Қызылордалық бағдарламашы жастар оқу платформасын ойлап тапты. Бұл туралы жастар орталығында өткен «Жастар бастамасы: даму мен серпін» деп аталған форумда айтылды.
Форумға арнайы келген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті Нұрхан Кенжебаев өздері бастаған жобаны таныстырды. Қазір тіпті университет, колледждер шетелдің сайттарын пайдаланып білім алады. Ол платформалар көбіне тиімсіз және шектеулері бар екенін айтады.
– Бұл – кез келген бағдарламалауға қызығатын адамға тегін және қолжетімді оқу платформасы. Біздің gmlms.kz сайтымызға кіріп, тіркеліп frontend, backend, full-stack тағы басқа бағыттар бойынша курс өтуге болады.
Сайтты жасауға төрт ай уақытымыз кетті. Қазір пилоттық режимде бастау алып жатырмыз. Жүйені толық тексеру және қолдау жұмыстары жүргізілуде. Топта 6 адам жұмыс істейді. Әр команда мүшесінің өз міндеті бар. Бұл платформаның ел бойынша баламасы жоқ, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті Нұрхан Кенжебаев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!