Қызылорда облысында 1-4 сынып оқитын оқушыларды бір мезгіл тамақтандыру мәселесі толық шешіліп, 2025 жылы 84 477 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Аймағымызда 293 мемлекеттік мектептің 292-інде ыстық тамақ, 1 мектепте (Шиелі ауданындағы №151 мектепте) буфеттік тамақ ұйымдастырылған.
Перспективалық төрт апталық маусымдық мәзір жаңа тамақтану стандартының 64-тармағына сәйкес Қызылорда облысының білім басқармасымен келісіліп, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бекітіледі және қажеттілігіне қарай өзгеріп отырады. Мектеп тағамдарына арналған көп нұсқалы перспективалы мәзір балалардың физиологиялық қажеттіліктерін энергетикалық құндылығын ескере отырып құрастырылады. Семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың қаупін азайту үшін қант пен тұзды азайту бойынша ДДҰ ұсынымдары ескеріледі. Балалардың жас санаттары, маусымдық ерекшеліктерін, сондай-ақ ас блогы жоқ мектептердегі балалардың тамақтануы да есепке алынады. Басты мақсат – балаларды қауіпсіз, сапалы және құнарлы тамақтанумен қамтамасыз ету.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастамашылық жасауымен 2025 жылы жаңадан енгізілген Тамақтану стандартының талаптарын іске асыру жөніндегі озық тәжірибені сынақтан өткізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Ол үлгі ретінде бекітілген мектептер – Қызылорда қаласындағы №6 және 290 білім ордаларында мектеп басшылары, мектеп асханасын жалға алушы жеке кәсіпкерлер мен бракераждық комиссия мүшелеріне жеуге жарамсыздық индексін есептеу жолдарын іс жүзінде көрсетіп, тамақтануды ұйымдастыру барысында орын алып жатқан өзекті мәселелерді анықтау бойынша түсіндірме жұмыстарын өткізді. Бұдан бөлек, мониторинг жұмыстарын жүргізеді, яғни Тамақтану стандартының енгізілу сапасын, жеуге жарамсыздық индексінің дұрыс бағалануын қарайды.
Жеуге жарамсыздық индексі – бұл тамақтан кейінгі тәрелкелерде қалған тамақ қалдықтары мөлшерінің берілген тағамдардың жалпы көлеміне қатынасы. Егер оның көрсеткіші 30%-дан астам болса мәзірді түзету бойынша шаралар қабылданады. Үлгілік 2 мектепте анықталған жарамсыздық индексінің нәтижелері бойынша жұмыс тобымен ұсыныстар әзірленіп, 2026 жылға төрт апталық перспективалы ас мәзіріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, қайтадан жаңа төрт апталық ас мәзірі бекітілді. Жұмысшы топпен жүргізілетін апта сайынғы бұл мониторинг биыл да өз жалғасын табуда.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!