Жүрекке күрделі ота жасап жүрген жетекші кардиохирург Берік Дәуітбаевпен сұхбат
Жүрек ауруларынан қалай сақтануға болады? Қызылорда облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қандай кардиохирургиялық оталар жасалады және оның құны қанша? Осы және басқа да сұрақтарға көп бейінді облыстық ауруханасының кардиохирургия орталығының жетекшісі Берік Дәуітбаев жауап берді.
– Берік Русланұлы, кардиохирургия орталығында қандай медициналық қызметтер қолжетімді?
– Жүрек-қан тамырлары аурулары – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өлім-жітімнің және аурушаңдықтың басты себептерінің бірі. Сондықтан жүрек сырқаттарының алдын алу мен емдеу ісіне ерекше назар аударылады.
Біздің орталықта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында пациенттерге кең ауқымды қызметтер көрсетіледі. Мысалы, егер науқас ауруханаға жедел инфарктпен түссе, біз оған шұғыл түрде коронарография жасап (қан тамырларын зерттеу) және зақымдалған артерияға стент қоямыз. Бұл медициналық қызметтер адамның МӘМС жүйесіне қатысуына қарамастан тегін жүргізіледі.
Ал жоспарлы түрде Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жолданған, МӘМС жүйесінде сақтандырылған науқастарға ашық жүрекке ота және басқа да кардиологиялық емдеу әдістерін жасаймыз.

– Демек, егер науқас шұғыл жағдайда түссе, диспансерлік есепте тұрмаса да толық көмек көрсетіле ме?
– Иә, мысал ретінде бір оқиғаны айтайын. Байқоңыр қаласының тұрғыны, Ресей Федерациясының азаматынан жоспарлы тексерістен өтіп жүргенде сол жақ коронарлық артерия сабауының қатты тарылғаны анықталды. Бұл жағдай бір тәулік ішінде шұғыл ота жасауды қажет етті. Біз оған дереу ота жасап, өмірін сақтап қалдық. Кейін ол МӘМС жарнасын төлегендіктен толық медициналық оңалтудан өтті.
– Өз қалтасынан төлеп емделгендер де болды ма?
– Болды, биыл 2 жағдай кездесті. Түбі Шиелі ауданынан шыққан Мәскеу тұрғынына аортокоронарлық шунттау жасалды. Сондай-ақ Өзбекстан азаматына да дәл осындай ота жасалды, құны – 3,5 млн теңге . Өзбекстанда мұндай оталардың басым бөлігі ақылы.
– Жалпы жүрекке жасалатын оталардың бағасы қандай?
– Стент қою бағасы 1 млн 700 мың теңге, аортокоронарлық шунттау 3,5 млн, кардиостимулятор орнату 2 млн теңгеден асады. Ең қымбаты – кардиовертер-дефибриллятор немесе үш камералы электрокардиостимулятор орнату, бағасы 10 млн теңгеге жетеді. Бірақ МӘМС жүйесіне қатысушылар үшін мұның бәрі тегін.
– Бұрын жүрекке ота жасатқысы келгендер жылдап кезек күтіп жүретін еді. Қазір бұл жағдай қалай?
– Қазақстанда жүрекке алғашқы ота 1960 жылдары А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жасалды. Сол кезде жылына 600-700 ота жасалатын, ал қажеттілік 10 мыңнан асатын. Көп науқас кезегін күткенше өмірден өтіп кететін немесе отаға өте ауыр жағдайда түсетін. Қазір елімізде кардиохирургия қарқынды дамып келеді. Қызылорда облысында жыл сайын 200-ге жуық жүрекке ашық ота жасаймыз. Кезек жоқ, науқастар түскен бойда қабылданады.
– Жүрек трансплантациясы отасын жасау жоспарда бар ма?
– Біздің облыстық ауруханада бүйрек және бауыр трансплантациясы сәтті жасалады. Ал жүрек трансплантациясы қазір тек Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы орталықтарда жүргізіледі. Қызылордада әзірге мұндай қажеттілік аса жоғары емес.
– Сіздің ең жас және ең егде жастағы науқастарыңыз кім болды?
– Мен мамандығым бойынша жұмысымды балалар кардиохирургы болып бастағанмын. Мәскеуде оқып, Алматыдағы перинатология және балалар кардиохирургия орталығында жұмыс істегенде алғашқы науқастарым жаңа туған сәбилер болды. Перзентханадан бірден ота залына алып келген нәресте болды. Салмағы – небәрі 1 келі 300 грамм. Туабітті жүрек ақауы бар еді. Бұл – мен көрген ең кішкентай жүрек. Сол сәттің суреті әлі күнге дейін сақтаулы. Шүкір, аман қалды. Ал ең жасы үлкен науқас – 82 жастағы ақсақал. Оған аортокоронарлық шунттау жасадық, ота сәтті өтті.
– Жүрек ауруларының алдын алу үшін не істеу керек?
– Адам ағзасы да автокөлік секілді уақытылы «техосмотрдан» өтуі керек. Белгілі бір жастан кейін жыл сайын скринингтен өтіп, жүректің УДЗ-ын жасап, холестерин деңгейін тексеру қажет. Ең бастысы – жүйелі түрде тексерілу.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айгүл Аханова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!