Бүгін көпбейінді облыстық аурухананың мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы және медицина ұйымдары басшыларының қатысуымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2022 жылды қорытындылауға арналған есеп беру жиыны болып өтті.
Алқа мәжілісінде алдымен аймақ басшысының орынбасары Нұрымбет Аманұлы пен басқарма басшысы Сабит Бексеитұлы облыстың ана мен бала денсаулығын жақсарту жолында аянбай еңбек еткен Жұмашева Гүлнар Хамзақызының еңбегіне құрмет көрсетіп, «Алғыс хат» табыстап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Одан соң, аймақтың бас дәрігері сөз алып, өткен жылдағы атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.
Өздеріңізге белгілі, есеп беру жылында денсаулық сақтау саласының жұмысы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасы аясында атқарылды. Жобада азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына халықтың қанағаттану деңгейін 53,3%-дан 2025 жылға дейін – 80%-ға дейін арттыру нәтижесі күтіледі. Біз осы бағыттағы жоспарлы жұмыстарды атқардық.
Халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру бойынша атқарылған шаралар нәтижесінде де денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады.
2022 жылдың маусым айында бастапқы медициналық көмекті тұрғындарға жақындату арқылы қолжетімділікті арттыру мақсатында «Орталық қалалық емхана» қолданысқа берілді.
Республикалық бюджет есебінен 80 мыңнан аса тұрғынға бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін «Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Жалағаш ауданы, Таң ауылында дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілді.
Бүгінгі күні «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасына ауылдық инфрақұрылымды дамытуға 27 нысанның құрылысы енгізілген.
Одан бөлек, 15 дәрігерлік амбулатория және 1 медициналық бекет құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Аталған нысандардың жер учаскесінің құжаттары дайын, олардың құрылысын ағымдағы жылы іске асыру жоспарланып отыр.
Медициналық ұйымдарға 179 дана құрал-жабдық сатып алынды. Нәтижесінде медицина ұйымдарының жабдықталу деңгейі 77 пайыздан 83,4 пайызға көтерілді.
Сондай-ақ, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру барысында КВИ-ге қарсы вакцинация жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырған медицина ұйымдарына компьютер жинақтары, дизельді электр-генератор және медициналық бұйымдар сатып алынды.
Сонымен қатар, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына линзинг арқылы 20 дана санитарлық автокөлік, Қазалы ауруханасына линзинг арқылы 1 дана жылжымалы медициналық кешен алынды.
Бірқатар медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базалары жаңартылды. Арал және Қазалы ауданына қарасты шалғай елді мекендерде (Тастубек) 2 медициналық бекет ел игілігіне берілді.
Жергілікті бюджет есебінен апаттық жағдайдағы Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді және де қаланың сол жағалауында 5000-10000 донациялық облыстық қан орталығының құрылысы басталды.
Бұл жетістіктеріміздің барлығы Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің елдің бүгіні мен болашағы үшін қолдауы және Сіздер мен біздердің бірлесе, жауапкершілікпен атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі, халық артқан сенімнің жемісі.
Алдағы уақытта да аймақ тұрғындарының денсаулығын нығайту және денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!