Өңірде эпидахуал біршама тұрақталып, облыс «сары» аймақтағы орнын сақтап тұр. Дегенмен босаңсуға әлі де ерте дейді дәрігерлер. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жалғасбек Үсенов аймақтағы ахуалға тоқталып, екпе алу жұмыстарының барысын кеңінен баяндап берді.
Жалғасбек Тұрлыбекұлының айтуынша күз мезгілі тұмау, салқын тию секілді ауру инфекцияларын қоздырады. Бұл кезеңде коронавирус инфекциясы тұмаумен араласып, аурудың асқыну қаупі бар. Сондықтан вакцина алып, сақтық шараларын сақтаған жөн дейді.
«Аурушаңдық деңгейінде төмендеу тенденциясы бар. Мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер арасында ұжымдық иммунитет қалыптасқанын байқадық. Себебі коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны азайған. Ал, ем алып жатқандардың 98 пайызы вакцина алмағандар екенін баса айтқымыз келеді», – деді брифингке қатысқан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Мүтәліпқызы.
Айта кету керек, бүгінде күніне 1300-1500 адам екпе салдыртуда. Екпе кабинеттерінің 3500-ге дейін жүктемені орындауға мүмкіндіктері бар. Жалпы бүгінге дейін облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың 16 509 дерегі тіркелген. Оның 21% 2020 жылғы есепке алынса, 78,9% ағымдағы жылы анықталған. Барлық тіркелген коронавирус инфекциясының 2% сырттан тасымалданған. 58% скринингтік тексеру нәтижесінде анықталса, 40% қарым-қатынас арқылы жұқтырғандығы белгілі болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!