Жұма, 27 желтоқсан, 11:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Айғаным Құрмаш, қолөнер шебері: Әр туындыма өзіндік қолтаңбамды қалдырғым келеді

24.08.2024

654 0

Қолмен жасалған әрбір бұйым шебердің жан дүниесінің бір бөлігі. Қолөнер шеберінің әрбір жұмысы кішкентай қазына сияқты, талғам мен шексіз шығармашылықтың көрінісі. Қолөнер шеберінің бірі –
Айғаным Құрмаш.

Оның жасаған түйреуіштері – көз жауын алатын сәндік бұйым тек талғампаздығымен ғана емес, өзіндік ерекшелігімен де ерекшеленеді. Бұл түйреуіш иесін ғана емес, осы бұйымды тамашалайтын кез келген адамға қуаныш сыйлайды. Оның қолөнер туындысы жай ғана зергерлік бұйым емес, стильдің, өз иелерінің даралығы мен бірегейлігін көрсетеді. Айғаным күнделікті өмірде сұлулықты көріп, оны сиқырлы бұйымға айналдырады. Жақында қолөнер шеберімен әңгімелесудің сәті түсті.
Қолөнермен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– Ауылдың қызы болған соң қазақы тәрбиеге қанып өстік. Бала кезден ұлттық киім киіп, қамзол, орамал таққан ұнайтын. Ерекше көріну үшін сәнді түйреуіштер жасап, тағып жүремін. Содан жиындарда көптің көзі түсіп, қызығушылық, сұраныс та артты. Бір жағынан, аяулы анам, оның артынан ағам дүниеден өтіп, қатты күйзеліске түстім. Оның үстіне бала күтіміне байланысты демалыста болғандықтан қайғыдан арылуым қиынға соқты. Бір мезгіл ойым бөлінсін деп сәнді түйреуіш жасауды қолға алдым. Соңғы екі айдың көлемінде тапсырыс қабылдап, әрбір аруға өзіндік ерекшелік сыйлап келемін. Бір жағынан тұрақты табыс көзіне айналды.
Сәнді түйреуіштерді жасағанда қандай материалдарды пайдаланғанды ұнатасыз?
– «Талғамда талас жоқ» деген ғой. Әуелі тапсырыс берушінің стиліне қарап, қалауын ескеріп, екеуара түсінісе келе жұмысымды бастаймын. Көздің майын тауысып отырып жасайтын бұйымдарым – бірден көз тартып, еріксіз сүйсіндірмей қоймайды. Мол ізденісті, шыдамдылықты талап етеді. Түстердің өзара үйлесімділігі тағы бар. Негізінен фурнитура заттары арзан тұрмайды. Сан түрлі моншақтардың ішінен таңдау жасау да бір өнер. Жанып, жарқырап тұратын хрусталь моншақтар, тастар, бұдан бөлек сапалы былғары да керек. Бұйымым барынша әдемі көрінуі үшін жарқырайтын бисерлерді көп қолданамын.
Бірегей дизайн жасау үшін қандай әдістерді қолданасыз?
– Менің негізгі мамандығым – тележурналист. Қолөнер саласы бойынша кәсіби маман емеспін. Ана сүтімен дарыған бұл қасиеттің арқасында өзімнің ойым¬дағыдай тың дүниелер жасап аламын. Қазір технологияның дамыған заманында үйренемін, білемін деген адамға кедергі жоқ деп ойлаймын. «YouTube» әлеуметтік желісінен шеберлердің тегін шеберлік курстарын көріп, қабілетімді шыңдадым. Ә дегеннен туындыларым сәтті шығып, тапсырыс қабылдай бастадым. Тұтынушы талғамына орай түрлі тақырыптық түйреуіштер жасап беремін. Менде түрлі машина, құрылғылар жоқ. Бар болғаны ине мен жіп. Түйреуіштің кескінін де қиялыма ерік беріп, ойдан сызамын. Әр туындыма өзіндік қолтаңбамды қалдырғым келеді.
Сізді не шабыттандырады?
– Әр түйреуіштің өзіндік сыры бар. Қазақ әшекей бұйымдарды, түйреуіштерді көз тиюден сақтайды деп санаған. Адамның көзі әуелі сол бұйымға түсіп, назары тиюден осылайша сақтанған екен. Қазіргі таңда заманауи сәнді түйреуіштер трендте. Ерекше болудың бір жолы. Қарапайым киімге көрік беріп, одан әрі ажарын айшықтай түседі. Бір түй¬реуіш жасау үшін кемі 4 сағат уақыт кетеді. Тапжылмай отырып, кіп-кішкентай бисерлермен жұмыс істеу оңай дүние емес. Арасында бала¬ларымды тамақтандыру, үй тірлігі де бар. Бәріне үлгеру – менің күнделікті басты жоспарым. Көздің жауын алар бұйымдарым көздің майын тауысқан, төзім мен еңбектің нәтижесі.
Бұйым жасау барысында қандай пішімді көбірек жасайсыз?
– Тапсырыс алған уақытта бұрынғы жасаған түйреуіштерді қайталағым келмейді. Өзімді жаңа тақырыптарда сынап көріп, тәжірибе жасаған ұнайды. Оның үстіне мендегі түйреуіш түрлері де көбейтіп, таңдау мүмкіндігі артты.
Қазір қандай түйреуіштер сұранысқа ие?
– Көбінесе жас ерекшеліктеріне байланысты. Жаңа туған сәбилерге, аруларға, бойжеткендерге, орта жастағы және үлкен әжелердің жасына орай тапсырыс беріледі. Көбіне ұлттық нақыштағы ою өрнектерге, тауыс құсына сұраныс жоғары. Өзінің мамандығына, саласына келістіріп, түйреуіш тағатындар көп.
Бір сүйікті бұйымыңызды сипаттап берсеңіз…
– Өзіме ең қатты ұнайтын әрі ең алғаш жасаған бұйымым – «Бақыт құсы» аталатын түйреуішім. Бұл түйреуіштің сұлбасы кәдімгі тауыс құсына ұқсатып жасалған. Тауыс – әлемдегі ең әдемі құстардың бірі. Сұлулықтың төресі, әсемдіктің символы. Сондықтан бұл туындыма «Бақыт құсы» деген атау бердім. Осылайша сұлулығы еріксіз назар аудартатын тауыстан табыс таптым. Бұл туындыда түрлі-түсті моншақтар, әсем тастар мен жарқ-жұрқ еткен хрустальдар бар. Тіпті үкі қауырсындары да өзара үйлесім тауып, түйреуіштің реңін келтіріп тұр. Негізінен үкінің қасиетін жете түсінген әжелеріміз күнделікті тұрмыста кең қолданған. Бір емес, бірнеше түстен тұратын түйреуіш кез келген киіммен үйлеседі.
Қолөнермен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес айтасыз?
– Бастысы, қорықпау керек. Үйренуге ниет болса, жеткілікті. Тәуекел етіп, шағын кәсібіңізді бастап кетіңіз! Әрі қарай шабытыңыз өзі-ақ ұштастырып, алып кетеді.
Сұхбатыңызға рахмет!


София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ


 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: