қабынған кезде пародонтит пен периодонтит дамиды.Тіс босап, айналасында іріңді қуыстар пайда болады, ауыздың иісі күшейеді, шайнау өте қиын болады.
Тіс түсіп қалады
Қызыл иекті уақытында емдемеу тістің түсуіне себеп болады. Кейде тіпті имплант салудың өзі қиын болады. Тіс түсіп қалса, тамақ шайнау қиынға соғады. Ол ары қарай асқазан ауруына алып келеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!