Тіске құрт түсу, тіс жегісі, ұры тіс шығу, стоматит, тістің қисық өсуі. Бүгінде бұл сөздер көп баланың мазасын алып, ата-аналардың басты мәселесіне айналды. Өйткені тісі ауырып, тіс емханасына барған баланы жиі көреміз. Мамандардың айтуынша, қазір ауыз қуысы сау бала жоқ. Оны уақытылы емдеп, алдын алмаса, тісі түзу әрі түгел болуы екі талай.
Көбі тіс тазалығына немқұрайлы қарайды. Жасыратын несі бар, тісті емдетіп, жұлдыру десе ат тонын ала қашатындар көп. Тісі ауырып, қанша жанға батса да, тек дәрі ішіп, жіті мән бермейді. Осылайша уақыт өткізіп, ауруды асқындырып алады. Иә, бұл – тек маған ғана емес, бәріне таныс жағдай. Расында, тіс дәрігеріне соңғы рет қашан тексерілгенім есімде жоқ. Тіпті өзім тұрмақ, балаларды да тексеруге апармайды екенбіз.
– Баладағы тіс ауруы кеше, бүгін пайда болған жоқ. Ол – бұрыннан бар мәселе. Дегенмен оған көп ата-ана немқұрайлы қарайды. Ең алдымен жас ана жүктілік кезде құнарлы тағамдар ішіп, түрлі витаминдерді тұтынғаны жөн. Әсіресе, жүктіліктің 18 аптасында баланың тісіне қажетті кальций витаминін қолданған дұрыс. Сондай-ақ іштегі шарана үшін ата-анасының тіс саулығы аса маңызды. Егер оларда тіс ауруы болса, нәрестенің де тісі сондай болады. Байқасаңыз, баланың сүт тісін тазалауға ешкім мән бермейді. Ал сүт тістері зақымданған болса, орнына сау тіс шықпайды. Сондықтан әрбір ата-ана осыны жадынан шығармау қажет. Кішкентай баланың өзіне тамақ ішкеннен кейін аузын таза сумен шайғызған жөн. Сондай-ақ балаға азанғы аспен кешкі астан кейін міндетті түрде тісін тазалауды әдетке айналдырып, қадағалап отыру керек. Сонда ғана тіс саулығына кепіл беріледі. Тіс тазалығына мұқият болу, түрлі аурудың алдын алады. Өкінішке орай бүгінде ауыз қуысы 100 процент сау бала жоқ. Себебі күніне кем дегенде 7-8 бала дәрігер көмегіне жүгінеді, – деді қалалық орталықтандырылған емхананың балалар тіс дәрігері Гүлнар Мырзабаева.
Дәрігердің айтуынша, тісін емдетуге келген екі баланың бірінде тіс жегісі, тістің құрттауы, ұры тістің шығуы мен түрлі асқынулар анықталады. Сондықтан баланың тісі ауырмаса да жылына екі рет тістерін тексертіп тұрғаны дұрыс. Себебі тіс ауруының асқынған түрін емдеу өте күрделі. Ал ондай жағдайда толық емдеткен абзал. Әйтпесе, соңында тісті жұлуға тура келеді. Салдарынан ауыз қуысы басқа да өзгеріске ұшырап, тістің қисық өсуіне әкеп соғады.
Мәселен, ауыз қуысындағы өзгерістен соң, тістер бірінің үстіне бірі шығады. Сонымен қатар тіс өз орнына емес, жанында түсіп қалған бос тістің орнына қисайып өседі. Мұның барлығы баланың жақ сүйегінің дұрыс дамымауына әкеп соғады. Осындайда дәрігерге қаралып, қай тіс артық болса, алып тастап немесе емдетіп, қалған тістің түзу шығуына жағдай жасаған жөн. Ал ауыз қуысындағы тіс қисайып шықса, немесе жақ сүйегі дұрыс дамымаса, уақыт өткізбей дер кезінде тіс дәрігеріне қаралған абзал. Дәрігер баланың ауыз қуысын қарап, пластинка қояды немесе брекет кигізеді. Осылайша жақ сүйегін дұрыстап, тістің қалыпты өсуін қамтамасыз етеді. Пластинка 12 жасқа дейінгі балаларға кигізіледі. Ал 15 жастан 30-40 жасқа дейін брекет салынады екен.
Байқап қарасам, менің де 3 жастағы қызымның тісінде қара дақтар бар. Бұл бала тісіндегі тіс жегінің бастапқы белгілері екен. Осы салада жиырма жылдан астам тәжірибесі бар Гүлнар Мырзабаеваның айтуынша, негізі оны тоқтатуға емес, болдырмауға әрекет еткен жөн. Өйткені олардың құрылымы әлсіз келеді. Сондықтан үгітіле береді. Микробтарға қарсы тұра алмайды. Тісжегі дегеніміз – микроб. Қазіргі кезде ауыз қуысында 2000-ға жуық микроб болатыны ғылыми негізде дәлелденген. Тістің бетіне қақ тұрады. Егер бала аузын шаймаса, тісін тазаламаса, тістің үстіндегі микроб көбейе береді. Ол тісті бұзып, уақыт өте келе тістің көрініп тұратын бөлігі мүлдем жоқ болып, тек түбірі қалады. Ал тіс жегісі мен оның асқынуына басты себеп – тәттіні шамадан тыс көп жеу, газдалған тәтті сусындарды ішу. Сондай-ақ күнделікті тамақтану тәсілі де маңызды рөл ойнайды. Қарап отырсаңыз, балалар тамақты асығыс шайнайды. Оның ішінде қатты тағамды толық шайнамай жұтады. Соның салдары үлкен мәселеге айналуы мүмкін. «Сау тіс – сұлулықтың кепілі» демекші, бала денсаулығына оның ішінде тісіне салғырттық танытпаған жөн.
Сонымен қатар тіс дәрігеріне көптің көкейінде жүрген сауалды да қойған едік. Баланың алғаш сүт тістері шыққанда қызуы көтеріліп, іші өтіп мазасызданады. Бұл барлық анаға таныс жағдай. Алайда оның ауырсынуын жеңілдетуге арналған түрлі жақпа майлар бар. Дегенмен ол жақпа майды пайдаланса, тіс шығуын кешеуілдетіп, тістің құрттауына тез әсер етеді деген түрлі пікір айтылуда. Бұл қаншалықты рас? Осы жөнінде дәлірек білсек.
– Нәрестеге алғаш рет тіс көп жағдайда 6 айынан бастап шығады. Әдетте астыңғы бір тісі қызыл иекті жарып шығып, көзге көрінеді. Тіс жарғанда бала да, ата-ана да қиналады. Өйткені бұл – екі тарап үшін де маңызды кезең. Оған еш уайымдаудың қажеті жоқ. Себебі ол тіс шыққанда жүретін қалыпты жағдай. Ата-ананың басты міндеті – баланың жанынан табылып, оның көңілін аулау. Ыңылдаған кезінде баланы көтеріп, ойнатып, көбірек емізуге тырысу керек. Ауырсынуды басу үшін қызыл иекке жағатын жақпа майды дәрігерлердің бірі қолдаса, енді бірі құптамайды. Көбі тіс табиғи түрде өзі шығуы керек деген ұстанымда. Өз басым бұл жайында нақты ештеңе айта алмаймын. Себебі медицинада оның пайдалы немесе зиян екенін әлі күнге дәлелдеген жоқ. Сондықтан ең алдымен емханадағы балалар дәрігерімен ақылдасып, оның толықтай қадағалауында болған жөн, – деді тіс дәрігері.
Сондай-ақ кішкентай баланы көбіне стоматит ауруы да әбігерге салады. Ол – балаларға тән шырышты қабықтың қабынуы. Көп жағдайда стоматит бактериялық, вирусты немесе зеңді сипатта болады. Қылшықтары қатты, тырнайтын тіс щеткасы, нашар бекітілген брекеттер немесе тіс қаптамалары, ұрт пен ерінді тістеу әдеті стоматитке әкеп соғады. Сонымен қатар баланың сүт тісі шыққан кезде де пайда болады.
Оның белгілері – ұрттың дызылдап ауруы мен ісінуі, аузынан жағымсыз иіс шығуы, тағам шайнағанда және жұтқанда ауырсынады. Ал асқынған жағдайда қызуы көтеріліп, ұйқы бұзылуы мүмкін. Шырышты қабықтың асқынуын емдеу ұзаққа созылады. Сондай-ақ қызыл иекті қалпына келтіру өте күрделі. Оған бастысы уақыт пен төзімділік керек.
Әрбір ата-ана үшін бала денсаулығы – басты орында. Сондықтан жиі кездесетін бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Адамның денсаулығының зор болуы тіске тікелей қатысты. Ойланатын жағдай. Күйбең тіршілікті сылтау етеміз. Дәрігер алдына баруға уақыт таба алмай қиналамыз. Денсаулық бәрімізге қымбат. Әсіресе, бала денсаулығына тікелей ата-ана жауапты. Сондықтан баланың тісі түгел әрі таза болсын десек, оған күтім жасауды және дәрігер кеңесіне құлақ асуды ұмытпаған жөн.
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС:
Алты жастан бастап баланың ауыз қуысының саулығы тістің тазалығымен тікелей байланысты. Бала 7 жасқа толғанда тұрақты тістер пайда болып, уақытша тістер түсе бастайды. Ал 12 жаста тұрақты тістердің барлығы шығып болады. Осы уақытта тіс сау болмаса, ауыз қуысы бұзылады. Ал 15 жаста тұрақты тістердің түбірі қатаяды. Егер осы кезде жақтың тістесуі дұрыс болмаса, жақ сүйегі бұзылып, өспей қалуы мүмкін. Сондықтан баланы жылына екі рет тіс дәрігеріне қарату керек. Егер бала жүйке, жүрек, омыртқа ауруларына шалдыққан болса, жылына үш рет тіс дәрігеріне апарған жөн. Мәселен, төменгі самай буыны омыртқа ауруымен тікелей байланысты.
Ақмарал ОЛЖАБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!