Құтырма – бұл осы вируспен зақымданған жануарлармен тікелей жанасу арқылы, тістеу немесе сілекейлеуі мен тырнауы нәтижесінде тері-шырышты қабаттардың зақымдануымен берілетін аса қауіпті ауру.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы, яғни адамда аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 10-нан 90 күнге дейін, кейде 1 жылдан астам уақытқа созылады.
Инфекция көзі – жабайы жыртқыштар мен үй жануарлары. Құтырма ауруының арнайы емі жоқ, бірақ алдын алу өте маңызды. Сондықтан дәрігерлер жануарлардың тістеуі немесе тырнауы кезінде зардап шеккен адамға жараны сабынмен шұғыл жуу қажет екенін ескертеді. Өйткені сілтілі орта құтырма вирусын бейтараптандырады. Жарақаттанушы ары қарай дереу медициналық көмекке жүгініп, құтырмаға қарсы антирабикалық екпені алуы қажет.
Облыс аумағы аса қауіпті құтырма ауруының табиғи ошағында орналасқан, оған дәлел ағымдағы жылдың қаңтар айында Сырдария ауданы аумағында орналасқан кен орнында жүрген иттен вахталық әдіспен жұмыс жасайтын Қызылорда қаласының тұрғыны жарақат алып, иттің лабораториялық қорытындысы құтырма ауруына «оң» нәтиже көрсетті. Ауру ошағына ветеринариялық алдын алу шаралары жүргізіліп, жарақаттанушыға құтырманың алдын алуда антирабиялық екпе жүргізілді.
Ағымдағы жылдың алғашқы 2 айында тұрғындар арасында аса қауіпті құтырма ауруы тіркелген жоқ, дегенмен әр түрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шегіп, медициналық көмекке 230 адам жүгінді, оның ішінде қала тұрғындарының үлесі 49,1% құрады. Жануарлардан жарақаттанғандар саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 жағдайға артқан ( 2024 жылы – 222 жағдай).
Тіркелген деректер бойынша зардап шеккендердің 77% иттен жарақат алған, оның ішінде белгісіз иттердің үлесі – 49%.
Тұрғындар арасында санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізудің арқасында бүгінде жануардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырмай, алғашқы күндері дәрігерге қаралушылар саны артып, жыл басынан бері жарақат алғандардың 97,4% медициналық көмекке жүгінген. Құтырма ауруына қарсы екпені уақытылы алу асқыну жағдайларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Медициналық көрсеткіштерге сәйкес жарақат алған тұрғындардың 0,9% ауруханаға жатқызылып ем алса, 41,7% шартты және 58,3% шартсыз курс бойынша құтырмаға қарсы екпемен қамтылды.
Тұрғындар арасында құтырма ауруының алдын алу шараларын күшейту мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы мамандарымен санитариялық-ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Гүлмира Сыздықова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!