Сейсенбі, 25 қараша, 01:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90 (2202)
25.11.2025
PDF мұрағаты

Робототехника әлеміне жол ашқан ұстаз

25.11.2025

31 0

Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектептің жас та болса, тәжірибелі мұғалімі Самат Абдрахманұлы – информатика мен робототехника саласын мектеп қабырғасында жүйелі дамытып жүрген мамандардың бірі. Ол бағдарлама авторы, бірнеше ғылыми жобаның жетекшісі, облыстық байқаулардың жеңімпаздарын тәрбиелеп жүрген нағыз жаңашыл мұғалім.

Робототехника әлеміне жол ашқан ұстаз

Мұғалім ол бала кезінен-ақ ақпараттық техно­логияларға ерекше қызығушылық танытып, түрлі ғылыми жобаларға қатысып, үздіксіз ізденумен болды. Бұл қызығушылығы уақыт өте келе нақты мақсатқа, үлкен арманға ұласты.

– Бұл мамандықты таңдағаным кездейсоқ емес. Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ ақпараттық технологияларға қатты қызығатынмын, түрлі ғылыми жобалармен айналысып, үнемі ізденісте болдым. Осы салада терең білім алып, оны басқаларға үйреткім келді. Сол себепті информатика пәнінің мұғалімі болуды саналы түрде таңдадым, – дейді ол.

Робототехника әлеміне жол ашқан ұстаз

Информатика мен робототехника – үнемі жаңа­рып отыратын, дамуы тоқтамайтын бағыт. Сон­дықтан Самат Абдрахманұлы сабақтарында тек теорияны емес, оқушылардың функционалдық сауаттылығын, өмірде қолдана алатын дағдыларын дамытуға басымдық береді. Нәтижеге қол жеткізу үшін STEAM, STEM, жобалық оқыту, геймификация секілді заманауи тәсілдерді күнделікті тәжірибесіне енгізіп отыр.

– Информатика мен робототехника – үнемі дамып, жаңарып отыратын пәндер. Сондықтан мен сабақта тек білім беріп қана қоймай, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға да көңіл бөлемін. Сабақ барысында балаларды белсенді жұмыс істеуге және нақты нәтиже шығаруға бағыт­талған әдістерді қолданамын. Жаңашыл тәсіл­дер – менің күнделікті жұмысымның ажырамас бөлігі. Мен тек осы әдістерді қолданушы ретінде ғана емес, жаңа әдістерді енгізіп, өз үлесімді қосып жүрмін. Мысалы, STEM моделі негізінде Arduino үйретуге арналған авторлық бағдарламамды әзірледім. Бұл оқушыларға инженерия, физика және бағдарламалауды қатар меңгеруге мүмкіндік беретін толық курс. Қазір бұл бағдарлама мектебімізде қолданылады, – дейді Самат Абдрахманұлы.

Робототехника әлеміне жол ашқан ұстаз

Робототехникаға қызығушылардың жасы да әр­түрлі. Самат Абдрахманұлы үйірмеге қабылдауды ғылыми-педагогикалық тұрғыдан жүйелі қарайды.

Робототехника әлеміне жол ашқан ұстаз

– Робототехникаға балалардың қатысу жасы негізінен қолданылатын платформа мен мақсатқа байланысты анықталады. Әдетте, ең алғашқы дең­гейде 1-4 сынып оқушылары үшін – LEGO сияқты қарапайым құрылғылар өте қолайлы. Яғни 6-7 жас­тан бастап, моториканы дамытып, роботтың қозғалысын ойын арқылы түсінеді. Ал 5-6 сынып оқушылары Spike Prime немесе LEGO Mindstorms EV3 сынды күрделірек платформалармен жұмыс істей бастайды, алгоритмдерді түсініп, түрлі меха­низмдер құрастырады. Ал менің Arduino-ға негіз­делген авторлық бағдарламамды меңгеру 12-13 жас­тағыларға қолайлы деп есептеймін. Өйткені бұл плат­формада жұмыс істеу үшін оқушыда физика бойынша базалық түсінік болуы және абстрактілі ойлау қабілеті дамыған болуы қажет. Arduino-да код­тау мәтіндік форматта жүргізілетіндіктен, оқушы­лар өз білімін тереңірек пайдаланып үйренеді, – дейді ол.

Arduino-ны негізгі платформа ретінде таңдауының да өзіндік себебі бар.

– Менің негізгі және тереңдетіп үйрететін платформам – Arduino. Дәл осы платформаға арнап авторлық бағдарлама жаздым. Неге Arduino-ны таңдадым? Себебі LEGO немесе басқа дайын конструкторларға қарағанда, Arduino оқушыны «шынайы инженерияға» жақындатады. Мұнда оқу­шылар тек дайын блоктарды құрастырмай, нақты электроникамен, сызбалармен жұмыс істейді. Блоктық кодтаудан өтіп, кәсіби C++ тіліне ұқсас мәтіндік бағдарламалауды үйренеді. Дегенмен оқушылардың жас ерекшелігіне қарай басқа платформаларды да қолданамын. Бастауыш немесе 5-6 сыныптар үшін LEGO Mindstorms / EV3 немесе SPIKE prime  платформаларын қолдану тиімді. Бұл оқушылардың робототехникаға деген алғашқы қызығушылығын ояту үшін таптырмас құрал. Жоғары сыныптар үшін менің фокусым – Arduino, – дейді жаңашыл ұстаз.

Робототехника әлеміне жол ашқан ұстаз

Мектептің материалдық-техникалық базасы да бұл мақсаттарды жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді.

– Менің Arduino микроконтроллерін үйренуге арналған авторлық бағдарламамды жүзеге асыру үшін мектеп басшылығы барлық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етті. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін роботтардың барлық түрі бар. Бар құрал-жабдықпен қамтамасыз ету – мектеп оқушыларының робототехника мен информатика саласында үздіксіз және жүйелі түрде дамуына өз септігін тигізеді, – дейді ол.

Жас мұғалімнің жетекшілігімен дайындалған жобалар да назар аударарлық. Оқушылары жасаған «ROBO QOL», «SMART EYE» сияқты жобалар облыстық деңгейде жоғары бағаланған. Олар медицина, экология және қауіпсіздік салаларындағы мәселелерді шешуге бағытталған.

– Мен үшін ең маңыздысы, балаларға роботтардың мектеп тақтасындағы құрғақ теория емес, нақты өмірдегі мәселелерді шешу құралы екенін көрсету. Оқушылардың жобасы түрлі саладағы мәселені шешуге бағытталған. Оқушылар өз жұмысының әлеуметтік маңыздылығын түсінген кезде олардың ынтасы еселеп артады, – дейді Самат Абдрахманұлы.

Балалардың ынтасын арттыруға келгенде Самат тек теориямен шектелмейді. Ол жасанды интеллект, виртуалды лабораториялар, авторлық веб-ресурстарды қолданады. Сабағында балалар өз идеясын іске асырып, өнім жасауға ұмтылады.

– Менің мақсатым – оқушыларды жай ғана тың­даушыдан белсенді зерттеушіге айналдыру. Сол үшін виртуалды лабораториялар мен симуляторларды, өзім жасаған веб-сайттарды және жасанды интеллект құралдарын белсенді қолданамын, – дейді ол.

Алдағы жоспары да ауқымды. Жас ұстаз қазір «Үздік информатика пәні мұғалімі – 2025» байқауының облыстық кезеңіне дайындалып жүр. Сонымен қатар оқушыларды халықаралық деңгейге шығару мақсатында жаңа жобалар әзірлеп жатыр.

– Мақсатым – мектептің IT-экожүйесін дамыту. Авторлық бағдарламаларды толық жетілдіріп, оқушыларды республикалық және халықаралық деңгейдегі додаларға дайындау. Робототехника – жай ғана пән емес, болашақ бәсекеге қабілеттіліктің негізі. Бұл сала баланың ойлау қабілетін, логикасын, технологиялық сауаттылығын қалыптастырады. Ертеңгі мамандықтардың басым бөлігі IT мен инженерияға қатысты болатынын ескерсек, бұл бағытпен айналысу – өмірлік қажеттілік, – дейді Самат Абдрахман.

Бүгінгі технология дамыған заманда жаңашыл ұстаздың еңбегі – ел ертеңінің кепілі. Самат Абдрахманұлы сынды мұғалімдер барда балалардың ғылымға қызығушылығы артып қана қоймай, еліміздің болашақ инженерлері мен IT-мамандары да мықты дайындықпен өсіп келеді. Робот құрастыру – жай хобби емес, үлкен арманға апарар алғашқы қадам. Ал сол қадамға бағыт беруші  – ізденімпаз мұғалім.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: