Сенбі, 25 қазан, 20:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81, 2193
25.10.2025
PDF мұрағаты

Сахнада жасанды интеллект: Қорғаныс министрлігі Республика күніне арналған бірегей концерт өткізді

25.10.2025

57 0

Астанада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның сахнасында Республика күніне орай «Жасанды интеллект және шығармашылық синергиясы» атты концерт өтті, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ұйымдастырған бұл жобаның ерекшелігі – ұлттық өнер мен заманауи технологиялардың үйлесімінде болды. Концерт тарихында алғаш рет жүргізуші рөлін жасанды интеллект атқарды.

Жобаның авторы Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсеновтің айтуынша, концерт қойылымында жасанды интеллектті қолдану технология мен өнерді біріктіретін жаңа рухани қабылдау форматын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам болып табылады.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері және олардың отбасылары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Ұлттық бірегейлікті нығайтуға және Отан қорғаушы бейнесін дәріптеуге бағытталған концерттік бағдарламаға Орталық әскери оркестр, Орталық ансамбль және «Жас сарбаз» балалар студиясы қатысты.

Мерекелік кештің «Тарихпен үндес тағдыр» атты алғашқы бөлімі қазақ халқының тарихи жады мен рухани тамырына арналды. Көрермендер эстрадалық-симфониялық оркестр мен «Сағым» би ұжымының өнерін жылы қабылдады.

Ал «Бірлік пен бейбітшілік» бөлімі достық пен ұлтаралық келісім тақырыбына арналды. Сахнада Орталық ансамбльдің фольклорлық-этнографиялық оркестрі, сондай-ақ Еркебек Қабдрахманов, Ағыбай Үдешов, Әлия Әукенова, Мәдина Қабдолла, Мәдина Сыбанқұлова және «Жас сарбаз» студиясының жас вокалистері өнер көрсетті.

«Менің Қазақстаным – менің Республикам» атты бөлімде «Қарулы күштер», «Батыр жүрек сарбаздар», «Қазақ ұлдары», «Мен қазақ», «Үзілмес үміт» және «Халықтар достастығы» секілді Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті дәріптейтін әндер шырқалды.

Концерттің финалдық бөлімі «Цифрлық болашақ» — Қазақстанның даму мен прогреске ұмтылысын бейнеледі. Әртістер «Қазақстан», «Қыран» және «Егемен Қазақстан» әндерін орындады.

Көрермендер концерттің жаңашылдығын және технологиялық ерекшелігін жоғары бағалап, әр нөмірді ыстық ықыласпен қарсы алды. Бұл концерт өнер, патриотизм және инновацияның үйлескен жарқын үлгісіне айналды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: