Жұма, 27 желтоқсан, 03:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жасанды интеллект журналистің орнын баса ала ма?

29.10.2024

551 0

Жаһанда медианың болашағын анықтайтын негізгі трендтердің бірі – бұл ЖИ мен жаңа медианың интеграциясы. Қазіргі заманғы медиа саласы үнемі өзгеруде және бұл өзгерістердің көпшілігі жасанды интеллект технологиялардың дамуымен тығыз байланысты. Жасанды интеллектінің медиа саласында қолданылуы ақпараттық қауіпсіздіктің жаңа сынқатерлерін тудырумен қатар, стратегиялық мүмкіндіктерді де ашады.

Жасанды интеллект БАҚ-та ақпаратты жинау мен мазмұнды генерациялаудан бастап, жаңалықтарды таратуға дейін кеңінен қолданылады. «Қазірдің өзінде ЖИ жүйелері медиа нарықта оң көзқарасқа ие болып, басқа да ақпарат құралдарымен бәсекеге түсе бастады», – дейді «Reuters» институтының сарапшылары.

Жасанды интеллект деректерді жинауды және ақпаратты өңдеуді автоматтандыру арқылы көмектеседі. Мысалы, жасанды интеллект журналистерге ақпаратты талдауда көмектеседі. Жасанды интеллекттің журналистика саласындағы рөлі туралы түрлі пікірлер бар. Кейбіреулер жасанды интеллект журналистің жұмысын жеңілдетіп, жаңалықтарды қысқа уақытта өңдеуге көмектесетінін айтады. Басқалары жасанды интеллект әлі де оқиғаларды зерттеу, сұхбат жүргізу және кешенді талдау жасауды толығымен алмастыра алмайды деп санайды. ЖИ үлкен көлемдегі деректерді адамдарға қарағанда тезірек талдай алғанымен, бірақ терең, бай мазмұнды мақала жаза алмайды. Сарапшылар пікірінше, жасанды интеллект журналистерге көмекші ретінде қызмет етуі мүмкін, бірақ олардың орнын толық алмастыра алмайды. Сондықтан журналистердің рөлі әлі де маңызды болып қала береді. Соның бірден бір мысалы – 2017 жылы Қытайда Гуанчжоу қаласындағы «Southern Metropolis Daily» жергілікті БАҚ робот репортері Сяо Нянның алғашқы мақаласын жариялауы. Тақырып Гуанчжоу-Чжэнчжоу бағыты бойынша билеттерді сату жайлы болды. Робот репортерді әзірлеуші профессор Ван Сяоцзюньдің айтуынша, мақала мәтіні бір секундта жазылған. Профессор жасанды интеллект роботы тек деректерді талдай алатынын, адам секілді сұхбат немесе диалог жүргізе алмайтынын, сол себепті алдағы уақытта да жасанды интеллект журналистің орнын толық алмастыра алмайтынын алға тартады.

Медиа және жасанды интеллект жобалары бірте-бірте бірлесе жұмыс бастап келеді. Жасанды интеллект алпауыттары «OpenAI» және «Microsoft» АҚШ-тағы жаңалықтар бөлімдеріне жасанды интеллект құралдарын енгізу жобасын қаржыландырып, жаңа технологияны пайдалану үшін мамандарды оқытуға инвестиция салмақ. Қазіргі уақытта екі компанияның әрқайсысы бұл жобаның жүзеге асуына 5 миллион доллардан қаржы бөлуде. «The Verge» ақпаратынша, қаржыландырудың бірінші кезеңіне жергілікті журналистикаға бағытталған бес мемлекеттік медиакомпания кіреді. Олар: «Chicago Public Media», «Minnesota Star Tribune», «Newsday», «Philadelphia Inquirer» және «Seattle Times». Компания жоспарына сәйкес, «Seattle Times» және «Minnesota Star Tribune» сияқты газеттер жасанды интеллект маманын екі жылдық мерзімге жалдамақ. Яғни маман жасанды интеллект арқылы тілшілерге ақпарат іздеуге, оны ЖИ арқылы жазуға, ақпарат дәлдігін тексеруге үйретпек.

– Журналистердің рөлін алмастыра алмаса да, біз жасанды интеллект технологиясы журналистерге ақпаратты зерттеуге, таратуға және монетизациялауға көмектесе алады деп сенеміз», – дейді «OpenAI» зияткерлік меншік және контент бөлімінің басшысы Том Рубин.

Жасанды интеллектіні медиа саласында қолданудың пайдасы туралы әлемде қызу талқылануда. Қазан айында Қытайдың Үрімші қаласында өткен VI Дүниежүзілік медиа саммитінің негізгі тақырыбы жасанды интеллект дәуіріндегі адам мен дәстүрлі журналистиканың орны, сондай-ақ осы технологияның жылдам таралуынан туындайтын қауіптер мен қиындықтар туралы болды. Шараға 106 елден 500-ден астам медиа саласының өкілдері қатысты. Синьхуа агенттігінің бас директоры Фу Хуа өз сөзінде жасанды интеллект, бір жағынан, ақпаратты жинау және өңдеу процестерін жылдамдатып, күнделікті тапсырмаларды орындауға көмектескенімен, екінші жағынан, редакторларға этика және мазмұн сапасын бақылау сияқты маңызды міндеттер қояды. Оның айтуынша, медиаиндустрия өкілдерінің алдында жаңа цифрлық ортаға тезірек бейімделу міндеті тұр. Журналистердің жұмысындағы жасанды интеллекттің рөлі туралы талқылаулар «Astana Media Week» «Аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ахуалдық орталықтардың рөлі: медиа мониторингі, үлкен деректерді талдау және әлеуметтік шиеленісті басқару» сессиясында да қызу талқыланды. «iMAS GROUP» бас директоры Данияр Бибасар жасанды интеллект құралдарының БАҚ мамандарына қолдау көрсетудегі рөлін ерекше атап өтті. Спикерлер құқықтық ортадағы соңғы өзгерістерді, олардың медиаға стратегиялық әсерін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты сын-қатерлерді талдады.

Жасанды интеллект, жаңа медиа мен ақпараттық кеңістік

Биылғы Astana Media Week форумының басты тақырыбы – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың ақпараттық кеңістікке әсері. «Astana Media Week – 2024» аясындағы «Қазақстан – әлемдік ақпараттық алаңда» атты сессиясында Қазақстанның жаһандық ақпараттық экожүйедегі стратегиялық орны талқыланды. Спикерлер жасанды интеллект пен жаңа медианы ақпараттық кеңістікке біріктірумен байланысты мүмкіндіктер мен қиындықтарды талқылады. Үздіксіз ақпарат ағыны жағдайында БАҚ этикасы және журналист мәртебесі мәселелері де қарастырылды. Қатысушылар сонымен қатар ақпараттың жылдам ағыны аймақтық БАҚ жұмысын қалай өзгертетінін, жаңа форматтар мен тәсілдерді, БАҚ және ақпараттық қауіпсіздіктің құқықтық аспектілері талқыланды. Жаһандық контексте медианың болашағын анықтайтын негізгі тенденцияларды болжаумен қатар, жасанды интеллект пен жаңа медианың интеграциясынан туындаған медиа экожүйесінің өзгерісі талқыланды. – Цифрландыру қарқыны жоғары, бірақ біз мұндай қарқынды дамуға қашан төтеп бере аламыз? Егер бұрын бұқаралық ақпарат құралдарының ұғымы – теледидар, газет-журнал – түсінікті болса, енді смартфоны бар кез келген адам оның бір бөлігі бола алады», – дейді ҚР Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов.

Сессияға қатысушылар қазақстандық мәдени және ақпараттық контентті әлемдік аренада ілгерілету мүмкіндіктерін талқылады. Бұл пікірталас қазақстандық БАҚ-ты жақсарту бойынша ағымдағы стратегиялар мен ұсыныстарды талдауды қамтыды. Қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызын және Қазақстанның жаһандық ақпараттық экожүйедегі рөлін атап өтті. Бұл сессия медиа-индустрия, мемлекеттік органдар және халықаралық сарапшылар арасындағы пікір және тәжірибе алмасу үшін маңызды алаң болды. Үздіксіз ақпарат ағыны аймақтық БАҚ жұмысын айтарлықтай өзгертіп, жаңа міндеттерге тез бейімделуді және жауап беруді талап етеді. Үнемі жаңалықтарды жаңарту жағдайында аймақтық БАҚ оқиғаларға жедел әрекет етуге мәжбүр, бұл көбінесе журналистер мен редакторлардың жұмыс жүктемесінің артуына әкеледі. Сол себепті жасанды интеллектіні көмекші ретінде пайдалану маңыздылығы артпақ. Мұндай жағдайда БАҚ этикасы ерекше маңызға ие болады. Уақыт қысымына және оқиғаларды жылдам хабарлау қажеттілігіне қарамастан, журналистер дәлдік пен объективтіліктің жоғары стандарттарын сақтауы керек. Үздіксіз ақпарат ағыны және цифрлық трансформация аймақтық БАҚ пен журналистер үшін жаңа мүмкіндіктер де, қиындықтар да туғызады, яғни жаңалыққа бейімделуді және этикалық стандарттарды сақтауды талап етеді. «Astana Media Week – 2024» аясындағы «Медиа мамандарды даярлау: не күтеміз?» атты сессияда білім беру бағдарламалары болашақ журналистерге бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ЖИ және үлкен деректерді талдау сияқты озық технологиялармен жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды беруге қалай бейімделу керектігі айтылды. Мақсұт Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, журналист Ерболат Мұхамеджан тез өзгеріп жатқан медиа алаңда бағдарлай алатын әлемдік деңгейдегі журналистерді даярлау қажеттігін атап өтті.

– Соңғы 30 жыл бойы біз Қазақстанның әлемдік аренадағы орны туралы айтып келеміз, бірақ біз жаһандық пікірталастарға қатысып жатырмыз деу жеткіліксіз. Белсенділік танытып, жаһандық ақпараттық күн тәртібін қалыптастыратын уақыт келді», – дейді Ерболат Мұхамеджан.

Ерболат Мұхамеджан университетте білім алумен қатар, жергілікті БАҚ мекемелерін цифрлық дәуірде жаһандық оқиғаларды қалыптастыруға және медиа мәселелерін шешуге қабілетті мамандарды дайындауға шақырды.

Жасанды интеллект мамандары тапшы

 Қазірде әлемде медиа саласында жасанды интеллектіні жетік меңгерген мамандар саны аз. 12 қазанда бүкілресейлік НАУКА 0+ фестивалі аясында «БАҚ зерттеулерінің теориялық саласындағы жасанды интеллект және үлкен деректер» атты «НАММИ» дөңгелек үстелі өтті. Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің «Жарнама және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі Владимир Евстафьев «Болашақ медиа кәсіптерін қалыптастырудағы ЖИ рөлі: ХХІ ғасыр дағдылары мен құзыреттері» баяндамасында ЖИ саласындағы ең өзекті және даулы мәселелердің ауқымын, тілші студенттерге осы тақырып бойынша іргелі білім беруге қабілетті білікті мұғалімдердің жетіспеушілігін атап өтті.

– Ғылыми жұмыстарды жазу процесінде жасанды интеллектті пайдаланудың рұқсат етілгені және ChatGPT және оның аналогтарынан алынған деректерді тексеру мәселесі өзекті, – дейді ол.

Бүгінде нарықта журналистика мен медиа индустрияда жұмыс істеу үшін жасанды интеллект дайындайтын мамандардың тапшылығы рас. Ақпаратты өңдеу және контент құру саласындағы инновациялық технологияларға сұраныстың артуына орай ЖИ саласын толық меңгеру үшін қомақты қаражат керек, себебі ЖИ платформаларының барлығы дерлік ақылы болады. Бүгінде әлеуметтік желіні ашып қалсаң, ЖИ білемін дейтін адамдар саны аз емес. Алайда олар ұсынған курстарға қатысып көрсеңіз, цифрлық бағдарламалар мен қосымшаларды ЖИ деп ұсынып, ЖИ саласына қатысы жоқ ақпарат ұсынады. Қазірдің өзінде әлемде ЖИ технологиясын БАҚ өкілдеріне үйрететін компаниялар саны аз және сол курстарға қатысу үшін ұсынысты растау үшін бірнеше ай күтуге мәжбүр. Ал БАҚ саласына қатысты ЖИ платформаларын білетін мамандарды елімізде табу қаншалықты қиын екенін ойланып көріңіз. Сол себепті ЖИ саласын жетік меңгерген IT мамандарды осы салаға тарту қаншалықты маңызды екені айтылып келеді. Сарапшылардың айтуынша, бірер жылдан кейін ЖИ жаңалықтарды жылдам ұсынудың, ақпаратты сүзгілеуден өткізу, дәлдігін тексеруде үлкен рөл атқаратын БАҚ болашағын қалыптастыруға көмектеседі. Әлемдегі ең ірі БАҚ қауымдастығы – «Дүниежүзілік газеттер мен жаңалықтар қауымдастығының» мәліметі бойынша, әлемдегі жаңалықтар бөлімдерінің 49%-ы ЖИ құралдарын пайдаланады. Сонымен қатар редакциялардың 67 пайызы қазірдің өзінде жасанды интеллектіні белсенді түрде пайдаланады. «TASS» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, «Muck Rack» компаниясының «2024 жылғы журналистиканың жағдайы» зерттеуінде қазіргі журналистердің 30%-ға жуығы генеративті жасанды интеллектті күнделікті жұмысында пайдаланатыны айтылады. Осы мақсаттар үшін табиғи тіл генерациясы (Natural Language Generation) деп аталатын технология қолданылады. Мәселен, 2014 жылы «Los Angeles Times» басылымы Калифорния штатындағы Вествуд маңындағы жер сілкінісі туралы бірінші болып жазды. Жаңалықтың авторы журналистердің бірі жасаған «Quakebot» ЖИ роботы болды. «The Forbes» мәліметтері бойынша, әлемдегі жетекші БАҚ-тар апта сайын ЖИ жазған жүздеген мың мақаланы жариялайды. «supernova. is» ақпараты бойынша АҚШ-тағы бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің робот-журналистері бар. «Heliograf» боты «The Washington Post» үшін, «Cyborg» ЖИ «Bloomberg» үшін және австралиялық басылым «The Guardian» үшін «ReporterMate» ЖИ жазады.

«Astana Media Week – 2024» аясында жасанды интеллект деректердің үлкен көлемін талдауға қабілетті, медиаға аудиторияны дәлірек бағыттауға және мазмұнды жекелендіруге мүмкіндік беретіні де айтылды. «Superconnected: ЖИ, цифрлық медиа және техноәлеуметтік өмірдің болашағы» дәрісінің негізгі аспектілерінің бірі БАҚ-та жасанды интеллектіні қолдануға қатысты этикалық мәселелерді талқылау болды. Жасанды интеллект пен жаңа медианың интеграциясы туралы да пікірлер айтылды. Спикерлер жасанды интеллектіні күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру және шығармашылық пен өзін-өзі көрсету үшін жаңа мүмкіндіктер беру арқылы өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алатынын атап өтті. Жасанды интеллектінің журналистиканың болашағына ықпалы ерекше. Форумда жасанды интеллектіні журналистерге ақпаратты жинау мен талдауға, сондай-ақ контент құруға қалай көмектесетінін талқылады.

Дәріс автоматтандырылған жаңалықтар жүйелері және жекелендірілген мазмұн ұсыныстары сияқты БАҚ-та жасанды интеллектіні сәтті қолдану мысалдарын қамтыды. Спикерлер сонымен қатар жасанды интеллект ақпаратты талдау және дұрыстығын тексеру арқылы жалған жаңалықтармен күресуге қалай көмектесетінін талқылады. Дәріс соңында қатысушылар жасанды интеллект және цифрлық медиа орталық ықпалы мен техноәлеуметтік өмірдің болашағын туралы ойын ортаға салды. Бұл технологиялар адамдардың өзара түсіністігі мен өзара әрекеттесуіне ықпал ете алатыны, сонымен бірге этика мен жауапкершілік мәселелерін мұқият қарастыруды талап ететіні атап өтілді.

«Superconnected: ЖИ, цифрлық медиа және техно-әлеуметтік өмірдің болашағы» дәрісі медиаиндустрия өкілдері, жасанды интеллект әзірлеушілері мен этика сарапшылары арасында пікір алмасу және тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналды. Қатысушылар өзекті мәселелерді талқылауға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік алды. «Astana Media Week – 2024» ұлттық медиа-кеңістіктің дамуы мен нығаюына үлес қосатын Қазақстанның медиа индустриясының басты оқиғасы болу дәстүрін жалғастыруда. Жасанды интеллект заманауи медиада маңызды рөл атқарады, үлкен көлемдегі деректерді талдауға және жеке мазмұнды қамтамасыз етуге көмектеседі. «Kommersant» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылдың қыркүйек айында неміс баспасөзі «Express.de» өзінің редакциясында «Klara Indernach (KI)» ЖИ жүйесін енгізді. Бұл жазуға, мазмұнды зерттеуге және ақпараттың үлкен көлемін жылдам қорытындылауға мүмкіндік беретін құрал. Клара тақырып ойлап тауып, жазады. Бұл мүмкіндіктер «EXPRESS.de» сайтындағы ақпарат тарату жылдамдығын айтарлықтай жақсартады. Клараның жазған мақаласының соңында «бұл мәтін жасанды интеллект көмегімен жасалды» деген жазба қойылады екен. Тағы бір мысал, «Arena Group Holdings», Inc. 2023 жылдың ақпанында екі ЖИ стартаптарымен, Джаспер және Нотамен стратегиялық серіктестік туралы жариялады. «Arena Group» пилоттық жобасында басылым редакторлары өздерінің мұрағаттарын іздеу, бұрынғы мақалалардың танымалдылығын талдау және жаңаларын жасау үшін жасанды интеллект технологиясын пайдаланды. Болашақта ЖИ журналистерге ақпаратты тез жинап, өңдеуге көмектесетін қуатты құрал болмақ. Өзгерістерден қорықпай, журналистиканың сапасы мен тиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларға бейімделіп, оны қолдану маңызды.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: