Отандық IT-компаниялар мемлекетке кәсіпорындарда цифрлық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеді, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі, – деп хабарлайды KAZINFORM
«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мамандары отандық жетекші IT-компаниялардың және индустриялық серіктестердің өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Бұл кездесулерде бірлескен жобаларды іске асыру және отандық кәсіпорындардың өндірістік үдерістеріндегі жасанды интеллект базасына олардың озық шешімдерін енгізу мәселелері қаралды. Өнеркәсіп саласын цифрландыру арқасында қазақстандық өндірушілер халықаралық нарықта неғұрлым бәсекеге қабілетті болып отыр.
Іс-шараларға ARCOBO, Tems.AI, SafeSight AI, AIGINEER компанияларының сарапшылары, сондай-ақ «Цифрлық техника және технологиялар институты» АҚ (IDET.kz) өкілдері қатысты.
Кездесулер барысында цифрлық және роботтандырылған шешімдерді енгізудің нақты тәжірибелері, сондай-ақ табысты жобаларды өрістету мүмкіндіктері талқыланды.
Мысалы, ARCOBO компаниясы өнеркәсіпке арналған роботтандырылған жүйелерді әзірлеп, оларды қолданысқа енгізумен айналысады. Бұлардың қатарында дәнекерлеу және қаптау кешендері, станоктар мен паллеттеу жүйелеріне арналған ұяшықтар, сондай-ақ стандарттан тыс автоматтандырылған мүмкіндіктер бар. Бұл жүйелер кәсіпорындарға қол еңбегіне тәуелділікті азайтып, өндіріс үдерісін жеделдетуге, өнім сапасын арттыруға және үзіліссіз, тәулік бойы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ компанияның ең күрделі технологиялық өнімі — WAAM технологиясы бойынша металдан басып шығаруға арналған ARCOBO 3D-принтері таныстырылды. Бұл көпдеңгейлі жүйе өнеркәсіптік роботты, дәнекерлеу көзін, авторлық бағдарламалық қамтамасыз етуді, үдерісті басқаруды және басып шығаруды нақты уақыт режимінде цифрлық басқаруды қатар атқарады, ірі металл бөлшектерді өндіруге немесе жабдықтың тозған элементтерін сағатына бірнеше килограмға дейін қалпына келтіруге мүмкіндік береді, жеткізу мерзімін барынша қысқартып, өндіріс пен жөндеу шығындарын айтарлықтай төмендетеді.
Tems.AI компаниясы өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған, операциялық тиімділіктің толық циклін қамтитын жасанды интеллект платформасын таныстырды. Бұл платформа қызметкерлерді оқытудан және үдерістерді стандарттаудан бастап, орындау сапасын бақылау мен есептілікті қалыптастыруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Атап айтқанда, платформа өндірістік үдерістердің бейнежазбаларын кезең-кезеңімен цифрлық нұсқаулықтар мен регламенттерге (SOP) айналдырады, жасанды интеллект ассистенті арқылы корпоративтік білім базасына қолжетімділікті қамтамасыз етеді және тапсырмалардың орындалуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Компания қазірдің өзінде Allur және «КеденТрансСервис» сияқты қазақстандық кәсіпорындармен бірге жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар халықаралық тәжірибеге ие болып, Web Summit нұсқасы бойынша Еуропаның ТОП-10 стартаптарының қатарына енген.
SafeSight AI компаниясы өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған бейнеталдау мүмкіндіктерін ұсынды. Көрсетілген жүйе қауіпсіздік техникасының бұзылуын анықтап, қызметкерлердің еңбек өнімділігін талдап, нақты уақыт режимінде басқарушылық есептілікті қалыптастыра алады.
AIGINEER мамандары цифрлық көмекшілерді пайдаланып, өндірістік үдерістерді автоматтандыру және оңтайландыруға арналған өнеркәсіптік ЖИ-агенттер платформасын таныстырды. Жүйе шешім қабылдауды жеделдетіп, процестерді бақылаудың дәлдігін арттырады және ресурстарды тиімді басқаруға көмектеседі.
«Цифрлық техника және технологиялар институты» өз кезегінде өнеркәсіпте, мемлекеттік секторда және корпоративтік ортада қолданылатын талдамалық платформалар, ахуалдық орталықтар және интеллектуалды басқару жүйелерін құру бойынша мүмкіндіктерін таныстырды.
— Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіпке озық цифрлық және роботтық шешімдерді енгізуге бағытталған серіктестікті дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделілігін растады. Қазіргі уақытта пилоттық жобаларды іске қосу, тәжірибе алмасу және кәсіпорындарда цифрлық шешімдерді өрістету, ауқымын кеңейту үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайындық жүргізіліп жатыр, — делінген министрлік хабарламасында.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
