Жұма, 27 желтоқсан, 10:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Терезеден төнген қауіп

01.06.2024

542 0

фото: naryntany.kz

Жаз мезгілі жақындағанда ашық терезе, қараусыз баланың мәселесі қайта көтеріледі. Жыл сайын биіктен құлап мертіккен, тіпті арты қайғылы оқиғаға айналған жайтты жиі естиміз. Мысалы, өткен жылы 500-ден аса бала терезеге телміремін деп құласа, соның 26-сы қайғылы жағдаймен аяқталған. Биыл да статистика қуантпай отыр. Мәселенің себебі мен салдары қандай, шешу жолы қайсы? Аталған сауалға жауап іздеп көрелік.

Бала қауіпсіздігіне келгенде салғыртық танытуға болмайтынын ұғатын кез жетті. Өйткені ай сайын қараусыз қалған балалардың жағдайы қайғылы аяқталуы мүмкін екенін көрсетуде. Кейінгі 5 жылда 200- ге жуық бала терезеден құлап, көз жұмған. Біздің облыста да мәселе мәз емес. Мысалы, жыл басынан бері облыста 9 бүлдіршін терезеден құлаған. Ал өткен жылғы көрсеткіш 14 жағдаймен түйінделген еді. Зардап шеккендердің басым бөлігі – 1 мен 7 жас аралығындағы балалар.

Балаға өз үйі ең қауіпсіз жер болуы керек

Әрине, ата-ана үшін перзентінің амандығынан артық құндылық жоқ. Әйтсе де білместіктен жасалған қадам, абайсызда кеткен қателік өкінішке ұрындырып жатады. Мысалы, баланың ажалына әкелетін бір себеп – ашық терезе. Бұрынғы үйлерде терезелер толық ашылмайтын, тек жоғарыдағы кішкене бөлігі желдеткіш ретінде пайдаланылғанын білеміз. Ал қазіргі үйлерде орнатылған пластикалық терезелердің ортасы толық ашылады, тіпті ашуға артық күштің қажеті шамалы. Ойын баласы көшені қызықтаймын деп тұтқадан тартып, от басатыны бар. Мамандар да мәселенің өзегін бірнеше тармаққа сүйене тарқатады. Айтуларынша, баланы қараусыз қалдыру, терезеге арнайы құрал орнатпау, балаға қауіпсіздік туралы түсіндірмеу – басты қателік.

 – Жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилер жетерлік. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мерт болады. Көп жағдайда дәрігерлер көмектесе алмай мүгедек болып қалуы мүмкін. Биіктен құлау жағдайлары жол-көлік оқиғалары секілді адамның жиі мерт болуына әкеліп соғады. Жоғары қабаттан көбіне жасы беске толмаған сәбилер құлайды. Жаз басталысымен биік қабаттан құлау оқиғасы жиілей түседі. Екінші, үшінші және одан да жоғары қабаттан құлау фактісі көбіне терезедегі москиттік тор орнатпаумен байланысты. Тұрғындарға арнайы мекемелерге терезеге тапсырыс беру кезінде москитті торды балалардың бойы жетпейтін жеріне орнатуға немесе басқа да қалқандар арқылы сақтық шараларын қатаң қадағалау керек. Ата-аналарға көпқабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болған жөн, – дейді ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы төрағасының орынбасары Асхат Сапаров.

Қадағалау қайдан басталады?

Мәселеге себептің бір ұшын ата-ананың жауапсыздығына артатындар бар. Яғни, қараусыз қалдыру әке-шешенің салғырттығынан туған олқылық деген түсінік басым. Аталған пікір орынды да секілді. Статистика көрсеткендей, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу немесе білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатын атааналардың саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе, жазғы каникул кезінде қараусыз және панасыз қалған балалардың саны азаймай тұр. Мұның барлығы кей отбасыда ата-ана мен бала қатынасының жолға қойылмағанын білдірсе керек. Жасыратыны жоқ, үлкені кішісіне қамқор болар деген ой көп ата-ананы бейқамдыққа сүйрейді. Жұмыспен бас қатырып, үйдегі тірлікке мойын бұрмайтындар қаншама. Бұл баланың қараусыз қалып, өкінішті жайттарға ұрынуына әкеледі. Себебі «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болса, баланың өз ісіне есеп беруі де қиын. Орайы келгенде айта кетейік, жазғы каникул кезінде қараусыз және панасыз қалған балаларды көп көреміз. Бұл олардың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмайтынын, үйінде қадағалау аздығын білдіретіндей. Шығармашылық үйірмелеріне бару, спорт секцияларына қатысу секілді бала өміріндегі маңызды дағдыларды да жіберіп алып жатады. Міне, осы мәселені шешу үшін Үкімет бірнеше маңызды қадам жасады. Мәселен, 2019 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар кәмелетке толмағандардың медициналық-әлеуметтік есебін түзді. Сондай-ақ мектеп жасындағы балалардың отбасының цифрлық картасы дайындалып, әрбір отбасына педагог, психолог, құқық қорғау өкілдері жіті тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде «Тәуекел тобы» секілді әлеуметтік қадағалау жүйесі пайда болғанын білеміз.

– Ата-ананы кінәлауға да болмайды. Себебі таңнан кешке дейін отбасын асырау үшін тер төгіп жүргендер бар. Кейбір ана декреттік демалысын ерте аяқтап, жұмысқа шығуға мүжбүр. Бұған тұрмыстық жағдай, отбасындағы ахуал себеп болады деп санаймын. Егер ана баланың жанында болса, ақша табу мен отбасын жеткізу міндеті жүктелмесе, қараусыз сәби болмайды. Бұл орайда жалғызбасты аналардың да барын ескеру қажет, – дейді қала тұрғыны Аманкүл Шекербекқызы.

Жарайды, белгілі себеппен ата-ананың баланы қарауға уақыты болмады делік. Сонда шешім неде? Тұңғышын бас көз етіп, бос бөлмеде қалдыру ма? Мүмкін, туысқа аманаттау, балабақша қызметін пайдалану шешім шығар? Десе де мамандар мұның барлығы ата-ана қадағалауының орнын баспайтынын, керісінше әлеуметтік осал топтағы отбасылармен жұмысты күшейту қажетін меңзейді. Есте болса, бірнеше жыл бұрын Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Сонда аталған мәселені сол кезгі оқу-ағарту министрі, бүгінгі депутат Асхат Аймағамбетов көтерген болатын. Ол ата-анаға әлеуметтік қолдау мемлекет тарапынан жүйелі жүргізілуінің маңызды екенін айтқан еді. «Дамыған елдердің көпшілігінде кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ қолайсыз отбасыларға жан-жақты көмек көрсету бойынша арнайы орталықтардың жұмысы кең таралған. Бұл қызметтер ата-аналарға бағытталған және барлық жастағы балаларды қолдауға арналған. Олардың қызметіне балаларды тәрбиелеу бойынша отбасыларға кеңес беру, ата-аналарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жеңілдіктер төлеу, медициналық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету мәселелері кіреді. Отбасын қолдаудың осындай орталықтары білім, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде де бар», – деді ол.

Құқықпен қатар, міндет бар

Әр бала үшін қолайлы жағдай жасау, оларды панасыз қалдырмау, шарасыз күйге түсірмеу – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Осы орайда тиісті органдар тоқсан сайын рейдтік тексеруді күшейтіп, мониторингті тоқтатпауда. Әрбір отбасы бойынша жеке жоспар әзірлеп, мәселемен күрестің тың тәсілдерін әзірлеуде. Мысалы, балалардың терезеден құлау оқиғасының алдын алу үшін арнайы «Терезе» профилактикалық шарасы тұрақты жүргізіледі. БАҚ-та да аталған акцияның ақпары мол.

– Терезеден құлау фактісінің тіркелуіне басты себеп – балалардың қараусыз қалуы. Сондықтан да сақтық шарасына бей-жай қарамау әр отбасының алдында тұрған жауапты міндет. Осыған сәйкес, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Терезе» профилактикалық шарасын жүргізуде. Негізінен қайғылы жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалған үйлерде немесе ата-аналардың салғырт қарауынан орын алады. Ойын баласының кез келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, мазасыз күйде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбиіңіздің өміріне қауіп төнбес үшін, оның әр қадамына абай болғаныңыз абзал. Терезені ашық қалдырмау, торды берік орнату, балаларды қараусыз тастамау, жиһаздарды терезенің жанына коймау, аса маңызды, – деді Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Мұхтар Белсенбаев.

Жаза бар. Себебі мен салдары айқын. Жаза ше? Мәселен, Франция, Германия, Польшада баланы қараусыз қалдырған, міндеттерін орындамаған ата-ана 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Біздегі жаза ескертумен шектеліп жүрген жоқ па? Бұл бағытта ілгерілеу бар. Енді терезеден құлап мертіккен балалардың ата-анасын заң бойынша жауапқа тарту қарастырылған. Баласына немқұрайлылық танытқандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері ешбір ата-ана жазаға тартылмаған. Тек ескертумен шектеліпті. Сонымен қатар жуырда балалардың терезеден құлауының алдын-алуға бағытталған норма қабылданды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары әлеуметтік желіде бөлісіп, заңдағы өзгеріске маңыз берген болатын.

«Балалар терезеден құлайтын проблема бар. Осыған байланысты көпқабатты тұрғын үйлердің терезелері міндетті түрде құлыптаулы болатындай, сол сияқты басқа механизмдермен қамту қажеттігі бойынша норма қабылданды. Көпқабатты үйлердің құрылысы басталған жерде мектептер мен балабақшалар міндетті түрде болуы керек. Егер мектептер мен балабақшалар қажетті деңгейде болмаса, мектептер үш ауысымды болып кететін болса, онда көпқабатты үйлерді салуға жол бермеу сияқты нормалар қабылданды», – делінген «AMANAT» партиясы фракциясының мәліметінде.

P.S. Бала қауіпсіздігін заң шеңберінде бекіту, ата-ана қадағалауын арттыру кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Бұл бағыттағы өзгеріс құқықтық шеңберден әрі асып, азаматтардың жауапкершілігіне әсер етуі керек. Себебі бала мемлекет пен «кіші отанға» ортақ.

Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: