Бүгінгі күні Қызылорда облысы бойынша туберкулез аурушаңдығының эпидемиялық ахуалы тұрақты деп бағаланады.
Ағымдағы жылдың 5 айында туберкулез инфекциясының 177 жағдайы тіркеліп, 2024 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 10 жағдайға төмендеген.
2025 жылы перзентханада дүниеге келген 5 213 сәбидің 95,2% туберкулезге қарсы БЦЖ вакицнасымен егілді, бұл – қалыпты көрсеткіш. 174 сәби уақытша медициналық қарсы көрсетілімдерінің болуына байланысты егілмеген болса, 39 сәби ата-анасының егуден бас тартуы себепті вакцина алған жоқ.
Туберкулезбен ауыратын науқастарымен ауру ошақтарында қарым-қатынаста болған және тәуекел топтарындағы балалар мен жасөспірімдер тұрақты медициналық бақылауға алынған. Аталған контингенттің 96,4% манту сынамасымен қамтылды.
Флюрографиялық тексерістен тәуекел және декреттелген топтар бойынша 78 053 тұрғын өтті.
Туберкулез ауруы тіркелу жағдайларына байланысты 39 объектіге тергеп-тексеру жұмыстары ұйымдастырылып, індеттің алдын алу жөніндегі қаулылар берілді, кемшіліктерге жол берген лауазымды, жеке тұлғаларға әкімшілік шаралар көрілді.
Ауа барлық адамға ортақ болғандықтан туберкулез бактериясын жұқтырудан ешкім қорғалмаған. Әсiресе, балалар мен егде жастағылар үшiн өте қауiптi. Туберкулезбен ауыратын адаммен жақын қарым-қатынас жиi, әрi ұзақ болса, түрлi себептермен ағзаның қорғаныш күшi әлсірегенде туберкулез таяқшалары белсендiлiк танытып, аталмыш аурудың қозуына себепшi болады.
Бүгiнде ауру ерте анықталып, емдеу шаралары уақытылы жасалған жағдайда туберкулезден толық сауығып шығу мүмкіндігі дәлелденген.
Туберкулездің алдын алудың тиімді әдісі – профилактикалық медициналық тексеруден өту. Туберкулез рентгенологиялық әдіспен анықталады, яғни кеуде қуысын флюорорграфиялық және рентгенологиялық тексеруден өткізу. Ал балалар арасында туберкулезді анықтаудың маңызды әдісі – туберкулин сынамасын қою. Туберкулин диагностикасы 12 айдан бастап 14 жасқа жеткен тәуекел тобындағы балаларға Манту сынамасын қою арқылы жүргзіледі. Манту сынамасын бұрынғы қойылған сынамалардың нәтижесіне қарамастан жылына бір рет қояды. Балалар үшін БЦЖ вакцинасын егу ең алдымен туберкулез менингиті, ауыр түрдегі аурулардың таралуынан қорғайды.
Туберкулез – жұқпалы ауру. Сондықтан 2 аптадан астам жөтелдің болуы, тәбеттің және салмақтың төмендеуі, тершеңдік, әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы сияқты симптомдарға назар аудару керек. Ауру белгілері байқалған жағдайда тез арада медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!