Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Вакцинация: үміт пен күдік

09.02.2021

2934 0

Коронавирус індетінің Қытайда тіркелгеніне 406 күн өтті. Алғашында бұл вирусқа бей-жай қарағанымызбен, дәл осы індет өмірімізді түбегейлі өзгертті. Күллі жер бетіне тараған ауру 2 миллион адамның өмірін жалмап кетті. 100 миллион адам жұқтырған дертті жеңудің ендігі амалы табылғандай. Бұл, әрине, вакцинация.

Тосыннан келген індетпен күресу адамзат баласына оңай болған жоқ. Дәрігерлер сәт сайын түскен науқастарға ем-дом жүргізсе, ғалымдар вирустың алдын алу жолын іздеді. Бүгінгі күні екінші мәселе шешімін тапқандай. Қазіргі сәтте ресми түрде тіркеліп үлгерген вакциналар бар. Ол вакциналарды салдырып жатқан мемлекет қатары да аз емес. Сол тізімнің ішінде Қазақстан да бар. Бізде вакцина егу науқаны 1 ақпанда басталды. Әзірге отандық өнім емес, көршілес Ресейдің «Спутник V» екпесін қолданудамыз.

Ресейлік вакцина қалай дайындалды?

Вакцинаның ресми сайтында «әлем бойынша ең алғаш тіркелген вакцина» деп жазылған. Әлемнің 15-тен астам елінде ресми тіркелген екпе адамның аденовирустық векторлық платформасына негізделген.

Вакцинация: үміт пен күдік

«Спутник V» әлемде тіркелген үш вакцинаның бірі және оның тиімділігі 90 проценттен асады. Бұл вакцинаның екі дозасын да салдырған 19 866 еріктінің ішінде тек 78 адамнан КВИ анықталған. Бүгінгі таңда Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (РТИҚ) өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр. Екі дозадан тұратын вакцинаның бір дозасы шет мемлекеттер үшін 10 доллардан аспайтын бағаға сатылады. Екпенің лиофилизиранған, яғни құрғақ түрін +2 мен +8 градуста сақтауға болатындықтан шалғай мемлекеттерге де жеткізуге болады. Ресми сайттағы мәлімет бойынша «Спутник V» вакцинасының 1,2 млрд данасына 50 ел тапсырыс берген. Вакцинаны әлемдік нарыққа жеткізумен РТИҚ-тың Қытай, Бразилия, Үндістан мен Оңтүстік Кореядағы халықаралық серіктестіктері айналыспақ.

Негізінен вакцинаны жасап шығару үшін ресейлік ғылымдар SARS-COV-2 атты жаңа вирустың генетикалық материалынан фрагментін бөліп алған. Аталған фрагмент «тәж» структурасын құрайтын және адам жасушасымен байланыстыратын S ақуызын бөліп шығарған. Нәтижесінде S ақуызды адамға бұрыннан таныс аденовирус векторына енгізіп, ең алғаш вакцина пайда болды. Ал вакцинаның екі дозадан салыну себебі ұзақ уақыттық иммунитет қалыптастыру үшін екі түрлі аденовирустық векторды енгізу үшін екен. Бұл өз кезегінде вакцинаның қуатын арттырып, вирусты жеңуге көмектеседі. Ал адамның аденовирустық векторын қолдану қауіпсіз деп сендіреді ғалымдар. Себебі ЖРВИ тудыратын векторлар адам ағзасына тансық емес делінген sputnikvaccine.com сайтындағы вакцина туралы жарияланған ақпаратта.

Елімізде вакцинация қалай жүреді?

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе салу шарттары туралы ақпарат Covid-19 вирусына байланысты арнайы іске қосылған Coronavirus2020.kz ресми сайтында жазылған. Мәселен, ақпаратта елімізде вакцина салдыру ерікті түрде, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі делінген. Бұл туралы аталған баптың 18-бөлігінде «ҚР азаматтарының емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға құқықтары бар» деп жазылған.

Елімізде вакцина егу науқаны кезеңкезеңімен жүзеге асырылмақ. Алғашқы кезекте әрине вируспен бетпе-бет күресіп жүрген медицина мамандары екпе салдырады. Одан кейін мұғалімдер мен жұқтыру қаупі жоғары болып саналатын жұмыс орындарының қызметкерлеріне вакцина салынбақ. Мұнан соң студенттер, ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі секілді мемлекеттік күзет қызметінің мамандары мен созылмалы аурулары бар жандар екпе салдыра алады. Мұнан соң, кезең бойынша екпе егу контингенті кеңейтілмек.

Ресми сайттағы ақпаратта елде вакцина салдыру халықтың осал топтары үшін тегін ұсынылады делінген. Бұл топқа ардагерлер, мүгедектер, созылмалы ауруы бар жандар, зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айрылғандар, көпбалалы және толық емес отбасылар кіреді. Алайда 27 қаңтарда орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов «Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында вакцинация тегін болады. Елде вакциналауды мемлекет есебінен жүргізу қарастырылып жатыр. Үкімет резервінен тиісті қаражат бөлінеді. Тиісінше вакциналау тегін болады» деді.

Отандық вакцина қашан дайын болады?

Биылғы жылдың екінші тоқсанынан бастап елде отандық «QazCovid-in» вакцинасын қолданысқа енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда вакцина үшінші клиникалық сынақтан өтіп жатыр.

Өткен жылдың 19 желтоқсанынан бастап бүгінге дейін 3 мың еріктіге отандық екпе егілген. Екпе салдырған еріктінің барлығы медициналық сақтандырумен қамтамасыз етілген, тиісті өтемақы да төленген. Алғашқы екі кезеңдегі сынаққа жалпы саны 244 адам қатысқан. Екпені салдырғандар өздерінің қалыпты өмірін жалғастыра береді. Тек олардың денсаулығы толық қадағаланады. Вакцинаны салдырған ерікті азаматтар арнайы келісімге қол қоятындықтан, кей ақпаратты жария ете алмайды. Десе де министрліктің мәліметінде отандық «QazCovid-in» вакцинасы 1-2 клиникалық сынақта 96 процент тиімділікті көрсеткен.

Вакцинация: үміт пен күдік

«Елдегі Ұлттық зерттеу институты 1958 жылдан бері 70-ке тарта вакцина түрін ойлап тапқан. Коронавирусқа қарсы отандық вакцина сенімді компоненттерден тұрады» деп ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын. Отандық вакцинаны дайындау кезінде қолданылған жалғыз жаңа компонент – белсенді емес вирус. Мамандардың айтуынша, инактивті вакцинаны дайындау технологиясы қарапайым. Ол басқа вакциналарға қарағанда қауіпсіз және тиімді әсер етеді екен. Мұндай вакцинаны егу нәтижесінде адамда мықты иммунитет қалыптасады. Отандық инактивті вакцинаны дайындау үшін қолданылған компоненттер бұрыннан қолданыста бар және олардың зияны болмаған. Сол үшін Қазақстан ғалымдары «QazCovid-in» вакцинасын дайындауда инактивті түрді таңдаған.

Бүгінгі күнге дейін отандық вакцинаны салдырғандар қатарында вакцинаны әзірлеген ғалымдар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бар.

Вакцинаны кімдер салдыра алады?

Елімізде вакцина 18-65 жас аралығындағы азаматтарға ғана салынбақ. Екпені салдыра алмайтындар қатары да бар. Оның ішінде вакцинаға қарсы көрсеткіші бар адамдар қатары да жоқ емес.

Мысалы, «Спутник V» вакцинасы жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцина құрамындағы заттарға жоғары сезімталдығы бар жандарға салынбайды. Сонымен қатар 1 ақпанда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлы соңғы 6 ай көлемінде коронавирус індетімен ауырғандарға вакцина салдыруға болмайтынын мәлімдеді. Алайда «сипмтомсыз, дәрігерге қаралмай, тіпті өзінің вирус жұқтырғанын байқамаған жандар вакцина салдырса не болады?» деген сұраққа мамандар тұщымды жауап бере алмаған еді. Десе де облыстың бас дәрігері мен бас санитарлық дәрігері вакцина салдырған жан 30 минут бойы дәрігердің, кейін 3 күн тіркелген медициналық ұйымның бақылауында болатынын айтты. Онымен қоса, вакцина салдырған әрбір жанға екпеден кейінгі мүмкін асқынулар туралы ескертіледі және ақпараттық материалы бар ескертпе беріледі.

Жалпы вакцина салдырғаннан кейін үш күн көлемінде қысқа мерзімді жалпы ұқсас синдром болуы мүмкін. Яғни, вакцинадан кейін дене қызуы көтеріліп, бас ауруы мен денеде реакция болуы қалыпты жағдай. Егілген дене бөлігі ісініп ауруы, қызаруы да мүмкін. Ал 21 күннен кейін екпенің екінші дозасын салар алдында дәрігер вакцинаға қарсы көрсетілімдер бар-жоғын анықтайды. Егер қарсы көрсетілімдер болса ол асқынуға жатқызылып, медицина мекемесінің және санитарлық-эпидемиологиялық бөлімнің басшысына айтылып, науқасқа жедел көмек көрсетілуі тиіс.

Мамандар не дейді?

Бүгінгі таңда вакцинаны салдырғандар қатары аз емес. 1 ақпанда басталған вакцинациялау науқанының бірінші күніндеақ облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов пен аймақтың бас санитар дәрігері Динара Жаңабергенова «Спутник V» вакцинасын салдырып үлгерді.

1 ақпанда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлы вакцинадан кейінгі сезімімен бөліскен еді.

– Мен бүгін ерікті түрде өзіме екпе ектірдім. Вакцина салдырғаннан бері жеті сағат өтті, кері әсер берген жоқ. Сол себепті барша халықты коронавирустан қорғану үшін екпе салдыруға шақырамын. Әлемді жайлаған індеттің таралу қаупін тек екпе салдыру арқылы ғана төмендете аламыз, – деді өз сөзінде облыстың бас дәрігері Сәбит Пазылов.

Вакцинация: үміт пен күдік

Басшылықтан бөлек екпені салдырған медицина қызметкерлері де бар. «Interteach» ЖШС клиникасының терапевт-дәрігері Бидаш Адиатқызы сол жандардың қатарында. «Вакцина салу үшін басшылық тарапынан ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Өз еркіммен, індеттен сақтану үшін салдырдым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Негізі вакцинаны барлық адам салдырған дұрыс деп есептеймін» деді маман. Сондай-ақ ол сөзінде вакцинациядан бас тартқан әріптестері де барын тілге тиек етті.

Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 25 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық «QazCovidin» вакцинасы сынақтан сәтті өтсе «отандық вакцинаны салдырамын» деп мәлімдеген болатын. Вакцина салдырудың маңыздылығы туралы мемлекет басшысы 1 ақпанда өзінің Twitter-дегі парақшасында үндеу-жазба жариялады.

– 1 ақпан күні Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы жаппай вакцина салу басталды. Біз індетке қарсы әлемдік тәжірибені қолданып отырмыз. Вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы, – деп жазды Президент.

Сондай-ақ халықты вакциналау шығындарының барлығын мемлекет көтеретінін нақтылап айтты. «Вакцина салуға денсаулығы жарамайтын азаматтардан басқалары, жаппай пандемия жағдайында екпенің аса маңызды және қажетті екенін түсінеді деп ойлаймын» деді Мемлекет басшысы.

Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы, эпидемиолог Әлия Ыдырысова «Вакцина ұжымдық иммунитет қалыптастырады» деді Оның сөзінше вакцина жыл сайын 3миллиондай адамның өмірін дерттен сақтайды. Кейбір адамдарға, мысалы, ауыр науқастарға, белгілі бір вакцина алуға болмайды, сондықтан олар ауру таратпау үшін басқа адамдардың егілуіне тәуелді екен. «Вакцина қабылдау ұжымдық иммунитет қалыптастырады, ал бұл жұқпалы аурулардың таралуын бәсеңдетеді. Сондықтан пандемия кезіндегі қауіпті ескере отырып, халықты екпе салдыруға шақырамын» деді эпидемиолог облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.

Қоғамдық пікір екіге бөлінді

Соңғы уақытта екпенің қандай түрі болмасын, бұл туралы қоғамдық пікір екіге бөлінді. Бірі екпе салдыруға қарсы болса, өзгесі аурудың алдын алуды ойлайды. Коронавирусқа қарсы вакцина салынады деген жаңалық пайда болған тұста да екпені салдыратын және салдырмайтындар болып бөлінді. Халық арасында вакцина салу арқылы адамдарды чиптейді деген ақпарат та тарап кетті. Бұл туралы «Coronavirus2020.kz» сайтында «Қазақстан Республикасында бірдебір вакцинация адамды чиптеумен байланысты емес. Вакцинация салдырмас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы» деп жазылған.

– Өзім де, отбасым да вакцина салдырмаймыз. Шетелде вакцинадан кейін қайтыс болғандар бар. Оның үстіне желіде дәрігерлерді екпе салдырмаса жұмыстан шығарамыз деп мәжбүрлеп жатқан видеолар тарап кетті. Сол үшін вакцина салдыруға қарсымын. Дәрігерлер вакцина салдырып болған соң біраз уақыт өткеннен кейін бұл ойым өзгеретін шығар, – дейді қала тұрғыны Абзал Еңсебеков.

Қоғамда вакцина салдырғысы келетіндердің пікірі мүлде өзгеше. Олар екпенің аурудың алдын алатынына сенімі мол. Мысалы, Айнұр Жақыпқызы вакцина салу ақылы не тегін болса да салдыратынын айтты.

– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп халқымыз бекер айтпаған. Бұл вирус талай адамның өмірін қиды. Өз амандығым мен саулығым үшін вакцина салдырамын. Оның үстіне Үкімет өз халқына қастандық жасайды деп ойламаймын. Вакцина да қолданысқа берілер алдында бірнеше сынақтан өтті. Сол себептен оның сапасына шүбә келтірмеймін, – деді ол.

Электронды куәліксіз жүре аламыз ба?

Халық арасында «Вакцина салдырған адамға арнайы куәлік береді. Вакцина салдырмасаң емін-еркін жүре алмайсың» деген қауесет тарады. Алайда мамандар екпе салдырмаған адамдарға ешқандай шектеу шаралары қарастырылмаған дейді.

«Егер адам вакцина салдырмаса қоғамдық орындарда жүре алмайды, басқа қалаларға бара алмайды» деген сөздер жалған. Оларды шектеу үшін ешқандай шара енгізілмейді. Екпе салдырған жандарға арнайы электронды паспорт беріледі деген ақпаратты халық арасында дұрыс түсінбей жүргендер де бар. Жалпы «вакцинацияның электронды паспорты» деген не?

«Вакцинацияның электронды паспорты – бұл вакцинаның медициналық тарихы. Бұл вакцина қабылдайтын халықты бақылау және үздіксіз мониторинг жүргізу үшін денсаулық сақтау саласындағы негізгі модуль (функционалдылық). Қазіргі уақытта вакцинацияның электрондық паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеттілігі медицина қызметкерлері үшін денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттер үшін «eGov Mobile» мобильдік қосымшасын пайдалану арқылы іске асырылатын болады.

Вакцинацияның электрондық паспорты вакцинация ем-шарасынан өткеннен кейін тікелей «eGov Mobile» мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Вакцинацияның электрондық паспорты азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, вакцинация ем-шарасының кезеңділігі, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат қамтылады» – деп coronavirus2020.kz ресми сайтында жазылған.

Вакцинаға байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас дәрігері мен бас санитарлық дәрігері де өңірде екпе салдырмағандарға ешқандай шектеу болмайтынын айтты. Қысқасы екпенің электронды паспорты тек медициналық тарихына ғана енгізілмек. Мұндай паспорт туғаннан бастап салынатын екпелерде де барын естен шығармаған жөн.

Өңірде вакцинация қалай өтуде?

Қызылорда облысына 1 ақпанда «Спутник V» вакцинасының алғашқы дозасының 1000 данасы жеткізілген болатын. Оны егу жұмыстары үшін қалалық №1, №3 пен №6 емханаларынан 3 егу кабинеттері дайындалды. Екпені егу жұмыстарын жүргізуге облыс бойынша барлығы 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған.

Жоспар бойынша аймақ халқының 80 мыңына вакцина салу көзделген. Оның 8,4 проценті медицина қызметкері, 23,5 проценті педагогтар, 56,7 проценті жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары созылмалы аурулары бар контингент, 10,3 проценті студенттер мен 1,0 проценті медициналықәлеуметтік мекеме қызметкерлері. Облыс бойынша екпе егу науқанына 8 стационар, 61 алғашқы медициналық-санитарлық мекеме жұмылдырылмақ. Оларда 54 фильтр кабинет пен кері байланыс жасауға арналған 79 телефон шақырту мен консультация үшін қызмет етеді. Сондай-ақ үй жайында қызмет көрсету үшін қосымша 81 автокөлік бөлінген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес күнде жалпы саны 460 адам «Спутник V» вакцинасын салдырған. Ең алғашқы күні 105 адамға коронавирусқа қарсы екпе егілген болса, өткен аптаның жұма күнінде 60 адам вакцинацияланған. Екпе егудің алғашқы үш күнінде 340 адамға вакцина салынса, оның 320-сы медицина қызметкерлері. Қалғаны өз еркімен екпе салдыруға ниет білдірген тұрғындар.

Әзірге вакцинация алғашқы келген 1000 дозамен тек облыс орталығында ғана жүргізілуде. Ал келесі вакцина дозалары аймаққа жеткізілген соң аудандарда да екпе Басы 1-бетте егу науқаны басталмақ.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: