Дүйсенбі, 07 қазан, 07:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

АҚШ ауғандармен соғысты тоқтата ма?

17.04.2021

2012 0

Джо Байден 11 қыркүйекке таман АҚШ әскерін Ауғанстан аумағынан шығарамын деп сөз берді. Мұндай бастаманы АҚШ-тың соңғы төрт президенті де қолға алып, әзірге нәтижесіз қалуда. АҚШ тарихындағы ең ұзақ соғыс әлі де болса аяқталар емес. Дегенмен Байден бұл жолы мықтап кіріскен секілді. Президенттің бұл бастамасына орай CNN арнасының тілшісі Захарн Вольф «Ауғанстан: АҚШ неге мұнда, неге кетпекші, кеткен соң не болады?» атты сараптамалық мақала жариялады.

Нью-Йорк, Вашингтон, Колумбия мен Пенсиль­ванияға жасалған террористік шабуылдан кейін АҚШ Ауғанстанға қарсы соғыс бастады. Енді араға 20 жыл салып Байден биылғы жылдың 11 қыркүйегінде әске­рилерді толықтай елге қайтармақшы. Бұл екі он­жыл­дықта 2300 Америка әскері қаза тауып, он мыңға жуығы жарақат алды, сансыз ауғандар көз жұмды және 2 трил­лион доллар қаражат жұмсалған.

Тілші ең алдымен америкалық әскерилердің Ау­ғанстанға қарсы соғыс ашуының себебін іздейді. Бұл соғысқа себепкер болған «Аль-Каида» атты халықаралық террористік ұйым болғанмен, Ауғанстандағы исламдық саяси және қарулы «Талибан» күшінің кінәсі жоқ еді. Алайда террористік актты ұйымдастырушылар мен Усама бен Ладен талибтардың қол астында болды, оның үстіне Талибандар Ладенді қолға түсіруге көмектесуден бас тартқан еді.

Тілші өз мақаласында Ауғанстанда болған америка­лық әскерилердің де санын есептеуге тырысады. Бірақ ресми ақпарат әркелкі болып таратылғандықтан әскер санын шығару оңайға түспейді. Мысалы, Обама өз өкілет­тілігі кезінде көп әскерді Иракқа бағыттауды қолға алған. Обама мемлекетті басқарған кезде Ауғанстанға шамамен 100 мың әскер аттанған. Сонымен қатар ол 2014 жылы соғысты тоқтатуға тырысқанмен көп әскери сол елде қалған. Ал Трамп талибтармен келіссөз жүр­гізбестен тағы да жаңа әскерилерді жіберіп үлгерген.

Мақала авторы 2009 жылы Обама жіберген әскерилер кезінде ең көп өлім тіркелгенін жазады. 2010 жылы да АҚШ пен НАТО әскерилері біраз жауынгерінен айы­рылған. Ал 2014 жылы үлкен жауынгерлік операция­лар аяқталған тұста АҚШ жоғалтқан әскери қатары азайды.

Тілші талибтер басқарып отырған Ауғанстанның бүгінгі күні туралы да жазады. Бұл бөлімде ол көбіне өзінің әріптесі, арнаның халықаралық аға тілшісі Ник Патон Уолштың Ауғанстанға барған сапарында көрген-білгеніне сүйенеді. Мәселен, Патон Уолш пен оның тобы ауған әйелдері далаға шыға алмайтынын байқаған.

«Кабул мен басқа да орталық қалалар мемлекет қарамағында болғанымен, шет аймақтар қатігез тали­бандардың басқаруында. Талибандар бес жылдан астам уақыт Муса-Калада өз ережелерін орнатып келеді» деп жазады Патон Уолш. Тіпті тілшіге тұрғындардың бірі «Билік талибандардың қолында. Шынтуайтында, олардың еркіне қарсы тұру мүмкін емес» деген.

Мақала авторы АҚШ-тың талибандармен соғысуы­ның басты себебін де анықтауға тырысып бағады. Американың басты мақсаты – әйелдерді босату, реп­рессияның көзін жою емес. «Басты мақсат – «Аль-Каида» секілді террористік топтардың тағы да таралып, олардың құрбаны болудың алдын алу» деп пайымдайды тілші. Дегенмен әр президент басқарған уақытта бұл миссия әркелкі болып өзгеріп отырған екен.

Тілшінің пайымдауынша Америка 11 қыркүйекке дейін әскерін шығарғанмен, аз да болса сарбаздар қатары қалады. Олардың нақты саны белгісіз, бірақ олар америкалық дипломаттарды қорғаумен айналыспақ. Алай­да әскерилер Ауғанстаннан жағдай ушыққан тұста да шығарылатынына тілші толықтай сенімді. Себебі бұл «шартты» емес, «соңғы» шешім болып қабылданған шешім еді.

Президенттің бұл шешімі қолдаусыз қалған жоқ, әсіресе демократтар тарапынан. Сенат лидері Чак Шумер CNN арнасындағы «Жаңа күн» атты бағдарламада тілші Джон Берманға сұхбат береді. «Менің ойымша, Байден мұқият ойластырылған шешім қабылдады. Президент тоқтаусыз соғысты қаламайды. Мен де қаламаймын. Халық та қаламайды», – деді сенатор өз сөзінде.

«Жыл сайын әскери жетекшілер Конгресс пен Америка халқына «ауғандарды жеңіп жүрміз деп ойлағанымызбен, жай ғана өз әскерімізді жоғалтып» жатырмыз деп айтудан жалықпай келеді», – дейді Массачусетс сенаторы Элизабет Уоррен.

Қазіргі кезде АҚШ-тың талибандармен келіссөз жүргізуге 11 қыркүйекке дейін уақыты бар. Бірақ Америка әскері Ауғанстаннан кеткен соң не болатыны көпшілікті алаңдатуда. Әскери басшылар Америка талибандар мен ауғанстандық биліктің ортасында тұрған қорған деп санайды. «Талибандар соғыс алаңын бірден басып алады, билік олармен еріксіз түрде соғысады. Бірақ бұл тұста талибандардың бәсі жоғары екені сөзсіз» деп әлемге төнетін қауіпті бағалауда.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: