Сәрсенбі, 16 қазан, 13:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Тұмаудан қалай сақтануға болады?

04.10.2024

233 0

Бүгінгі күні Қызылорда облысында 2024 жыл басынан бері жедел респираторлы вирусты инфекцияға 89 364 адам шалдыққан. Оның 64,7% – 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Сонымен қатар облыс көлемінде зертханалық жолмен нақтыланған тұмау ауруының 78 жағдайы анықталды, былтыр бұл көрсеткіш 68-ді құраған болатын. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігінен тұмау вирусының «А» түрі анықталды. Науқастанғандардың ауруханаға жатқызылу көрсеткіші бүгінге 4% құрап отыр. Айта кету керек, ауыр ағымдағы жіті респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққан науқастардың анализдері тұмаумен қатар коронавирус инфекциясына да зертханалық жолмен тексеруге жолданады. Қазіргі таңда жыл басынан бері аймағымызда коронвирустың 85 дерегі тіркелді. Нақты айтқанда, қаңтар-мамыр аралығында аймақта 76 адамнан COVID-19 жұқтыру дерегі анықталса, мамыр айынан бастап тамызға дейін коронавируске шалдығудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Тамыз айында 3 дерек және қыркүйекте 6 жағдай есепке алынды. Жалпы бүгінгі таңда эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалауға болады.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің м.а. №7 қаулысына сәйкес биыл тұмауға қарсы вакцинациялау 15 қыркүйектен басталды. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 85 004 доза вакцина сатып алынды. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады. Бұл тұмаудың штамдарына қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады. Вакцинациялау облыс емханаларында әлі күнге дейін жалғасуда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидаларына сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Олар ең алдымен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар және балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйінің контингенті. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша жүргізіледі. Бұдан бөлек, еңбек ұжымдары өз қызметкерлерін тұмауға қарсы ақылы түрде егуге мүмкіндіктер қарастырылған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады. Сондықтан тұрғындар, әсіресе жоғарыда атап өткен тәуекел тобындағы адамдар жауапкершілік танытып, екпе алғаны дұрыс. Бұған қоса, жұмыс орындарында ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. Тұмау мен оның асқынуларының алдын алу үшін ауруға байланысты ұзақ мерзімді жұмысқа қабілеттілігін жоғалту мен ауруханаға жатқызуды болдырмау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, ағзаны асқынулардан қорғау және тұмау эпидемиясының денсаулық салдарын азайту мақсатында жұмысшылар мен қызметкерлерге вакцинациялау маңызды. Себебі тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті. Ең жиі кездесетін тұмау ауруының асқынуы – пневмония. Басқа да жиі кездесетін асқынулар – бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит. Бұл ауру 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр ағымда өтеді. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада аймақтық дәрігерлерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет. Бұл егуге қосымша тағы сақтық шаралары ол әдеттегідей, салауатты өмір салтын ұстану – дұрыс ұйқы, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі және жеке бас гигиенасын сақтау да қосалқы сақтық шаралары болып есептеледі.

Динара Жанабергенова
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: