Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жезқазған жолы мүмкіндіктер тетігіне айнала ма?

02.11.2024

870 0

Сұлу Сыр мен Ұлытауды жалғайтын жолдың жыры талай жылдан бері жұртшылықтың шымбайына батып келген еді. «Жол жөнделеді» деген сүйінші хабарды естіген қызылордалықтар малақайын аспанға атып, алақайға басқан еді. Тіпті кейбірі күмәнмен қарағаны да жасырын емес. Бүгінде қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Жалпы 450 шақырымның 216 шақырымы бізге тиесілі екені мәлім. Осы күні көрші облыс шекарасынан бастап Қызылорда бағытына қарай 90 шақырым тақтайдай тегіс асфальт көлік қозғалысы үшін ашылды. Қазір тек жол таңбаларын сызу мен белгілерін орнату жұмыстары жүріп жатыр.

Үш учаскеде асфальт төсеу жұмысы аяқталды

– «Қызылорда-Жезқазған» автожолы бойынша Қызылорда облысы аумағында 192 шақырым жол қайта жаңғыртудан өтуде. Осы жылдың аяғына дейін 140 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысын ашатын боламыз. Жоспар бойынша жобаның аяқталу мерзімі Қызылорда облысында 2025 жылы деп белгіленген. Сонымен қатар жоба­да мердігер компа­ния­лар жолды абат­тандыру, екі жағын тегіс­теу жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Осы ауқымды жол құрылысына 700-дей адам жұ­мылдырылып отыр, – деді ҚР Көлік ми­нистрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов.

Жезқазған жолы мүмкіндіктер тетігіне айнала ма?

Жалпы қайта жаңғыртудан өтіп жатқан күре жол 5 учаскеге бөлінген. Қазір соның үшеуінде негізгі жұмыстар аяқталды. Мерді­герлердің 4-еуі – қытайлық компания, біреуі – жергілікті «Қыран» ЖШС. Отандық кәсіпорын алғашқылардың бірі болып жұмысын аяқта­ғанын ерекше атап өткен жөн. Мұның өзі қазақстандық компаниялардың ауқымды жобаларға қатысып қана қоймай, халықаралық та­лаптарға сай жол салуға қауқарлы екенін көрсетіп отыр.

Астанаға 12 сағатта жетеміз

«Жолдың жайын жүрген білер» деген бар. Бас-аяғы төрт жүз шақырымды толтырып, Жезқазғанның төрінен бір-ақ шығамыз. Бірақ сол қашықтық осыған дейін бейнеті бітпейтін қашықтыққа айналған еді. Сырдағы жұмыс қарқынды, бітуге жақындады. Қырдағы жұмыс та көп күтпей басталып кеткен. Қазір ондағылар айналма жолдың жайын реттеп жатыр. Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті, ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасенов межелі жерге жетемін дегенше журналистердің ортасында оты­рып, жол саласындағы күрмеуі қиын түйткілдерді де тілге тиек етті.

– Барлығы бірден бола бермейді. Елімізде 95 000 шақырым жол бар. Оның 25 мыңы республикалық деңгейде болса, 70 мың шақырымы – жергілікті деңгейде. Ал Қызылорда облысына келсек, мұнда 3571 шақырым жол бар. Республикалық деңгейге жататын 1024 шақырымының жағдайы 94 пайыз жақсы деген бағаға ие болған. Жергілікті жолдардың бұл көрсеткіші қазір 87 пайызға жетті. Сыр өңіріндегі жол жөндеу жұмыстарының қарқынына қарасақ, көп ұзамай 88 пайыз болады деп күтіп отырмыз. Міне, «сабақты ине сәтімен» деп, әрбір жолдың сәт сайын жаңарып келе жатқанын байқаймыз, – деді Нұртілек Хасанов.

Егер осы жол реттеліп, Жезқазған мен Қызылорданың арасын сапалы асфальт жалғағанда Арқаға бет алған ағайын­ның Астанаға қанша сағатта жететіні бізді қызықтырды. Ал комитет өкілі көп мүдірмеді.

– Егер орташа жылдамдықты сағатына 100 шақырым деп алсақ, 12-13 сағатта Астанаға кіріп барамыз. Алдағы уақытта бұл жолға жолдың ұзақтығы мен уақытты есептеп, орташа жылдамдықты шығаратын құрылғы қойылады. Сонда жол бойында аламанның көркін қыздырған жүйріктер де сабасына түседі, – деді сеніммен.

Жалғыз отандық компания

Осы жолдың бойындағы жалғыз отандық компания – «Қыран» мекемесі. Яғни Ұлытау мен аралықта бес компания жол істеп жатса, соның біреуі ғана – жергілікті компания. Әрине, барлығының да құқы бірдей. Тек жергілікті жігіттердің жұмыс істегенін құптайтынымыз анық. Ал «қырандықтар» қарқынды жұміс істеп, ең бірінші болып аяқтап жатыр. Енді жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысанының айналасын абаттандырып жатыр.

– Бұл жолдың бізге тиесілі бөлігі – 127-156 шақырым аралығы. Яғни 29 шақырым жол. Осы кезде жолдың үш қабатты жабындысы төселіп, аяқталды. Жолақтар сызылып, жол белгілері қойылып, жарық бағаналары орнатылды. Жыл аяғына дейін біз жұмысымызды толық аяқтаймыз. «Қыран» мекемесінен 150-ден астам жұмысшы, 90 техника атсалысты. Демалыс алаңы 7 мың шаршы метрге орналасқан. Арнаулы тұрақ орындарымен қамтамасыз етілген. Жобада бар нысан. Жолды сапалы әрі уақытылы аяқтау үшін бар күш-жігерімізді жұмсадық, – дейді жоба жетекшісі Өмірзақ Бисентай.

Аймақта сапалы жұмысымен танылған компания бұл жолы да ең бірінші кезекте жұмыстың сапасына мән беріп отыр. Мекеме басшысы Жайсаң Сыздықов барлық істің басында өзі жүр. Ол журналистерге сапа туралы пікірін айтты.

– Қазір талап өте жоғары. Бұл жол қолданысқа өткеннен кейін де бес жыл бойы кепілдік береміз. Сол уақытта салған жол сыр бермес үшін ең бірінші сапаға көңіл бөлу керек. Тағы бір талабы – мекеменің 500 млн теңге қаражаты бес жыл бойы «Қазавтожолдың» еншісінде тұрады. Егер де атқарған жұмысымыздан ақау шығып жатса, ол бізге қайтпайды. Демек, жолдың сапалы болуы үшін осы талаптың сақталуын өзіміз де қолай көреміз. Ал ең бастысы, Қызылорданың тумасы ретінде әрбір атқарған жұмысымыздың ел игілігі жолында кәдеге асуына, туған жердің бір перзенті ретінде елдің дамуына титтей де болса, үлес қосуға міндеттіміз. Бұл – перзенттік парыздың бірі. Елдің алдында ұятқа қалмау керек. Осында жұмыс істеп жатқан барлық компания бір уақытта келісім алдық. Ал біз өзімізге жұмысты бірінші бастап, бірінші бітіреміз деген серт қойдық. Сол сертте тұрдық, – дейді Жайсаң Сыздықов.

Талап – қатал, жұмыс – қарқынды

Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобада мердігерлерге өте жоғары талап қойылған. Осы үдеден шығу – абыройлы міндет. «Қызылорда-Жезқазған» автожолының сапалы салынуы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандарының ұдайы бақылауында. Мәселен, 2024 жылы жылжымалы зертханамен қайта жаңғыртудан өтіп жатқан жолға 1028 рет тексеру жүргізілген. Жол жабындысы мен құрылыс материалда­рынан 4,2 мың сынама алынып, соның 20 пайызы (857) зертханалық зерделеу барысында талапқа сай шықпады. Алайда анықталған олқылықтарды мердігерлер өз қаржысы есебінен қайта қалпына келтіріп, 167,1 миллион теңгенің жұмысын жүргізген.

– Бұл республикалық маңызы бар автожол Мемлекет басшысының тікелей назарында. Көлік министрі де үнемі бақылауында ұстап отыр. Қандай да бір ақау анықталса, мердігер компания дер кезінде кемшіліктерді жойып, талапқа сай жұмыс істеп жатыр. Ал қазір салынған үш учаскедегі жолдың тегістігіне келетін болсақ, зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, норма­тивтік талаптарға сай келетінін көрсетіп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, жолды салғаннан кейін де мердігерлерге 5 жылға дейін кепілдік мерзімі қаралған. Яғни, жолдың кейбір жерлері сыр беріп жатса, өз қаржысы есебінен қайта қалпына келтіретін болады, – деді «Жол актвитері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Жыл аяғына дейін «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 140 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Талап қатал екені анық. Десе де, керуен жолында түйедей болып, шамадан тыс жүк артқан автокөліктер көліктік бақылау инспекциясының назарынан сытылып кетіп жатады. Пайданы молынан табамын деп, жолдың сапасына зиян келтіріп жүрген оларды қайтпекпіз?! Екі есе салмақтағы жүк артқандардың зияны мердігерге тиіп жүрмей ме?

– Бұл – орынды мәселе. Біз жол бойында автомат­тандырылған өлшегіш құралдар қоямыз. Олар көліктің салмағын өлшеп, егер артық болса автоматты түрде айыппұл сала береді. Бәрімізге камера арқылы бір-ақ күнде қауіпсіздік белдігін тақтырғаны естеріңізде ғой. Дәл солай тәртіпке шақырамыз. Ал одан айналып өткендерді көліктік бақылау инспекциясы күтіп тұр, – деді Болатбек Қабыланбекұлы.

Жол бойында қыздар да жұмыс істейді

Қытайлық компаниялардың бірінде қызылордалық Маржан Камарова аудармашы болып жұмыс істейді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ерлермен бірге иық теңестіріп, еңбек етіп жүр. Ол жұмыстың сапасы жолында қызметкерлер тынымсыз тер төгіп жүргенін жеткізді.

– Мен 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Жоба басталғалы осындамын. Жұмыс кезінде вахталық қалашық болмағандықтан, өз күшімізбен жағдай жасадық. Бұл – біздің компанияның Қазақстандағы ең алғашқы жобасы. Ұйымдастырушылық бағытта аздаған қиындық болды. Бірақ қазір оның бәрін еңсеріп, жұмыла жүк көтеріп жатырмыз. Биылға жолдың 25 шақырымын үш қабатты асфальт жабындысын төсеп, пайдалануға беру жоспарда бар, – дейді қытайлық компанияның өкілі.

Жолаушы тасымалына оң ықпалы көп

Серік Райымбеков Қызылорда-Жезқазған жолында бес-алты жылдан бері жолаушы тасымалымен айналысады. Қазіргі жолдың жағдайына оң бағасын берген ол жаңа жолдың берері көп екенін айтады.

– Біріншіден, уақыт үнем болады. Қазір ой-шұқырдың салдарынан бірде тоқтап, бірде жүріп, жылдамдықты азайтып отырсақ, жаңа жолда тізгін тартпайсың. Екіншіден, көліктің қосалқы бөлшектері де ұзаққа жетеді. Қазір осы аралықтағы автокөліктерді көрсеңіз, жылы жаңа болғанымен, түрі қартайып кеткен. Үшіншіден, қауіп-қатер аз болады. Қазір шыбын жанымызды шүберекке түйіп жүргеніміз жасырын емес. Осы мәселенің шешілуіне ықпал еткен әрбір азаматқа айтар алғысым мол, – дейді ол.

Жол – экономиканың негізгі тіректерінің бірі. Бүгінде комитет тарапынан оң баға алған аймақтың жолдары алдағы уақытта да осы үдеден шыға берері анық. Ал қызылордалықтар мен арқадағы ағайын арасына алтын көпір болар Ұлытаумен ортадағы автожол 2027 жылы толық қайта жаңғыртылатын көрінеді. Әрине, ол тікелей көршілердің әрекетінің қарқынына байланысты.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: