Дүйсенбі, 10 қараша, 20:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

Жалған ақпаратқа нүкте қойылды: Эпилепсия мен инсульт науқастарына тегін көмек жалғаса ма?

10.11.2025

62 0

Фото: gov.kz

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде қант диабеті, церебральды сал ауруы (БЦП) және басқа да созылмалы аурулары бар пациенттер медициналық көмек пен дәрі-дәрмектерге қолжетімділіктен айырылды деген ақпарат тарауда. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің хабарлауынша, әлеуметтік мәні бар және созылмалы ауруларға шалдыққан азаматтарға медициналық көмектің көлемі мен сапасы бойынша барлық кепілдіктер толық көлемде сақталады. Эпилепсия мен инсульттан кейінгі жағдайлар әлеуметтік мәні бар аурулар тізіміне қосылды.

ТМККК аясында 11 ауру түрі тегін емделеді

Жаңартылған тізбеге 11 нозология енгізілді. Бұл аурулар бойынша медициналық көмек пен дәрі-дәрмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында – пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.

ТМККК пакетіне мыналар кіреді:

• туберкулез;
• АИТВ инфекциясы;
• созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр цирроздары;
• қатерлі ісіктер;
• психикалық және мінез-құлық бұзылыстары;
• орфандық (сирек кездесетін) аурулар;
• жіті миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай);
• жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
• орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары;
• эпилепсия;
• цереброваскулярлық аурулар (инсульттан кейінгі жағдайлар – бір жыл бойы).

Эпилепсия мен инсульттан кейінгі жағдайлар тізімге алғаш рет енгізілді. Бұл шешім ұзақ мерзімді бақылау мен тұрақты дәрі-дәрмек қабылдауды қажет ететін азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қорғауды күшейтуге бағытталған.

Эпилепсия әлеуметтік мәні бар аурулар қатарына қосылды

Диспансерлік науқастардың бірыңғай тіркелімі бойынша, Қазақстанда эпилепсиямен 94 мыңға жуық адам, оның ішінде 31 мың бала тіркелген.
Жыл сайын бұл санаттағы азаматтарға 4 млрд теңге сомасына 14 түрлі дәрілік зат тегін беріледі.

Эпилепсияны әлеуметтік мәні бар аурулар қатарына енгізу – пациенттердің уақтылы, тегін және сапалы медициналық көмекке қол жеткізуін, сондай-ақ тұрақты дәрі-дәрмекпен қамтылуын қамтамасыз етеді.

Инсульттан кейінгі қолдау – қалпына келудің шешуші кезеңі

Цереброваскулярлық ауруларды (инсульттан кейінгі жағдайларды) тізімге енгізу келесі мүмкіндіктер береді:

• үздіксіз оңалтуды және тұрақты бақылауды қамтамасыз етуге;
• қалпына келтірудің маңызды кезеңінде дәрі-дәрмекпен емдеуді жалғастыруға;
• қайталанатын инсульт қаупін азайтуға.

Инсульттан кейінгі алғашқы 12 ай – адамның өмірінде ең шешуші кезең. Сондықтан мемлекет осы уақытта қолдауды күшейтеді.

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне ауысатын аурулар

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне мына аурулар кіреді:

• қант диабеті;
• балалардың церебральды сал ауруы;
• дәнекер тіннің жүйелік зақымдануы;
• ревматизм.

Медициналық көмектің көлемі қысқармайды – тек қаржыландыру көзі өзгереді.  Барлық сақтандырылған азаматтар МӘМС аясында емді, консультация мен дәрі-дәрмекті тегін алады.

Ерте анықтау және диагностика – сақтандыру мәртебесіне қарамастан

Бұдан былай әлеуметтік мәні бар барлық аурулардың алғашқы диагностикасы сақтандыру мәртебесіне тәуелсіз түрде ТМККК аясында жүргізіледі.
Бұрын бұл тек АИТВ мен туберкулез науқастарына ғана қолданылатын.

Бұл жаңашылдық ауруларды ерте анықтауға және уақтылы емдеуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік кепілдіктер сақталады

Мемлекет азаматтардың әлеуметтік осал топтарына бұрынғыдай кепілдік береді: балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектер, жұмыссыздар және тағы басқалар – барлығы 11 миллионнан астам қазақстандық.

Оның ішінде балалардың церебральды сал ауруы бар барлық пациенттер мемлекет есебінен сақтандырылып, медициналық көмекті тегін алады.

Қаржыландыру тетіктері жетілдіріледі

Министрлік әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін жаңарту көмекті қысқарту емес, керісінше қаржыландыру жүйесін жетілдіру және ең осал пациенттерге кепілдіктерді күшейту екенін атап өтті.

2026 жылдан бастап әлеуметтік осал санаттағы азаматтар (D және Е санаттары) бойынша сақтандыру жарналары жергілікті атқарушы органдардың есебінен төленеді.

Қазақстанда қант диабетімен 535 мыңнан астам адам тіркелген

Бүгінде елімізде «қант диабеті» диагнозымен 535 мыңнан астам азамат, соның ішінде 5 625 бала диспансерлік есепте тұр. Олардың барлығы да қажетті дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі.

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сенбеуге шақырып, ресми ақпаратты тек ведомствоның ресми арналары арқылы алуға кеңес береді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: