Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурадағы кеңес барысында көші-қон саласын толық цифрландыруды маңызды міндет ретінде атады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, көші-қонды реттеу саласында толық цифрландыру жұмыстарын жүргізу қажет.
«Көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру керек. Бұл – өте өзекті мәселе. Баяғыдан бері талқылап жатырмыз, дұрыс, оң нәтиже аз. Қазір әлемде күрделі ахуал қалыптасып отыр.»Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүкіл әлемде миграциялық ағындардың артып келе жатқанын атап өтті.
«Дүние жүзінде кең ауқымды көші-қон жүріп жатыр десек, қате болмайды. Қоныс аударғысы келетін шетелдіктер үшін Қазақстан – басқа елдерге өтуге де, тұрақтап қалуға да қолайлы мемлекет. Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру – аса маңызды міндет. Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы жұмысты тездетуді тапсырамын».Мемлекет басшысы
Сонымен қатар Тоқаев Үкіметке енгізілген барлық цифрлық шешімдерге талдау жүргізіп, тексеру жүргізуді тапсырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
