Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жеке клиникаларда да МӘМС аясында медициналық көмек алу мүмкіндігі бар. Қордың хабарлауынша, бұл мүмкіндік сақтандыру жүйесін енгізу кезеңінен бері жұмыс істейді және бүгін де қолданылып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл қалай жүзеге асады?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразалиеваның мәлімдеуінше, пациент тіркелген емханадан өзіне қажет қызметті МӘМС жүйесіне қатысатын кез келген клиникадан алу үшін жолдама ала алады. Осы жолдама негізінде көрсетілген медициналық қызмет үшін азамат ешқандай төлем жасамайды. Өйткені ол шығындар Қор тарапынан қосалқы орындаушы клиникалармен жасалған келісімдер аясында өтеледі.Қандай жағдайда жолдама беріледі?
Қандай жағдайда жолдама беріледі?
Егер емханада белгілі бір маман болмаса немесе қажет тексерулерді жүргізуге арналған жабдық жетіспесе, науқас басқа клиникаға жіберіледі.
Мысалы:
халық саны аз шағын емханаларда пульмонолог, аллерголог, ангиохирург сынды тар бейінді дәрігерлер болмауы мүмкін;
кейбір емханаларда УДЗ, рентген сияқты диагностикалық аппараттар жоқ;
мамандардың жұмыс кестесі бір айға толып кетуі ықтимал;дәрігер еңбек демалысына шықса немесе жабдық уақытша істен шықса да жолдама беріледі.
Осындай жағдайларда пациент қажет қызметті алу үшін, оның ішінде жеке клиникаға да, жолдама сұрай алады.
Маңыздысы – жолдама тек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілері тізімінде бар жеке клиникаларға ғана рәсімделеді. Емхана мен жеке клиника арасында келісімшарттың болуы міндетті емес – жолдама электрондық жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады, – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі.
Жеке клиникада азамат тек кеңес алып, тексеруден өтіп қана қоймай, қажет болған жағдайда күндізгі немесе тәуліктік стационарда, соның ішінде МӘМС шеңберіне кіретін түрлі операциялар жасата алады.
Пациент құқығы қалай қорғалады?
Егер емхана қажетті қызметке жолдама бермесе, алдымен сол медициналық ұйымдағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуге болады. Мәселе шешілмесе, қорға ресми өтініш жолдап, тексеріс жүргізуді сұрауға мүмкіндік бар.
Қордың түсіндіруінше, барлық диагностикалық және консультациялық қызметтер емдеуші дәрігердің шешімімен тағайындалады. Дәрігер науқастың жағдайын, шағымдарын, симптомдарын бағалайды және көрсетілімдер болса ғана профильді маманға немесе зертханалық, аспаптық зерттеулерге жолдама береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
