Қазақстан жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған ұлттық заңнамасын бейімдеу бойынша әлемнің үздік 15 мемлекетінің қатарына енді. Бұл туралы Сенаттың кеңейтілген отырысында депутат Бибігүл Аққожина мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, еліміз цифрлық даму саласында тұрақты ілгерілеу көрсетіп келеді.
Стэнфорд университетінің AI Index Report есебіне сәйкес, Қазақстан жасанды интеллект саласына бейімделген заңнамасы бар әлемнің үздік 15 елі қатарына енді. Қазіргі таңда бұл бағытта 11 өңірде 27 жоғары оқу орны мен 6 ғылыми институт белсенді жұмыс істеп жатыр. Зерттеу жұмыстарына 479 ғалым тартылған. Сала бойынша 62 жоба іске асырылуда. Олардың басым бөлігі Алматы мен Астанада шоғырланған. Әсіресе озық өндіріс, цифрлық технологиялар, ғарыш және медицина салаларына ерекше көңіл бөлінуде, – деді депутат жасанды интеллект туралы заңды талқылау кезінде.
Сонымен қатар ол бұл заңдардың цифрландыру үдерістерін реттеуге, жасанды интеллектті қауіпсіз енгізуге және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін заманауи құқықтық база қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Бүгінде жасанды интеллект, үлкен деректер мен блокчейн сияқты заманауи технологиялар мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып қана қоймай, ашықтықты, инклюзивтілікті және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Ал жасанды интеллектті енгізу үшін нақты нормативтік база қажет. Бұл негізгі заң – Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект технологияларын реттеуге арналған құқықтық негізді қалыптастыратын құжат, – деді Бибігүл Аққожина.
Айта кетейік, Сенаттың кеңейтілген отырысында «Жасанды интеллект туралы» заң қаралып жатыр.
Сондай-ақ Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанда дипфейк жасайтындар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!