Бейсенбі, 20 қараша, 00:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88, (2200)
18.11.2025
PDF мұрағаты

Елімізде алғаш рет IT-архитектор академиясы құрылды

19.11.2025

43 0

Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Цифрлық үкіметті қолдау орталығы IT-архитекторлар академиясының ашылғанын мәлім қылды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жаңа білім беру бастамасы мемлекеттік және корпоративтік деңгейдегі цифрлық шешімдердің архитектуралық сапасын арттыруға бағытталған.

Жедел цифрландыру мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу жағдайында негізгі күрделі мәселелердің бірі – IT-жүйелердің бытыраңқылығы мен олардың қайталануы болып қалып отыр. Бүгінде мемлекеттік цифрлық сервистердің ыңғайлы, өзара ықпалдасқан және ауқымдалатын болуы аса маңызды. Мұндай шешімдер дайын модульдерді қайта пайдалану, технологиялық үйлесімділік және бірыңғай архитектура қағидаттарына сүйенуі тиіс.

IT-архитекторлар академиясы мамандарды IT жүйелерін идеядан бастап іске қосу мен жасанды интеллектіні интеграциялауға дейін тұтас экожүйе ретінде қарастыруға үйрететін тәжірибеге бағытталған платформа болмақ. Оқу бағдарламасы төрт негізгі модульден тұрады:

– Бизнес-процестерді қайта құру (реинжиниринг);

– IT-архитектураны жобалау;

– Жасанды интеллект: нөлден прототипке дейін;

– Жобалық басқару тәсілдері арқылы жобаларды тиімді іске асыру және бизнес-нәтижелерге қол жеткізу.

Бағдарлама биыл желтоқсан айында басталады. Алғашқы топ тыңдаушылары үшін оқу ақысыз. Өтінімдер 2025 жылғы 20 қараша мен 15 желтоқсан аралығында govtec.kz сайтында қабылданады.

«IT-архитекторлар академиясының құрылуы – цифрлық шешімдердің сапасын арттыруға жасалған маңызды инвестиция. Біз азаматтардың қажеттіліктеріне негізделген, бірыңғай архитектура талаптарына сай келетін сервистерді жобалай алатын жаңа буын мамандарын даярлаймыз. Бүгінде цифрлық трансформация тек технологиялармен емес, жүйелі ойлау мен клиентке бағдарланған мәдениетпен өлшенеді», деді Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Бахтияр Мұхаметқалиев.

2025 жылдың тамыз айында Цифрлық үкіметті қолдау ортасының бастамасымен барлық орталық мемлекеттік органдарды, жергілікті атқарушы органдарды, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» сияқты квазимемлекеттік сектор ұйымдарын қамтитын Архитектуралық кеңес құрылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: