Қазақстанды студенттер жасаған бағдарлама әлем назарына ілінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Aleem деп аталатын қосымша қазақстандықтарды ағылшын тіліне тегін үйретеді. Қосымша App Store платформасында әйгілі Duolingo қосымшасын басып озып, бүгінде жүктелуі жағынан бірінші орынға шықты.
Жоба авторлары бұл жобаға ешқандай қаржы құймағандарын айтады.
Біз ешқандай инвестициясыз, мыңдаған сағаттарды арнап бұл жобаны жасап шықтық. Қазіргі таңда Platonus,Quizlet, Kahoot, ChatGPT сынды платформаларды басып оздық. Бір сөзбен айтқанда ағылшын сабағынан дәріс беретін мұғаліміңізге айналамыз, – дейді авторлар.
Сондай-ақ, бағдарламаны жүктеп сіз ағылшын тілінде өз деңгейіңізге байланысты сабақ ала аласыз.
Біздің мақсатымыз – сапалы тіл үйренуді барлығына қолжетімді ету. Қазір барлық оқулық Еуропада басылып жатыр, еуропалықтар үшін білікті мұғалімдер жетіспейді. Біз әлемдегі әрбір адамның, әсіресе мұғалімдер тапшылығы бар аймақтарда әрқашан ең жақсы оқытушы мен ең жақсы оқулықтың қолында болғанын қалаймыз», – дейді бағдарлама негізін қалаушылар.
Бағдарлама бір күнде Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда – бірінші, ал Ресей мен Әзербайжан елдерінде екінші орында тұр. Ал 3 күн ішінде 107 елден 60 000 пайдаланушы жиналған.
Жобаның негізін қалаушылар – Алидар Кучуков, Асылжан Алтай. Техникалық басқарушы – Темірлан Аманжанов, креативті басқарушысы – Ален Алтай және операциялық директор – Бердібек Сапарбеков сынды АҚШ-та білім алатын студенттер.
Команда алдағы уақытта қосымшаны қазақ және басқа да тілдерге негіздеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, болашақта бейнелерді қарауды және кітаптарды оқуды енгізетіндерін айтты.
Біз әлемдік деңгейге шығуды мақсат етеміз. Қазірдің өзінде АҚШ, Еуропа және Қазақстанның ірі қорлары бізбен байланысып жатыр, – дейді авторлар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
