Вакцинация – жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы. Профилактикалық екпелермен жоғары деңгейде қамту ұжымдық иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді, осылайша иммунизация жұқпалы аурулардан қорғап қана қоймай, жалпы қоғам денсаулығына оң әсер етеді. Бірқатар жұқпалы инфекциялардан болатын аурулар мен өлім жағдайларын едәуір азайтады.
Әрбір елде бекітілген Ұлттық егу күнтізбесі және оларға қарсы вакцинация жүргізілетін жұқпалы аурулардың тізімі болады. Сол сияқты Қазақстанның да Үкімет қаулысымен бекітілген егу күнтізбесі бар. Онда көрсетілген жоспарлы вакциналаудың барлығы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егулер арнайы егу бөлмелерінде жүргізіледі. Профилактикалық егу жүргізілетін үй-жайда басқа медициналық емшараларды жүргізуге тийым салынған. Туберкулез ауруына қарсы БЦЖ егулерін жүргізуге орталық емханалар мен перзентханаларда арнайы бөлек егу бөлмелері қарастырылған, ауылдық жерлерде БЦЖ егу мен өзге жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілетін алдын ала егулерді бір бірімен байланыстырмау мақсатында екпелердің кестесі құрылған.
Облыс бойынша міндетті профилактикалық егулер 236 емдеу алдын-алу мекемелеріндегі арнайы 215 егу бөлмесінде жүргізіледі. Вакциналарды сақтауға емдеу алдын-алу мекемелері тоңазытқыш және термоконтейнерлермен қамтамасыз етілген. Алыс орналасқан елді мекендерде немесе егу болмесі толық жабдықталмаған жерлерде егу жұмыстары жылжымалы егу бригадасымен жүзеге асырылады. 2024 жылы жылжымалы егу бригадасымен 1597 шығыс жасап, 99904 адамға алдына ала егулер жүргізілді. Есепті мерзімде жылжымалы егу бригадасының жұмысында ретсіз үзіліс болған жоқ.
Тұрғындардың вакцинацияға деген оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық ағарту шаралары тұрақты жүргізіледі, нәтижесінде ойын өзгертіп, балаларына екпе салуға келісім берген ата-аналар саны артып келеді.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!