Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларға арналған тәтті кондитерлік сыйлықтар жиынтығын таңдауға мұқият назар аудару қажеттігін еске саламыз.
Жаңа жылдық сыйлықтар мен басқа да кондитерлік өнімдерді азық-түлік өнімдерін қабылдау, сақтау және өткізу үшін қажетті талаптар орындалған, сатушылардың жеке гигиена қағидаларын сақтауға жағдайлар жасалған сауда орталықтары мен дүкендерден сатып алуға кеңес береміз.
Жаңа жылдық сыйлықтың қаптамасы герметикалық, таза болуы тиіс. Таңбалануы (затбелгісі) – түсінікті, оқуға оңай, шынайы әрі айқын болуы қажет, таңбалау белгісі оның жарамдылық мерзімі ішінде өзінің анықтығын жоғалтпайтындай енгізілгені дұрыс.
Сонымен қатар міндетті түрде жаңа жылдық сыйлықтың таңбалауында (затбелгісінде) сыйлықтың атауы, сыйлықтың құрамына кіретін кондитерлік өнімдердің атауы, буып-түю күні, жарамдылық мерзімі және жалпы орамды сақтау шарттары, өндірушінің мекенжайы (орналасқан жері), дайындаушының фирмалық атауы, ЕАС белгісі болуы тиіс.
Сатып алу күніне ең жақын орау күні бар сыйлықты таңдау керек, сондай жағдайда кәмпиттер, вафли және печенье мейлінше балғын болады.
Жиынтықтың құрамында дәм мен хош иісті күшейткіштер, консерванттар (Е200, Е202, Е210, Е 249), синтетикалық бояғыштар, гидрогенезделген майлар, табиғи кофе болмауы тиіс.
Өрік дәндері, жержаңғақ бар сыйлықтарды балаларға сатып алмаған дұрысы, өйткені бұл өнімдерді балалардың тамақтануында қолдану ұсынылмайды. Сондай-ақ құрамында алкоголі (0,5%-дан астам этанол) бар кәмпиттер, карамель, мұз кәмпиттерден құралған жиынтықтарды сатып алмаған абзал.
Сыйлықтың ішінде ойыншықтар міндетті түрде бөлек қаптамаға салынған болуы тиіс.
Тұтынушы сатушыдан сатып алынатын жаңа жылдық сыйлық пен қаптаманың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды (сәйкестік туралы декларацияны) талап етуге құқылы екенін ұмытпаңыз.
Динара Жанабергенова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!