ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасының басталғанын және байланыс операторлары үшін үлестік гранттар алуға ашық конкурс жарияланғанын хабарлады, – деп хабарлайды KAZINFORM
Конкурс аталған жобаны іске асыру аясында өткізіледі. Негізгі мақсат – ауылдық жерлерде телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындарын жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болатын интернет желісімен қамтамасыз ету.
- Жоба жергілікті интернетке қолжетімділік желісі жоқ 1 123 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуды көздейді.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 445 мыңнан астам үй шаруашылығы қосылып, шамамен 2,3 миллион адам жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді, – делінген ақпаратта.
Жоба аясында байланыс операторларына ауылдық жерлерде телекоммуникациялық желілерді салуға жұмсалған расталатын күрделі шығындардың 50 пайызына дейінгі мөлшерде қайтарымсыз үлестік гранттар беріледі.
Құрылыс жұмыстары операторлардың өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Салынған инфрақұрылым олардың теңгерімінде қалады.
Қатысушыларды іріктеу тең қолжетімділік, ашықтық және есептілік қағидаттарын сақтай отырып, ашық конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
