Жұма, 14 қараша, 13:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Қытай роботтарды қалай оқытады?

14.11.2025

46 0

Фото: автордан

Қытай жасанды интеллект пен робототехникада жаңа дәуірге аяқ басты. Адамтектес роботтарды шынайы ортада оқыту, деректер жинау және өндірісті модельдеу – мұның барлығы Уси қаласындағы жаңа орталықта жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ

Қытайдың Уси қаласында Тяньци тобы салған жаңа орталықта роботтарға нақты өндірістік процестер үйретіліп жатыр. Мұнда автомобиль құрастыру, қойма логистикасы, бөлшектерді бұрау, дәнекерлеу, заттарды дәл ұстап өңдеу сияқты күрделі жұмыстар толық симуляцияланады. Бұл орталықтың мақсаты – роботтарды нақты өндірісте жұмыс істей алатын деңгейге жеткізу, ал оған ең алдымен үлкен көлемдегі деректер мен адам әрекетінің үлгілері қажет.

Уси қаласындағы тәжірибеде роботтар адам қимылын нақты қайталап үйренетін жаңа әдіс – teleoperation қолданылатыны бірден көзге түседі. Операторлар арнайы экзоскелет-қол құрылғысын киіп, күнделікті әрекеттерді орындайды: затты көтеру, ашу, бүктеу, бұрау, салмақты тең бөлу. Адам қандай қимыл жасаса – робот дәл сол әрекетті айна-қатесіз орындайды. Бұл процесс бірнеше кезеңмен жүреді.

Біріншіден, оператор экзоскелет арқылы нақты қимыл жасайды, құрылғы оның қозғалысын миллиметрлік дәлдікпен тіркейді. Екіншіден, осы қозғалыстың жылдамдығы, бұрылу бұрышы, қолданылған күш, траектория сияқты параметрлер роботтың моторларына беріледі.

Үшіншіден, робот дәл сол қозғалысты қайталайды. Тіпті ұсақ моторика әрекеттеріне дейін – мысалы, киімді бүктеу, кішкентай затты көтеру, оны түсіріп алмай ұстау сияқты күрделі қимылдар жасай алады.

Ең маңыздысы – “адамның әрбір қимылы дерекке айналады”. Бұл үлгі жасанды интеллектке жазылып, робот кейін дәл осы әрекеттерді операторсыз, өздігінен орындай алатын қабілетке ие болады. Яғни бүгін робот адамды қайталап үйренсе, ертең дәл сол жұмысқа өзі кіріседі.

Компанияның өзі бұл орталықты адамтектес роботтардың өнеркәсіпке толыққанды енуіне арналған “іргетас” деп бағалайды. Деректер неғұрлым көп болса, роботтың да қабілеті соғұрлым артады.

Тяньци тобы 1984 жылы құрылған, 2004 жылы биржаға шыққан кәсіпорын. Бүгінде ол үш бағытта дамып келеді: өндірісті автоматтандыруға арналған интеллектуалды жабдықтар, жаңа энергия индустриясына арналған шешімдер және адамтектес роботтар. Соңғы бағыт компания үшін басымдыққа айналған.

Бұл орталық Galbot және UBTECH сияқты жетекші робот өндірушілерімен бірлесе жұмыс істейді. Galbot G1 – күрделі қозғалысқа бейімделген жаңа буын платформасы. Ал UBTECH әлемдік деңгейдегі робот компанияларының бірі, 2024 жылдың соңына қарай 2 680 робот жеткізіп, олардың жартысынан астамы адамтектес модельдер болған. Екі компания да Уси қаласындағы орталықпен бірлесіп, роботтарды нақты өндіріске енгізу тәжірибесін кеңейтуді көздейді.

Уси қаласы Қытайдағы роботика индустриясының жаңа хабына айналып келеді. 2025 жылы қалалық билік пен кәсіпорындар “Адамтектес роботтарға арналған деректер жинау және нақты ортада оқыту орталығын” ресми түрде іске қосты. Орталықтың жұмысы өндірістегі қауіпті және күрделі операцияларды роботтар арқылы қауіпсіз орындауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект пен робототехника күн сайын өзгеріп жатқан заманда Уси қаласында жасалып жатқан бұл жұмыс Қытайдың өндірістік трансформациясының келесі кезеңіне жол ашып тұр. Мұнда қалыптасып жатқан технологиялар ертеңгі күні қызмет көрсету, логистика, зауыт өндірісі және тұрмыстық салаларға толыққанды енеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: