Әр жыл сайын 24 ақпан-24 наурыз аралығында туберкулезге қарсы күрес айлығы өтеді. Биыл бұл айлық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекітуі бойынша «Иә! Біз туберкулезді жеңеміз!
Қазақстанның көшбасшылығы, инновация және халықтың күшімен!» деген ұранмен өтуде. Бұл ұран жай сөздер емес, туберкулезді жою үшін барлық деңгейде күш біріктіруге шақыру. Іс-шараның мақсаты – аурудың алдын алу маңыздылығы мен онымен күресуде белсенді әрекет ету қажеттігі туралы халықтың хабардарлығын арттыру, денсаулық үшін ортақ жауапкершілікке тәрбиелеу, уақытылы скринингтік тексерулерден өтуді насихаттау.
Айлық аясында Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның аумақтық басқармалары өңір халқы арасында санитариялық ағарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Білім беру мекемелері мен түрлі ұйымдарда кездесулер, семинарлар өткізіп, туберкулездің берілу жолдары, клиникалық белгілері мен сақтану жолдары туралы ақпараттар ұсынылуда.
Туберкулез – қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Уақтылы медициналық көмекке жүгіну, вакцинациялау және салауатты өмір салтын ұстану оның таралу қаупін едәуір төмендетуге көмектеседі. Осы бағытта 2025 жылы облыста скрининг арқылы тексерілуге жоспарланаған тәуекел тобындағы 242 700 адам флюорографиялық тексеруден өтті, дүниеге келген 15590 сәбидің 96% БЦЖ екпесімен қамтылды.
Облыста 2025 жыл қорытындысымен туберкулез инфекциясының 355 жаңа жағдай тіркелді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға төмен. Туберкулез инфекциясынан 14 жасқа дейінгі балалар арасында эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып бағаланды.
Ауа барлық адамға ортақ болғандықтан туберкулез бактериясын жұқтырудан ешкім қорғалмаған. Туберкулезбен ауыратын адаммен жақын қарым-қатынас жиi әрi ұзақ болса, түрлi себептермен ағзаның қорғаныш күшi әлсірегенде туберкулез таяқшалары белсендiлiк танытып, аталмыш аурудың өршуіне себепшi болады.
Бүгiнде ауру ерте анықталып, емдеу шаралары уақытылы жасалған жағдайда туберкулезден толық сауығып шығу мүмкіндігі дәлелденген. Осы орайда Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әлсіздік, 2 аптадан астам жөтел, дене қызуының көтерілуі мен тершеңдік, салмақ жоғалту сияқты белгілер байқалғанда өзін-өзі емдеумен айналыспай, медициналық көмекке жүгіну қажеттігін еске салады.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
