Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Вакцина салдырған соң бала көтеруге бола ма – дәрігерлер не дейді

22.04.2021

1860 0

Мамандар коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң 6 айдан кейін жүктілікті жоспарлауға болатынын айтты. Коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң жарты жыл бала көтеруге болмайды. Себебі вакцина әлі толық тексеруден өткен жоқ. Екпе бойға біткен балаға кері әсер етуі мүмкін. Мұндай пікірді алматылық дәрігерлер айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматы қаласы №15 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері Альмира Көпжасарованың айтуынша, вакцина жарты жыл ішінде әсер ете бастайды.

«Covid-19 – жаңа ауру. Оны зерттеу әлі жалғасып жатыр. Соған байланысты қазір жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар әйелдерге вакцина алуға рұхсат берілмеген. Себебі вакцина толық зерттелген жоқ. Әйелдің ішіндегі балаға да әсері болуы мүмкін. Оны толық айта алмаймыз, сол себепті жүкті әйелдерге вакцина салдырмаған дұрыс», – дейді эпидемиолог.
Жүктілік кезінде әйелдің ағзасында әртүрлі өзгеріс болады. Соған байланысты тек коронавирусқа қарсы екпені ғана емес, өзге де вакцинаны салдырмаған жөн.

Сонымен қатар эпидемиолог коронавирусқа қарсы вакцинадан кейін жарты жыл жүктілікті жоспарламауға шақырды.

«Вакцинаны салдырғаннан кейін ағзада өзгерістер болады. Вакцина салдырған соң қыз-келіншектер 6 айдан кейін ғана жүктілікті жоспарлауы керек. Егер вакцинадан кейін сәби көтерсе, дәрігердің бақылауында болғаны жөн», – дейді Көпжасарова.

Оның сөзінше, кез келген екпеден кейін адамның дене қызуы көтеріліп, ине салған жер ауырсынуы мүмкін. Ал қызылшаға, шешек ауруына қарсы вакцинаны жүктілік кезінде дәрігердің нұсқауымен ғана алуға болады.

Сондай-ақ маман вакцинаның бірінші компонентін алған соң міндетті түрде екінші бөлігін салдыру қажет екенін айтты. Ауруға қарсы иммунитет пайда болуы үшін екінші компонентін де салдыру керек, дейді ол.

Эпидемиологтың пікірімен гинеколог маманның ойы бір жерден шықты. Алматы қаласы №18 қалалық емхананың әйелдер консультациясының меңгерушісі, гинеколог Әсел Ағламова коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасқан соң ғана жүкті болуды ұсынды.

«Жүктілікті вакцина салдырғаннан соң алты айдан кейін жоспарлау керек. Репродуктивті жастағы (15-49 жас аралығы) әйелдер тезірек вакцина алса, соғұрлым жүктілікті жақын уақытқа жоспарлай алады. Вакцина иммунитет қалыптастырады және коронавирус жұқтырмауға көмектеседі», – дейді гинеколог.

Айтуынша, вакцина салдырғаннан кейін жүкті болған әйелдер тез арада акушер-гинеколог пен терапевтке көрінуі керек. Мамандар әйелді жүктіліктің 12 аптасына дейін қатаң бақылауға алады. Баланы дәрі-дәрмек арқылы қалыптастырады. Әр әйелге медициналық көмек жеке-жеке бекітіледі.

Егер әйел коронавирустың бірінші компонентін салдырған соң жүкті болса, екінші бөлігін салдырмайды.

«Вакцинадан кейін бірден жүкті болмауға кеңес береміз. Әйел дәрігерге көрініп, сақтану туралы кеңескені жөн. Сол себепті пациенттерге вакцина салдырмас бұрын және вакцина салдырған соң дәрігерге қаралуды ескертеміз. Не болмаса телефон арқылы мазалаған сұрақтарын қоюы керек», – дейді маман.
Оның айтуынша, бұл кез келген вакцинаны салдырған кезде сақталу қажет талаптың бірі. Себебі кей жағдайда түсік болуы немесе баланың жүрек соғысы тоқтап қалуы да мүмкін.

Кез келген вакцинаны салдырғаннан алты ай өткеннен кейін ғана жүктілікті жоспарлау қажет, дейді Ағламова.

Әйел вакцина салдырған соң жүкті болған жағдайда жүктіліктің 12-ші, 20-шы, 32-ші аптасында ерекше тексеріледі. Бұл уақытта балада туа біткен даму ақауының бар-жоғын анықтау үшін скрининг жүргізіледі. 20-шы аптада баланың қол-аяғы шыға бастайды, жүрек соғысы, тыныс алуы анық көрінеді. Кей жағдайда жүктіліктің 22-ші аптасына дейін баланы медициналық көрсеткіштер негізінде жүктілікті тоқтату туралы шешім қабылданады.

Егер баланың денсаулығында ерекшелік болса, әйелді жүктіліктің 32-ші аптасында босануға жібереді. Ал жалпы дәрігерлер әйелді сәби дүниеге келгенше бақылауға алады.

Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпанда азаматтарды вакциналау басталды. Ресейлік «Спутник V» вакцинасы ерікті түрде және тегін салынады. Вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға, созылмалы ауруы бар азаматтарға, жүкті әйелдерге салынбайды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: