Сәрсенбі, 12 қараша, 19:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Депутат Цифрлық кодекс қандай құралға айналуы керегін атады

12.11.2025

42 0

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Цифрлық кодекс жобасын талқылау барысында құжаттағы бірқатар олқылыққа назар аударып, оның мазмұнын жетілдіру қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында цифрландыруды экономиканы дамытудың және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі тетігі ретінде атап өткен.

Президентіміз Цифрлық кодекс туралы арнайы айтты. Цифрландыру экономиканы дамытудың және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың басты құралына айналуы тиіс, – деді Ерболат Саурықов.

Ол бұған дейін қабылданған Жасанды интеллект туралы заңды маңызды құжат ретінде бағалай отырып, онда да бірқатар жетілдіруді қажет ететін тұстар бар екенін атап өтті.

Жасанды интеллект туралы заң қабылданды, бірақ ол толық пысықталмаған. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мен технологияларды этикалық реттеу тетіктері жеткіліксіз. Өкінішке қарай, бүгінгі Цифрлық кодекс жобасында да сол сияқты әдістемелік олқылықтар бар, – деді депутат.

Ерболат Саурықовтың пікірінше, жоба жаңашыл идеяларға бай болғанымен, құқықтық және құрылымдық тұрғыдан шикі.

Көп бап декларативті сипатта жазылған. Яғни нақты нормалар бекітудің орнына жалпы ниеттер айтылған. Кейбір ережелерде оны кім және қалай жүзеге асыратыны көрсетілмеген. Бұл Азаматтық және Салық кодекстерімен қайшылық туғызуы мүмкін, – деп ескертті ол.

Депутат жобаға терең құқықтық талдау жүргізіп, терминология мен рәсімдерді нақтылау қажет екенін айтты.

Құжат бап-бап бойынша пысықталуы тиіс. Сонда ғана ол нақты жұмыс істейтін құқықтық құралға айналады. Қазір ол тұжырымдамалық сипатта қалып отыр, – деді Саурықов.

Депутаттың айтуынша, қазіргі редакцияда жоба цифрлық құқықбұзушылықтардың алдын алу мен азаматтарды қорғауға бағытталмаған.

Жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмыс азайғанымен, жалпы құқықбұзушылық көбейіп келеді. Егер осыны дер кезінде ескермесек, бұл жағдай ауыр қылмыстарға ұласуы мүмкін, – деді ол.

Саурықовтың пікірінше, құқықбұзушылықтың алдын алу тек қылмыстық немесе әкімшілік заң саласына ғана емес, цифрлық орта мен технологиялық инфрақұрылымға да тікелей байланысты.

Бұзушылықтарды болдырмау тетіктері цифрлық реттеудің өзегі болуы тиіс, – деді депутат.

Мысал ретінде ол Астанада орнатылып жатқан интеллектуалды бейнебақылау жүйесін келтірді.

Осы жылдың желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Presight компаниясы жасанды интеллект негізінде бейнеаналитика жүйесін іске қоспақ. Бұл тек жол қозғалысын бақылауға емес, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталуы керек, – деді ол.

Саурықовтың айтуынша, мұндай жүйелер АҚШ пен Еуропада сәтті қолданылып келеді және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі құралына айналған.

Цифрлық кодекс те дәл осылай жұмыс істеуі тиіс – тек технологияларды реттеп қана қоймай, құқықбұзушылықтардың алдын алып, заңдылық пен қоғамдық жауапкершілікті нығайтуы қажет, – деді депутат.

Депутат атап өткендей, көлеңкелі экономика, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында, цифрлық бақылаудың болмауынан өршіп отыр.

Қазір егіншілік пен мал шаруашылығындағы операциялар көбіне қолма-қол есеп айырысу арқылы өтеді. Цифрлық бақылау жоқ. Егістіктен базарға дейінгі тізбек толық цифрланбайынша, бюджет толмайды, ал мемлекет экономикалық процестерді бақылай алмайды, – деді Саурықов.

Ол Цифрлық кодекс жобасында экономиканың салаларын, соның ішінде ауыл шаруашылығын цифрландыру тетіктері жеткілікті қарастырылмағанын айтты.

Егер Цифрлық кодекс экономиканың негізгі салаларын қамтымаса, онда ол Президент атап өткен экономикалық жаңғыртудың құралы бола алмайды, – деді депутат.

Ерболат Саурықов Цифрлық кодексті нақты әрі тиімді ету үшін оны келесі бағыттармен толықтыруды ұсынды:

  1. Цифрлық құқықбұзушылықтардың алдын алу нормалары;
  2. Экономикалық процестерді цифрлық бақылау нормалары;
  3. Жазалауға емес, алдын алуға бағытталған бейнебақылау мен аналитикалық жүйелерді дамыту шаралары.

Егер біз Цифрлық кодексті жай қағидалар жиынтығы емес, қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыратын басқару құралы еткіміз келсе, осы бағыттар бойынша нақты нормалар енгізу қажет. Біздің міндетіміз – жай ғана кодексті қабылдау емес, елдің цифрлық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді, теңгерімді заң қалыптастыру, – деді ол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: