Жұма, 27 желтоқсан, 10:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Үдере көшкенге үміт болған ұлы дала

01.06.2024

407 0

Отанынан жыраққа кетіп, жат елде өмір сүрген ұлттың мәңгі аңсары – туған ел. Ал еркінен тыс үдере көшкен ұлт болса, мәселе тіпті бөлек. Мұндай халықтың басынан өткен қайғылы тарих пен қанды оқиғаның баяны ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, мәңгі маза бермесі белгілі. Қазақ жерінен пана іздеген шешен-ингуш халқының өткені де осы қалыпта өрбіді. Бір күнде үй-күйін тастап, қаралы жолға аттанған халық Қазақстанға жеткенше біршама бөлігінен айырылды. Азды-тозды, арып-ашыды. Ал қазақ елі мейірбандық танытып, аш-жалаңаш адамдарды жылытты, бір үзім нанды бөліп беруге тырысты. Бүгінде кеңпейіл қазақтың мейірімін пана іздеген ұлт та ұмытпай, алғыспен еске алуда.

Расында шешен-ингуш халқының басынан өткен қилы кезең әділетсіздіктің көрінісі. Бір түнде бүтіндей ұлтты туған жерінен көшіру, «сатқын» есебінде көрсету идеясын басқаша атау мүмкін емес шығар. Биыл шешен-ингуш халқының Қазақстанға қоныстанғанына 80 жыл. Сәті келгенде мыңдаған адамды зар қақсатқан қырғынның қанды тарихына бір көз жүгіртіп көрелік. 1944 жылы 23 ақпанда шешен-ингуш ұлтын күштеп жер аударуға бағытталған «Жасымық» («Чечевица») операциясы басталды. Жүздеген мың шешен мен ингуш «басқыншылармен байланысты» деп айыпталып, Солтүстік Кавказдан депортацияланған болатын. Саяси әрекеттің мұқият жоспарлы түрде өткені сонша әрбір қадам жүйелі бақылауда болған. Тіпті радиодан «Пантера» кодтық сигналы берілген соң операцияның жүзеге асырылғанының өзі тыңғылықты дайындықты білдіреді. Оқиға куәгерлерінің естелігінде операцияның тез арада болғаны айтылады. Белгі берілгеннен кейін арнайы топ жұмысқа кіріскен. Таңертеңгі сағат алтыда әскерилер үйлерді қағып, иелерін оятып, жолға жиналуға екі сағат уақыт берген көрінеді. Артынша халықты жүк көлігімен ең жақын теміржол станцияларына апарып, вагонға қойдай тоғытқан. Алғашында әр отбасыға 500 келіге дейін жүк алуға рұқсат етілгенмен, кейіннен ол да жайына қалып, орындалмапты. Оның бір себебі – депортациялайтын вагонға мүлкімен 45 адам ғана сиятын болған. Деректерде жарты миллионнан астам адам туған жерін тастап жат өлкеге көшуге мәжбүр болған. Жер аудару кезінде 100 мың шешен, 23 мың ингуш мерт болған деген мәлімет бар. Қалай болғанда да сапарға шыққан ұлттардың әрбір төртінші адамы діттеген жерге тірі жетпеген екен. Осы орайда қасіретті оқиғаның тірі куәгері Салман Героевтің БАҚ-қа жарияланған пікірі ахуалдың шынайы көрінісінен хабар беретіндей. –Мен ол кезде жеті жасар бала болсам да бәрі есімде. 1944 жылы ақпанның 23-і күні таңғы сағат 5-те ауылдағы шешендер мен ингуштардың пәтерлеріне қаруланған сарбаздар мен офицерлер кірді. Олар тұрғындарға заттарын жинап көшке дайындалуға 15 минут ғана уақыт берді. Барлығына тек қол жүктерін алуға рұқсат етілді. Бас-аяғы 4 сағат ішінде барлық халық мал тиейтін вагондарға тиеліп шығысқа аттанды. Мұнда қарттар, әйелдер және мен сияқты көптеген бала да болды. Вагондардағы қарулы күзетшілердің қатаң бақылауында болған олар қайда бара жатқанынынан бейхабар еді, – деп еске алады ол.

Осылайша, тағдыр айдап, Қазақстанға келген ұлттардың жаңа өмірі басталды. Жат мекенде өлім құшады деп айдалаға тастап кеткен халықты қазақ елі панасына алып, қамқорлық көрсетті. Қатарға қосуға қамдап, қолда барын берді. Олар да көп ұзамай жергілікті тұрғындармен біте қайнасып, жаңа тарихты бастауға бел буғанын білеміз. 1956 жылы шешендер мен ингуштардан арнайы қоныс аудару бойынша шектеу алынып тасталғаннан кейін де Отанына оралудан бас тартқандар көп. Шешен-Ингуш АКРО қалпына келтіріліп, кеңдік кезеңі келсе де, қиын-қыстау күнде қол созған қазақты қимағаны қаншама?! Сондықтан жақсылық пен мейірімді ұштастыра білген қазақ та о л а р д ы шеттетпей, өзімен шендестіре білді. Көшіп келген халыққа алғашқы жылдарда жаңа климатқа үйренісу оңайға соқпады. Жергілікті ауа райына бейімделмеген, өмір сүруге қаржы болмаған вайнах халқының кей бөлігі ауру мен аштықтан қаза тапты. Тіпті этнос ретінде жойылу қатері пайда болғанын да білеміз. Себебі кеңес үкіметі шешен-ингуштарды апарған өңірде «Олар сатқындар» деген үндеу жүргізген еді. Сондықтан жергілікті халық әдепкіде келген жұртқа сақтықпен қарады. Алайда қазақ халқы бүтін ұлттың қылмыс жасауы мүмкін емесіне сеніп, келген адамдарға қолдау білдірді. Баспана беріп, алдына ас қойды. Кім білсін, егер биліктен қорқып, ешбір үй есігі ашпаса, тарыдай шашыраған ұлттың тағдыры одан әрмен қиындай түсер ме еді!?. Оның үстіне Қазақстанға күнкөріске қажет қаржы да ала келмеген адамның қатары көп-тін. Оларды құтқарған қазақ халқының бауырластығы, қонақжай пейілі, кең көңілі екені даусыз. Қазақстанның жайлы болғаны сонша, шешендер мен ингуштар бүгінге дейін ана тілі мен мәдениетін сақтап қалды. Кейіннен кеңшілік беріп, қайтуға жол аш­ылғанда да ұрпақтарының болашағы үшін осында қалуға бел байлағаны аз болмады. Нәтижесінде қазіргі қоғамда көптеген шешенингуш ұлтының өкілі еліміздің дамуына үлес қосып жүр. Жер аудару кезеңін өткерген әр отбасының өзіндік тарихы, қазақ халқынан сезінген жылу мен көмек туралы шежіресі бары ақиқат.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: