Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 06:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Трансплантология: 9 жылдан кейінгі тарихи сәт

16.12.2023

753 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Жуырда көпбейінді облыстық ауруханасында бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Бұған дейін трансплантологиялық ота 2014 жылы жасалған екен.

Араға 9 жыл салып сәтті өткен отаны Алматы қаласындағы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Баймаханов пен белгілі трансплатологтар жасады. Бұл өз кезегінде жергілікті хирургтар үшін де сәтті тәжірибе болды.

Төрт сағатқа созылған ағза ауыстыру барысында 25 жастағы қала тұрғынына жақын туысы донор болды. Үш жыл бойы жасанды бүйрек аппаратына тәуелділікпен өмір сүрген науқастың жағдайын дәрігерлер қалыпты деп бағалады. Енді ол дәрігер нұсқаулығы бойынша салауатты өмір салтын ұстанып, өзіне күтім жасауы тиіс. Бұл науқастың қалыпты жағдайда жүруіне, еңбек етуіне, белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

Жалпы елімізде соңғы 10 жыл­да трансплантология саласы ке­шен­ді дамып келеді. Оның ішін­де бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе, ұйқы безін ауыстыру отасы сәтті жүзеге асырылуда.  Алайда транс­плантология 90 пайыз туыстық донор арқылы жүзеге асырылады екен.

– Медицинада 80 пайыз транс­плантация мәйіттік донор арқылы жүзеге асуы тиіс. Алайда бұл бағыт елімізде  дамымағандықтан туыстық донорлықты пайдалануға тура ке­леді. Қазір мәйіттік донорлықты дамыту бойынша тиісті орындарға ұсыныс беріліп, мәселе қаралуда. Өкінішке орай, ағза ауыстыратын науқастардың денсаулығы уақыт күттірмейді. Оларға тез арада ота жасау керек. Тіпті кейбірі оған дейін өмір сүрмеуі де мүмкін. Соның бәрін ескере келе туыстық донорлықты қолдануға тура келе­ді, – дейді трансплантолог дәрігер Болатбек Бимендіұлы.

Хирургияда донорлық бүйректі сәтті трансплантациялау – созыл­малы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастардың өмір сүру сапасын қалпына келтіріп, олардың толық медициналық және әлеуметтік оңалуын қамтамасыз етеді. Ма­мандар мұндай жағдайды бол­дырмас үшін скрининг арқылы бүйрек ауруын ерте анықтау қажеттігін айтады.

Жалпы мамандардың жүргізген зерттеуі бойынша бүйрек ауыс­тырған науқастардың 10 жылға дейін өмір сүру көрсеткіші 70-80 пайызды құрайды екен. Бұл ағзасын ауыстырған науқастың осынша жыл өмір сүретінін білдіреді. Дегенмен күтім жақсы болса ұзағырақ өмір сүру мүмкіндігі бар.

– Трансплантация тәсілі ағза өзінің функциялық қызметін түбе­гейлі тоқтатқан кезде жасалатын амал. Диалездің көмегі уақытша болғандықтан онымен өмір сүру деңгейі 5 пайыздан аспайды. Бүгінде ағза ауыстыруға кезекте тұрған науқастардың саны тым көп. Әсіресе жастардың саны басым. Сондықтан адам өмірін сақтау үшін трансплантология саласын әрі қарай дамыту керек. Осы мақсатта Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханада осы ота түрін жасауды жөн көрдік. 25 жасар азаматқа туысқандық донорлықпен жасаған бүйрек ауыстыру отасы сәтті өтті. Мұндай медициналық шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Мұндағы хирург дәрігерлермен тәжірибе алмасу арқылы болашақта бұл ота түрін өздері жасай алатындай мүмкіндігі болады. Сыр өңірінде трансплантология саласының қа­лыптасуына осылайша үлес қос­пақпыз, – деді жоғары санатты дәрігер.

Профессор Болатбек Бименді­ұлы аймақта ағза ауыстыру кезегінде тұрған науқастардың көп екендігін айтады. Бүгінде 300-ден аса науқас диалез көмегімен өмір сүрсе, оның 190-нан астамы трансплантация жа­сатуға кезекте тұрған көрінеді.

– Ағза ауыстыру отасын жасау үшін тәжірибелі маман болуы керек. Науқас оның нәтижесін көріп, өмір сүру деңгейі артуы тиіс. Өкінішке орай, кей жерде мұндай отаның сәтсіз өткенін естіп жатамыз. Сон­дықтан дәрігердің білікті болуы маңызды, – дейді профессор.

Статистикалық мәліметке сүйен­сек, соңғы айдағы көрсеткіш бойын­ша елімізде 3961 науқас транс­плантация кезегінде тұр. Оның ішінде 3528 ересекке, 87 балаға бүйрек, 171 ересек пен 10 балаға бауыр ауыстыру қажет. Өкпе трансплантациясына 15 науқас, жүрекке 138 науқас, 7 бала, жүрек-өкпе ауыстыруға 2 ересек пен 3 бала мұқтаж.

Денсаулық саласының өзекті мәселесіне айналған ағза трансплан­тологиясының кемшін тұсы – донор тапшылығы. Мамандардың дабыл қағатыны да осы. Себебі ағза ауыстыру кезегінде тұрған науқастар донор тапшылығынан өмірмен қош айтысып жатады. Ал шешімі – мәйіттік донорлықты жолға қою. Бірақ донор болудың бұл түріне біздің қоғам дайын емес сынды.

Тағы бір әттеген-айы, донор болу науқасқа 100 пайыз сәйкес келу дегенді білдірмейді. Мәселен, 100 адам донор болса, оның 50 пайызы талапқа сай келмейтін көрінеді. Себебі бірінің қан тобы жарамаса, енді бірінің өз денсаулығында ақауы бары анықталады-мыс.

Аймаққа келіп, ағза транс­плантациясын жасаған жоғары санатты дәрігер Болатбек Бай­маханов тәжірибесінде 1000-ға жуық науқасқа ағза ауыстырғанын айтады. Оның 700-ге жуығы бүйрек, 300-ге жуығы бауырға жасалған.

Ал облыстық денсаулық сақ­тау басқармасы берген мәліметке сүйенсек, аймақта ағзасы транс­плантацияланған 85 науқас бар. Бүйрек ауыстырған науқастардың қазіргі денсаулық жағдайы жақ­сы. Ал келер жылы аймақта бауыр ауыстыру отасын жасау жоспарлануда.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: