Жұма, 10 мамыр, 20:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Вице-министр сапары: Денсаулық саласының жетістігі де кемшілігі де айтылды

10.06.2023

412 0

Бейсенбі күні Денсаулық сақтау  вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев аймаққа іс-сапармен келді. Өңірдің медицина саласындағы өзекті мәселелерімен танысу, сала мамандарымен кездесу мақсатында арнайы келген министрдің орынбасары бірқатар нысанды аралады.

Тасбөгет кентіндегі №4 қалалық емхана 2000 жылы құрылған. Бүгінде кент және оған қарасты Ақжарма, Иіркөл елдімекені мен Ақсуат ауылдық округі тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Вице-министр аталған денсаулық нысанына арнайы ат басын бұрды. Өз кезегінде мекеменің жұмыс барысы ондағы кабинеттердің жабдықталуы, ғимараттың ішкі жай-күйімен танысты. Мұн­дағы басты мәселе – емхана ғимаратының тарлығы және медициналық қызмет көрсету талабына сәйкес келмеуі. Бұл мәселені аралау барысында вице-министрдің өзі де байқады. Осылайша көптен бері кент жұртшылығының базынасы болған мәселеге вице-министр құлақ түрді. Емхананың бас дәрігері Бақыт Піржанова жаңа ғимарат салуға дайын жер телімі барын, дегенмен құрылысқа тиісті қаржы бөлінбегенін жеткізді. 350 тұрғынды қабылдауға арналған емхана қазіргі таңда 40 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетеді. Сондай-ақ маман тапшылығы да бар. Соған қарамастан медицина мекемелеріне қойылатын талапқа сай жұмыс істеп, өзге емханалар ара­сында үздік деп танылған. Мәселенің мән-жайымен танысқан вице-министр Тимур Сұлтанғазиев назарға алынатынын айтты.

Іс-сапар барысы мұнан соң облыстық меди­циналық жедел-жәрдем стансасында жалғасты. Қазіргі таңда жедел-жәрдем станса­сы құрамында 4 қалалық, 9 аудандық және медициналық авиация бөлімшесі мен опера­тивті бөлім жұмыс жасайды. Жалпы саны 50 шақырыс тобында 4 кардио бригада, 4 пе­диатриялық, 10 желілік дәрігерлік және 32 фельдшерлік бригада бар. Осы орайда облыстық медициналық жедел-жәрдем станса­сының басшысы Алмат Құрманғали ме­кеме жұмысын, ондағы оң көрсеткіштер мен маңызды мәселелер туралы айтты. Оның ішінде қаржы тапшылығы, аудандық қосалқы бөлімшелердің ғимараттары типтік емес және ең төменгі санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін, санавиациялық қызмет көрсе­ту­де Арал, Қазалы, Қармақшы және Жанақорған аудандарына ұшақ қонатын алаңдардың тозығы жеткенін, күрделі жөндеу жұмыстары қажет екендігін жеткізді. Сонымен қатар оқу-симуляциялық орталығының жұмысын жандандыру, алғашқы медициналық көмек және реанимация түрлеріне оқытуға сырттан берілетін сұраныстарға  әзірлену, оқыту лицензиясын алу, мекемеге қажетті заманауи автогараж салуда өзекті мәселеге айналған. Әсіресе санавиациялық қызмет көрсетуде туындайтын мәселелерді жоюға ықпал етуін сұрады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бұдан бөлек облыстық көп­бейінді ауруханаға барды. Аурухананың тыныс-тіршілігімен бас дәрігер Нұриддин Әмитов таныстырды. Аймақтағы бірден-бір аурухана емдеу орны 525 науқасқа арналған. Мұнда қазіргі таңда 193 дәрігер, 610 орта буын қызметкерлері еңбек етеді. Ал ауруханада 18 бөлімше орналасқан. Көпбейінді облыстық аурухана дәрігерлері бүгінде аймақ халқына тиісті ем-дом шарасын жоғары деңгейде көрсетіп келеді деуге болады. Түрлі күрделі оталарды да осында жасауға барынша жағдай жасалған. Мамандардың біліктілігін арттыруға да мүмкіндік қарастырылған. Өз кезегінде аурухана басшысы Нұриддин Әмитов қала­ның сол жағалауында қан орталығы мен онкологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Құрылыс аяқталса мекеме ғимаратында орналасқан қан орталығы мен онкологиялық орталық сонда көшірілмек. Соның аясында аурухана жанынан 70 орындық босану бөлімі ашылады деп жоспарлануда.

Аурухана жұмысымен танысқан вице-министр ауруханада ем қабылдап жатқан науқастарды да назардан тыс қалдырмады. Денсаулық жағдайын, қандай да бір шағымы барын сұрады.

Жоспарға сәйкес медицина саласының мамандарымен кездесу аурухананың мәжіліс залында өтті. Онда емхана бас дәрігерлері, сала мамандары бас қосты. Жиында маңызды деген мәселелер қозғалды. Әсіресе емханалардағы медициналық қызмет көрсетудегі кемшіліктер, тиімсіз тұстар, қаржы мәселесі, маман тап­шылығы сынды өзекті жайттар талқыланды.

Халыққа сапалы және қолжетімді көмек – парызымыз

Қызылорда облысына жұмыс сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев «Достық» үйінде бұқа­ралық ақпарат құралдарымен баспасөз кон­ференциясын  өткізді.

Жиында сөз алған вице-министр Қызыл­орда облысына келу сапары «Орталық атқа­рушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Жарлығын орындау мақсатында екендігіне тоқталды. Іс-сапар барысында қалалық 4 емхананың, облыстық аурухананың, жедел жәрдем станциясының жұ­мысымен танысқандығын тілге тиек еткен вице-министр, облыс тұрғындарының өзек­­жарды мәселелерін халықпен кездесу бары­сында тыңдап, оны назарға алғандығын айт­ты. Сондай-ақ халықпен кездесу өткізгенін жеткізді.

– Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйе­сінің басым бағыттарының бірі – халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету екенін атап өткім келеді. 2022 жылы Қызылорда облысында жалпы өлім-жітім 21%-ға төмендегенін, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 16%-ға, обырдан болатын өлім-жітім 12%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және туберкулезден болатын өлім-жітім – 22%-ға төмендегенін атап өткім келеді. Денсаулық сақтау саласындағы негізгі буын – медициналық-санитариялық алғашқы көмек.  Халықтың сұрауы бойынша жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету көзделген амбулаториялық жағдай­ларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді, – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министрдің айтуынша,  ұлттық жоба шеңберінде Қызылорда облысының ауылдық елді мекендерінде 27 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 78 мың дәрігер, оның ішінде Қызылорда облысында 2,1 мың дәрігер жұмыс істейді. Өңірде дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 128 маманды құрайды. 2022 жылы ел өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 1809 түлегі, оның ішінде Қызылорда облысына – 54 түлек, оның ішінде ауылға 24 түлек бөлінгені айтылды. Дәрігерлерге, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2022 жылы республикалық бюджеттің есебінен 4700 білім беру гранты, оның ішінде 1500 резидентура гранты бөлінсе, оның 30-ы біздің аймаққа тиесілі. 2023 жылдың басынан бастап Қызылорда об­лысын амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 8 млрд теңгеден астам, стационарлық көмек үшін 7 млн теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алынғандығын жеткізді.

Жиын соңында журналистердің сауал­дарына жауап берген вице-министр Президент­­тің тапсырмаларын орындау және халыққа медициналық көмектің сапасын арттыру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдана­тындығын баса айтты.

Айдана СЕЙІЛ,

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: