Дүйсенбі, 09 ақпан, 19:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10 (2222)
07.02.2026
PDF мұрағаты

Жануардан жарақат алсаңыз, екпеден бас тарту қауіпті

09.02.2026

37 0

Фото: ашық дереккөзден

Құтырма – бұл осы вируспен зақымданған жануарлармен тікелей жанасу арқылы, тістеу немесе сілекейлеуі мен тырнауы нәтижесінде тері-шырышты қабаттардың жарақаттануымен берілетін аса қауіпті ауру.


Инкубациялық мерзімнің ұзақтығы, яғни адамда аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі кезең 10-нан 90 күнге, кейде 1 жылдан астам уақытқа созылады.
Құтырма ауруының арнайы емі жоқ, бірақ алдын алу өте маңызды. Сондықтан жануарлардың тістеуі немесе тырнауы кезінде зардап шеккен адамға жануар тістеген жерді сабынмен жуып, залалсыздандыру қажеттігін және дереу медициналық көмекке жүгініп, құтырмаға қарсы антирабикалық екпе алу керектігін еске саламыз. Дәрігер құтырмаға қарсы тағайындаған екпе 5 рет салынады: инъекцияны емханаға қаралған күннен бастап жасайды (0 күн), содан кейін 3, 7, 14, және 28 күндерінде салынады. Егер тістеген жануарға бақылау жүргізу мүмкіндігі болып, тістегеннен кейін 10 күн ішінде құтырма ауруының белгілері анықталмаған болса, екпелер алдын ала дәрігермен тоқтатылады. Вакцинация тегін жүргізіледі.
Қызылорда облысының аумағы аса қауіпті құтырма ауруының табиғи ошағында орналасса да, адамдар арасында бұл қауіпті ауру тіркелген жоқ. Бұл жүйелі жүргізілген санитариялық ағарту жұмыстарының нәтижесінде тұрғындардың құтырма ауруының қауіптілігі мен одан сақтану жолдары бойынша хабардарлығының артқандығын, жануардан жарақат алған кездегі денсаулыққа бей-жай қарау көзқарасының азайғанын көрсетеді.
2025 жылдың қорытындысымен облыс көлемінде әр түрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шеккен азаматтар медициналық бақылауға алынып, уақытылы екпелер жасалды. Ауру белгілері анықталған жағдайлар тіркелген жоқ.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен құтырма ауруының қауіптілігі, аурудың алдын алудағы дәрігерлік көмек пен екпенің маңыздылығы бойынша санитариялық ағарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: